Ауыл баласы білім сынынан олжалы оралды. Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған «IQANAT» республикалық бағдарламасы – қазақстандық меценаттардың білім беру салсындағы сәтті жобасы.

Олимпиаданың басты мақсаты – шалғай ауыл мектептерінде оқитын оқушылардың Қазақстан мен шетелдің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарына түсуіне тең мүмкіндік жасау және олардың білімге деген ынтасын, қызығушылығын арттыру. Осы орайда жуырда Алматы қаласында өткен аталмыш білім додасының финалдық бәсекесіне еліміздің түкпір-түкпірінен қатысқан үздік оқушылардың қатарында облыс атынан қатысқан 40 оқушының қоржындары құр қайтпай, төбемізді көкке жеткізді. 2-орынға ие болған Батыс Қазақстандық үздіктердің ішінде жерлесіміз, Жаңақала мектеп-гимназиясының оқушысы Ералы Амантай білімдарлығымен ерекше көзге түсіп, 5 негізгі пән бойынша жоғары ұпай жинап, жартылай грант иегері атанды. Бұл – табанды еңбек пен үзіксіз ізденістің, биік мақсат пен сенімді қолдаудың жемісі.
-«IQANAT» - білімділер мен біліктілердің тартысты сайысы. Оған мыңнан тұлпар, жүзден жүйріктер ғана қатысады. Мен тест тапсырып шыққан соң өзімнің грант иелерінің бірі болатыныма сендім. Десек те мың дарабоздың ішінен жеңімпаз болу оңай емес. Жүргізушілер толық грант иелерін хабарлағанда менің есімім аталмады. Үмітім үзіле бастағанда, 125 жартылай грант иелерінінің қатарынан есімімді естіп, қуанышым қойныма сыймай, еріксіз көзіме жас келді. Бұл керемет сәтті туысқандарым ютуб каналынан тікелей эфирде тамашлады. Ең алғаш анаммен бөлістім. Ауданымыздан төрт оқушы республикалық кезеңге өтті, алайда грант маған ғана бұйырды. Қамқоршылардың ішінен бір ағам сәттілік тілеп, бас киімі мен бейджигін сыйға тартты. Еркебұлан ұстаз да болашағыма сәттілік тіледі. Маған сенім артқан ата-анама, бауырларыма, достарыма, мектебіме және ұстазым Анар Оралқызына шексіз ризашылығымды білдіремін, - дейді жас дарабоз.

Ералы мұнымен шектеліп қалмай, алдағы уақытта білім көкжиегінде биік белестерді бағындырып, еліміздің жарқын болашағына өз үлесін қосатынына сеніміміз мол.
Айзада Ақбасова,
Жаңақала ауданы