14.06.2025, 16:00
Оқылды: 117

«Жаңартылған жүйені жіті түсіндіру керек» – Марат Тоқжанов

Биылғы 21 сәуірден бастап енгізілген жаңартуларға сәйкес ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «АШЖБ АЖ» (ИС ИСЖ) ақпарат жүйесінде үй жануардарының шығу тегіне және өзге де жайттарға байланысты нақты есеп жүргізіле бастады. Сондай-ақ малдарды заңды түрде есептен шығарылуына бақылау күшейтіліп, жоқ мал туралы деректердің жинақталуына жол берілмейтін болады.

IMG-20250614-WA0008
Бұл туралы Бәйтерек ауданы әкімі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы бойынша ведомствоаралық комиссия отырысында кеңінен сөз болды. Аудандық ветеринарлық станция директоры Әсет Әубекеровтің сөзіне қарағанда, аталмыш ақпарат жүйеде енді малдың жаңа туған төлін ғана тіркеуге болады. Ал одан бұрынғы жылғыларды тек сот шешімен тіркеуіне мүмкіндік бар. Енді ветеринарлар малды сатушы мен сатып алушының электронды келісімінің негізінде ғана анықтама бере алады. Соның арқасында мәмілелерді рәсімдеу дәлдігі артып, «анықталмаған мал» басының жинақталуына жол берілмейді. Бүгінгі таңда «Төрт түлік» мобильді қосымшасы әлеуметтік желі платформаларына енгізілді. Оны ауыл шаруашылығы жануарларының иелері смартфондарына көшіріп алулары керек. Енді көп жұмыс осы қосымша арқылы жасалмақшы. Әсіресе малды сату-сатып алуды рәсімдеу бағытында. Сонымен қатар ол ветеринарлық нормалардың да сақталуына мүмкіндік береді. Мәселен, малының қанын алдырмай, түрлі қауіпті ауруларға қарсы төрт түлікке екпе салдырмай жүргендер енді анықтама ала алмайды.

IMG-20250614-WA0006
​- Мұндай өзгерістерді қарапайым ауыл тұрғындары біле ме? Ақпараттық жүйенің жаңартылуын естімегендер, әлеуметтік тұрмысы төмен жандар, смартфонды пайдалана алмайтын аға буын өкілдері мал тапсыруда қиындыққа тап болады ғой. Бұл қазір білінбейді, себебі мал тапсырушылар өте аз. Ертең, тамыз айларында балаларын мектепке дайындаған кезде көпшілік мал тапсыратыны белгілі. Сол кезде үлкен мәселе туындамауы үшін қазірден бастап құзырлы құрылымдар ауылдарға шығып, бұл бағытта түсіндіру жұмыстарын жүргізулері керек, - деді аудан әкімі, аталмыш комиссия төрағасы Марат Тоқжанов.
​Ал аудан прокуроры, комиссия мүшесі Алмас Меңлібаев «АШЖБ АЖ» (ИС ИСЖ) ақпарат жүйесіндегі бұл өзгеріс жөнінде жергілікті БАҚ-қа, әкімдіктің сайтына, әлеуметтік желілерге хабарлама беріп, түсіндіру жұмыстарын жан-жақты әрі жүйелі түрде жүргізу қажеттілігін айтты.
​- Бұл жаңартулардан біз хабардармыз. Өз тарапымыздан тұрғындарға айтудамыз. Таяуда әкімдікке бір тұрғын келіп, осы жүйе бойынша құжаттарын рәсімдеу үшін таңнан түске дейін жүрді. Біріншіден, ол кісінің өзі жүйені жөнді түсіне алмады, сосын жүйенің өзі әлі толық жаңғыртылып болмағаннан ба құжаттарды енгізу, тіркеу бағытындағы жұмыстар ұзақ жүреді. Ал смартфоны жоқтар ештеңе істей алмайды. Себебі әр адам өзі тіркелген телефоны арқылы құжаттарды рәсімей алады. Бұл жерде біздің айтып түсіндіргенімізден көрі, мамандардың келіп практикалық тұрғыдан көрсеткені тиімдірек болары анық, - деді жиынға онлайн тұрғыдан қатысқан Көшім ауылдық округінің әкімі Ауған Алмурзин.

IMG-20250614-WA0005
​Жалпы комиссия отырысында бес мәселе қаралды. Олар негізінен мал ұрлылығына, нашақорлық пен есірткі бизнесі, меншікке, отбасындағы зорық-зомбылыққа қарсы күрес пен ауылдардағы иесіз тұрған ғимараттарды зерделеу турасында болды. Күн тәртібіндегі төрт мәселеде негізгі баяндаманы аудандық полиция бөлімі басшысының бірінші орынбасары Қайрат Маратов жасады.

Серік Маратұлы
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале