Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының гастрольдік сапары Сырым еліне табан тіреді.

Облыстық театр Сырым ауданының Қособа, Шағырлой ауылдарында болып, шынайы өмірден алынған Дариға Мұштанованың «Аңыз болған абысындар» лиро драмалық қойылымын қойды. Драма режиссёры Нұрлыгүл Жұбатова бұл қойылым әр ауданның ауылдық сахналарында жалғасатынын жеткізді.

Театр кішкентай бүлдіршіндерді де ұмытпапты. Нұрбүбү Мұсаеваның “Сенімді дос” ертегісін сахналап, балаларға ерекше әсер сыйлады. Қоюшы режиссері - Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрының актері әрі режиссері Самал Абуов.

Облыстық театр құрамы бүгін аудан орталығына ат басын бұрып, Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінде болды. Тасын түртсең, тарихы сөйлеген Сырым даласының өткенімен танысып, бұлдыртылық ағайынды қуантуға аттанды.
Қ.Жеңісұлы
Сырым ауданы