19.06.2025, 19:00
Оқылды: 324

Бөрлілік түлектерге «Алтын белгі» табысталды

Бүгін Бөрлі ауданы әкімдігінде «Алтын белгі» иегерлерін марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шараны аудандық білім беру бөлімінің басшысы Айымгүл Тржанова ашып, ауданымыз бойынша 2024-2025 оқу жылын 489 түлек аяқтағанын, олардың 15-і «Алтын белгі», ал 20 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанғанын атап өтті.

Алтын белгі (6)

Аудандық білім беру бөлімі ұйымдастырған марапаттау рәсіміне аудан әкімінің міндетін атқарушы Алтай Тоғжанов қатысып, ауданымыздың үздік оқушыларын құттықтады.

- Биыл ауданымыз бойынша 478 түлек ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдірді. Бүгін 11 жылғы білімге деген ізденіс пен талпыныс, табанды еңбек нәтижесінде ата-аналарыңыздың және ұстаздарыңыздың сіздерге деген сенімін ақтап отырсыздар. Сіздер мектеп қабырғасында табандылық пен төзімділік танытып, білім алуға деген құштарлықтарыңызды биік деңгейде көрсете білдіңіздер. Алдағы уақытта да білім алу жолында жалықпай, талмай ізденіп, ел тізгінін ұстайтын азамат болуды мақсат етіңіздер. Сіздердей озат түлектердің саны жылдан-жылға артып, білімді жастардың көбейгені біздің көңілімізге қуаныш ұялатады. Білімді, білікті азаматтары көп ел ғана мықты мемлекет бола алады. Болашақта Қазақстанның озық отыз елдің қатарына кіруіне бүгінгі білімді ұрпақ – сіздер үлкен үлес қосады деген сенімдеміз. Жас түлектер, қалаған жоғарғы оқу орындарыңызға түсіп, ауданымыздың, еліміздің мақтанышы болыңыздар, - деп аудан әкімінің міндетін атқарушы Алтай Серғазыұлы үздіктерге «Алтын белгі» төсбелгісін табыстады.
«Алтын белгі» иегерлері қатарында Ақсай қаласының №3 ЖОББМ түлегі Ақнұр Нажимова, №5 ЖОББМ түлектері Айшабибі Айташева, Анастасия Золотарь, Мария және София Кондратеня, №6 мектеп-лицей түлегі Әсел Наурызбаева, №7 ЖОББМ түлегі Хадиша Серікова, Гүлім Куликеш, Назғаным Ақбалиева, Назира Жолдығалиева, Аида Базарбаева, Ақбұлақ МББК түлегі Гүлім Спорт, Кеңтүбек ЖОББМ түлектері Гүлайхан Ганиева, Гүлназ Қуанышқали және Айкөркем Қанапиялар болды. Сондай-ақ балаларына саналы тәрбие беріп, білімге құштар етіп өсіріп, әрқашан қолдау танытқандары үшін «Алтын белгі» иегерлерінің ата-аналарына аудан әкімі Еркебұлан Ихсановтың алғысхаты мен гүл шоқтары табысталды.

Салтанатты жиын барысында түлектер атынан Ақсай қаласының №7 ЖОББМ түлегі Хадиша Серікова сөз сөйлеп, білім жолында бағыт көрсеткен ұстаздарына, әрқашан қолдау танытқан ата-анасына алғысын білдірді.

- Бүгін біз үшін үлкен қуаныш. «Алтын белгі» - біздің білімге деген сүйіспеншілігіміздің, табандылығымыздың, еңбегіміздің жемісі. Бұл жетістік тек өзіміздің ғана емес, бізді қоршаған жандардың ортақ жеңісі. Ең алдымен бізге әрдайым қолдау көрсете білген ұстаздарыма алғысым шексіз. Сіздердің берген білімдеріңіз біздің болашағымыздың негізі. Әрқашан маған сенім артып, қолдау білдірген ата-анама шексіз ризашылығымды, алғысымды білдіремін. Алға қойған мақсатым ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғарғы ұпай жинап, мемлекеттік грант иегері атану. Және де өз еліме адал қызмет ету. Бүгінгі күн барлығымыз үшін жарқын болашақтың бастауы деп есептеймін. Бізді әлі алда талай асулар күтіп тұр. Тәуелсіз Қазақстанның болашағы біздің қолымызда. Сол жолда үлкен шыңдарды бағындыратынымызға сенімдімін, - дейді «Алтын белгі» иегері Хадиша.

Алтын белгі (1)
Сонымен қатар шара барысында ата-аналар атынан №5 ЖОББМ түлектері Мария және София Конратенялардың анасы Оксана Ивановна мен Ақбұлақ МББК түлегі Спорт Гүлімнің анасы Ақтоты Серікқызы сөз сөйлеп, аудан әкімшілігіне, аудандық білім беру бөліміне және балаларына 11 жыл бойы білім берген ұстаздарға алғыстарын білдірді.

Айдана Абдрахманова

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале