19.06.2025, 10:00
Оқылды: 114

Қолда - диплом, алдында - өмір жолы!

«Жастар тәжірибесі» жастарға қандай мүмкіндіктер ұсынуда?! 

Жас маманның жүрегінде үміт, қолында диплом, ал алдында — өмір жолы. Осы сәтте оған сенім ұсынатын, алғашқы қадамын нық басуға жол ашатын бір мүмкіндік бар. Ол — мемлекет ұсынған «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы. 

Бұл бағдарлама — жастардың тек мамандығын игеріп қана қоймай, қоғам өміріне етене араласуына, білікті кадрға айналуына себепші болған сенімді баспалдақ.

«Жастар – ел болашағы» деген ұранның аясында жүзеге асып жатқан Мемлекеттік «жастар тәжірибесі» – жас мамандардың алғашқы еңбек жолына жол ашатын маңызды әлеуметтік бағдарлама.

Жас маманның өмірдегі миссиясы жоғары оқу орынының дипломын алу ғана ма?! Арман қатырма қағазбен шектеліп қалмауы керек. Ал, алғашқы тәжірибені қайдан алады? Мемлекеттік «жастар тәжірибесі» бағдарламасының шарттарымен міндеттері қандай? Дипломын қолға алып, ауылға келген түлектер қандай қадамдарға баруы қажет? Олардың еңбекақысы қанша? Біздің ауданымызда қанша маман осы бағдарламаның игілігін көріп жүр?. Осы сұрақтар аясында Сырым ауданындағы мансап орталығының мамандарымен сұхбаттасқан болатынбыз.

— 2024 жылы Сырым ауданында «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы еңбекке орналасуға 95 орын бөлінген болатын. Соның ішінде 77 жас маман бағдарлама аясында жұмыс істеді. Бағдарлама аяқталғаннан кейін олардың 14-і сол мекемелерде тұрақты жұмысқа қабылданды, - деп былтырғы жылға шолу жасады Сырым аудандық мансап орталығының құрылымдық бөлімше басшысы Мирас Жукей.

 100 орын, 6 маман

Мирас Серікбайұлынан биылғы қарқын туралы сұрадық:

  • Биыл 100 орын жоспарланғанымен, қазіргі таңда тек 6 жас маман жұмыс жасап жатыр. Мамандар дипломын енді ғана қолына алды. Қалған жартыжылдықта орындар игеріледі, алдағы айдан бастап жастар қатарға толығады деп сенеміз, - дейді ол.

«Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша еңбек етушілерге қойылатын шарттар қандай?!

— Жас маманның жасы 35-тен аспауы керек және диплом алғанына 5 жылдан көп уақыт өтпеуі тиіс. Сонымен қатар, жұмыс өтілі болмауы керек. Жастар жұмыспен қамту орталығына тіркелуі қажет.

— «Жастар тәжірибесімен» жұмыс жасау мерзімі – 12 ай. Бұл кезеңде жас маманға мемлекеттен ай сайын 30 АЕК мөлшерінде, яғни 110 760 теңге көлемінде еңбекақы төленеді.

— Бұл бағдарлама жастарға нақты мамандық бойынша тәжірибе жинап, тұрақты жұмыс табуға үлкен мүмкіндік. Көптеген жұмыс берушілер жастардың еңбегін көріп, оларды әрі қарай штатқа қабылдап жатыр. Сондықтан бұл бағдарлама өзектілігін жоймайды, керісінше жастар үшін нақты мүмкіндік береді.” -дейді Мирас мырза.

«Жастар тәжірибесі» - сенің мүмкіндігің!

«Жастар тәжірибесі» бағдарламасы жұмыссыздық, халықтың ауылда тұрақтандыру секілді мәселелердің алдын алатын тиімді бағдарлама. Мемлекет ұсынған осындай тамашаның игілігін көріп жатырған ауданымыздағы жастардан да пікір алмасқан болатынбыз.

PHOTO-2025-06-18-16-53-58

Әділет Бердіғалиев Өлеңті ауылының тумасы. Мектебін аяқтаған соң М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінен КЕАҚ.2024. Құқықтану мамандығын алып шықты. Бүгіңгі таңда Сырым аудандық аппаратында аталған бағдарлама бойынша еңбек етіп келеді.

— «Жастар тәжірибесі» - жас мамандар үшін үлкен мүмкіндік. Мен заңгер мамандығын тәмамдап, аудан әкімдігіне осы бағдарлама арқылы жұмысқа орналастым. Алғашқы кезде қорқыныш болғанымен, тәжірибе барысында нақты жұмыстармен айналысып, өз білімімді практикада қолдана бастадым. Бұл – өзімді маман ретінде қалыптастыруға, болашаққа сенімді қадам жасауға көмектесті. Ұжымым көптеген қолдаулар көрсетіп келеді. Жастар тәжірибесін жастарға бағытталған нақты қолдау деп бағалаймын.»

PHOTO-2025-06-18-16-53-31

Мөлдір Қабаева Теректі ауданы, Подстёпный ауылында дүниеге келіп, сол ауылдан мектеп бітірді. Бүгінде Теректі колледжінен «Есептеу техникасы мен бағдарламалық қамтамасыздық ету» мамандығын қолға алып,  ауданымыздағы Шағырлой ауылы әкімдік аппаратында қызмет етуде:

- Қазіргі таңда  «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында ауыл әкімдігінде еңбек етіп жүрмін. Бұл бағдарлама жас мамандарға өз білімін тәжірибе жүзінде қолдануға, мемлекеттік қызмет саласының ішкі жұмыстарымен танысуға үлкен мүмкіндік береді. Мемлекеттік басқару жүйесіндегі алғашқы қадамдарымды ауыл әкімшілігінде бастағаныма қуаныштымын. Мұнда халықпен тікелей жұмыс істеудің жауапкершілігін, құжаттармен нақты әрі мұқият жұмыс жасаудың маңыздылығын түсіндім. Әкімдік қызметкерлерінен тәжірибе алып, өз білімімді кеңейтудемін. Бұл тәжірибе мен үшін тек кәсіби машықтарымды дамыту ғана емес, ауылымның дамуына аз да болса үлес қосу мүмкіндігі болып отыр. Алдағы уақытта да алған білімім мен тәжірибемді елімнің өркендеуі жолында жұмсауға ниеттімін, - дейді, жас маман.

Әрине, осы бағдарлама аясында электромонтер болып жүрген жігіттер де, аспаз болып еңбек етіп жатқан замандастар да бар. Оларды тағы бірде таныстырамыз.

«Жастар тәжірибесі» оқу орнын аяқтап, дипломын қолға алған жастарды өз мамандығы бойынша жұмыс жасауға шақырады. Бұл мемлекет тарапынан ұсынылған үлкен мүмкіндік. Мүмкіндіктен қапы қалма жас маман.

Қоңдыкер Елеуов, 

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале