22.06.2025, 9:30
Оқылды: 193

Январцев, Чиров, Зеленов ауылдық округтерінде әкім сайлауы өтуде

Бүгін Бәйтерек ауданының Январцев, Чировжәне Зеленов ауылдық округтерінде әкім сайлауы өтуде. Бұл – ел болашағына бейжай қарамайтын әрбір азамат өз таңдауын жасайтын шешуші сәт.

image-22-06-25-09-38

Мәселен, Январцев ауылында саяси науқанның лебі ерекше сезіледі. Ауылдық клуб бүгін жай ғана өнер ошағы емес, халықтың даусы ауыл келешегін айқындайтын маңызды орынға айналған. Дәл осы жерде орналасқан №184 сайлау учаскесіне таңмен таласа ауыл тұрғындары келе бастады. Бұл учаскеде 831 сайлаушы тіркелген, соның 23-і – өз өтініштерімен үйден дауыс беруге ниет білдірген. Үйден дауыс беру сағат 12.00-ден кейін басталады. Сәйкесінше олардың қатары артуы мүмкін. Олардың бірі – 1927 жылы туған ақсақал. Ел тарихын көзімен көрген қарияның дауысы – елдің жарқын болашағына берілген ақ батамен пара-пар.

Ал сайлау учаскесінің есігі ашылсымен ең алғашқы болып келген – Назгүл Қуанышалиева.

– Бұл – ауылымыздың ертеңіне әсер ететін маңызды сәт. Әкім – тек басқарушы емес, ел мүддесін алдыңғы орынға қоятын, халықпен етене жұмыс істейтін тұлға болуы керек. Ұсынылған кандидаттардың сайлауалды бағдарламаларымен танысып шықтым. Барлығының да ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған нақты жоспарлары бар. Ауылдың инфрақұрылымын жақсарту, мектеп пен балабақша мәселесі, жастарға жағдай жасау, жол, жарық, ауызсу сияқты күнделікті өмірге тікелей әсер ететін маңызды мәселелер қамтылған. Мен осының бәрін саралай келе, өз таңдауымды жасадым. Әр тұрғынның дауысы – үлкен өзгеріске бастар қадам екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан барша ауылдастарымды сайлауға белсенді қатысуға шақырамын. Бұл – азаматтық борыш қана емес, туған ауылымызға деген жанашырлықтың көрінісі, – деді Назгүл Мажитқызы. Алғаш дауыс берген азаматқа естелік сый табысталды.

image-22-06-25-09-37

Зеленов, Чиров ауылдық округтерінде де сайлау қалыпты және ұйымшыл түрде өтуде. Әр сайлау учаскесінде – тәртіп, бақылау, әділдік бар. Ең бастысы – халық сенімі сезіледі.

Бұл күн – туған ауылына деген жанашырлықтың, жауапкершіліктің көрінісі. Әр дауыс – болашақтың іргетасы. Кешкі сағат 20:00-ге дейін әр тұрғынның еркін таңдау жасауға құқығы бар. Ал ауыл сол таңдаудан тағдырын айқындайды.

Салтанат Зұлқарнаева
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале