12.06.2025, 17:45
Оқылды: 129

Жалпақталдан Римге

Сұлтан Әндіжанұлы Қапиетов – қазіргі таңда Италияның Рим қаласындағы ең мықты оқу орны «La Sapienza di Roma» университетінің 3-курс студенті әрі «ACCEPT EDUCATION» компаниясының басшысы.

WhatsApp Image 2025-06-04 at 11.23.38

Сұлтан бастапқыда Жалпақтал ауылындағы К. Мендалиев атындағы мектепте білім алған. Оның танымының кеңеюіне алғаш өз үлестерін қосып, білім берген Ләззат Мақсотқызы мен Гүлсара Серікқызы. Әндіжанның Сұлтаны 7-сыныпқа келген кезінде Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне қабылдау емтиханын тапсырып, талай оқушының арасынан суырылып, оқуға қабылданады. НЗМ-де оқыған кезде химия пәнінен олимпиадаларға қатысып, белсенділер қатарында болып, мектепті қызыл аттестатқа бітіреді.

– 129 баллдық ҰБТ сертификатын алған соң да Қазақстандағы ешбір университетке оқу жөнінде өтініш бермедім. Өйткені шетелге оқуға түсетініме сенімді болдым, – дейді Сұлтан.

Ол 12-сыныптың соңына  таман бес мемлекеттің, АҚШ,  Болгария, Түркия, Катар және Италияның ЖОО-ларынан шақырту алады. Біраз ойланғаннан кейін оның таңдауы толық грант пен жылына 4,5 миллион теңге стипендия беретін италиялық университетке түскен. Қазақ студентке Италия қатты ұнайды. Оның пікірінше, аталған елдің мәдениеті, күнделікті өмір сүру дағдысы мен табиғаты өзіндік қайталанбас даралыққа ие.

– Римге күніне 20 млн турист келеді. Солардың арасында тарихи Колизейдің қасында кофе ішкенге ештеңе жетпейді, кейде өмірің кино секілді көрінеді, – дейді өзі.

Кейіпкеріміз оқитын қалада архитектураға аса көңіл бөлінген, табиғаты ерекше, бос жатқан жер таппайсың.

Сұлтанның болашақ мамандығы – құрылыс инженері. Италия архитектураның отаны саналғандықтан, б. з. б.  салынған Колизей, Фонтана  секілді ғимараттар мен жолдардың өзі ғасырлар бойғы  тарихты бойына жинап, оның әрбір бетінен хабар береді. Әлемге әйгілі ғалым Галилео  Галилей мен композитор Леонардо да Винчи осы елде дүниеге келген. «Феррари», «Ламборджини» сияқты аутокөлік түрлері де осы шаһардан шыққаны мәлім.

Болашақ инженер былай дейді: «Біздің университет – әлемдегі ең алғаш ашылған оқу орындарының бірі. Жалпы, дүние жүзіндегі ең алғашқы білім ордасы – Италияда ашылған Болонья университеті. Біздің заманымызда осы университеттің жүйесіне негізделген халықаралық білім беру стандарттары қалыптасып, көптеген білім ордалары Болон жүйесінің негізінде мамандар даярлайды. Болонья университеті 1088 жылы құрылса, мен оқитын университет 1303 жылы ашылған.

Демек Қазақ хандығы құрылмай тұрып, Италияда осындай ірі ілім-білім орталықтарының ашылуы – өркениеттің жоғары деңгейінің айқын айғағы». С. Қапиетовтің Италияда оқып жүргеніне биыл үшінші жыл. Осы үш жылда ол біраз жетістікке жеткен. Тіпті италиян тілін B2 деңгейіне дейін үйреніп үлгерген. Римде оқу халықаралық компанияларда тәжірибеден өтіп, әрі қарай жұмысқа тұруға мүмкіндік береді.

Шетелдік оқу бағдарламасының ерекшелігі – университетте куратор немесе эдвайзер болмайды. Студенттер бар жауапкершілікті өз мойнына алып, тек өзі үшін оқиды. Олардың санасында «Білім – өзің үшін» деген ұстаным берік қалыптасқан. Емтихан тапсыру үшін студент өзі күнін таңдап, өтініш береді. Егер алғашқы тапсырғанда өте алмаса, қайта тапсыру мүмкіндігі бар. Жылына бір пән бойынша емтихан тапсыруға бес мүмкіндік беріледі.

Италияның Рим қаласынан архитектураның барлық үлгілерін көруге болады: модерн, романизм, готика... Нақ осы алуан түрлілік пен мол мүмкіндік Әндіжанның Сұлтанының оқуға деген ынта-ықыласын арттыра түсіретін көрінеді.

Еуропаның бұл қаласында өркениет баяғыдан кең қанат жайған. Коррупциямен күрес өте жоғары деңгейде жүргізіледі. Жоғары деңгейде дамыған инфрақұрылым, ғаламтор қарқыны, қоғамдық көліктердің ыңғайлылығы мен көшелердің тазалығы қалыпты күнделікті жағдайға айналған. Италия халқының өз тарихына деген құрметі өте жоғары. Бұған шетелден келетін туристер санының көптігі де өз әсерін тигізуде. Бұл жақта адамдар қазіргі сәтпен өмір сүріп үйренген. Олар жұмыстан кейінгі уақытты өздеріне арнайды. Италияндықтар арасында «dolce far niente» деген әйгілі сөз бар. Қазақшалап аударсақ, «ештеңе істемей рақаттану, еркін демалу» деген ойды меңзейді.

WhatsApp Image 2025-06-04 at 11.23.38 (1)

Сұлтанның айтуынша, мектепті аяқтаған соң достарымен бірлесе, «ACCEPT EDUCATION» оқу орталығын ашқан. Олар – Орал қаласынан Қазақстан бойынша IELTS тестін өткізетін IDP компаниясының ресми серіктесі. «Мақсат – қарапайым оқушылардың да шетелге оқуға түсе алатынын дәлелдеу.  – Өзім сол жолдан өткеннен кейін мүмкіндік жоқ деген адамдарға мүмкіндік сыйлағымыз келді», – дейді ол. Оқу орталығы одан бөлек 125 HIGH SCHOOL және Орал қаласындағы №11 мектеппен, OQU EDUCATION оқыту орталықтарымен де серіктес. Қазіргі таңда Түркия және Италия мемлекеттеріне оқуға түсірумен айналысуда. Күні бүгінге дейін олардың 50-ден аса студенті шетелде грант білім алуда. Оқу орталығы тек бакалавр бағытына ғана емес, магистратураға да оқуға түсуге көмектеседі. Құжаттарды реттеу, виза мәселесі, келіссөз жүргізу мәселелерін де толықтай өз жауапкершіліктеріне алады.

– Сәуір айында 125 HIGH SCHOOL мектебінің 25 оқушысын Ыстамбұл қаласындағы серіктес оқу орындарына білім беру лагерьлеріне апарып келдік. Оқушылар өздерін сол оқу орындарының студенті ретінде сезінді. Қалай оқуға түсуге болатыны жайлы толық ақпарат, естелік сыйлықтар алды. Оқу орындарынан бөлек Ыстамбұл қаласының өзінде саяхаттады. Профорентациялық бағытта  біздің студенттерімізден дәріс алып, олардың кеңестерін тыңдады. Білім беру лагерін алғашқы екі жыл Орал қаласында ұйымдастырған болатынбыз. Ал осы үшінші жылы Ыстамбұл қаласында ұйымдастыру бұйырды. Ендігі лагерьді Еуропаның оқу орындарымен бірлесе отырып, іске қосу ойда бар, – дейді ACCEPT EDUCATION компаниясының басшысы Сұлтан Әндіжанұлы.

Өзі шетелде тәлім алып қана қоймай, өзге де қазақ жастарының шетелде білім алуына мүмкіндік сыйлап, көмектесіп жүрген Сұлтанға сәттілік тілей отырып, білімді қазақ жастары көп болсын дейміз!

Ақбота Қапиет,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале