Бөкей ордасы ауданы әкімінің уақытша міндетін атқарушы Кенесары Нұршиновтың төрағалығымен аппараттық кеңес отырысы өтті. Кеңеске ауылдық округтер әкімдері мен тиісті сала басшылары қатысты.

Кеңес күн тәртібінде төрт бірдей мәселе қаралды. Алдымен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Исатай Құрмашев мерзімдік басылымға жазылым нәтижесімен таныстырды. Жай ғана таныстырып қана қоймай, бекітілген жоспарды орындаған мекемелерді бір бөлек атап көрсетсе, тапсырмаға немқұрайлы қараған мекемелердің атын атап, түсін түстеп айтып өтті.

Орда ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Қуаныш Сариев «Жасқұс» қонақүйін сенімгерлік басқаруға беру мәселесі бойынша сөз алды. Дегенмен бұл мәселе аудан әкімінің орынбасары Азамат Мұхамбетжановтың ұсынысымен күн тәртібінен алынып тасталды. Орынбасар бұл мәселенің әлі де шикі екенін, жан жақты қарастырылмағанын айтады.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Ерлан Нүркенов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бойынша хабарлама жасады.

Айтпақшы, осы санаттағы бағаны негізсіз еселеген кәсіпкерлер жауапкершілікке тартылатын болады.
Аудандық санитариялық -эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ләйла Өтешева бүгінгі күннің маңызды мәселелерін жиналғандар назарына ұсынды. Еліміз бойынша қарақұрт шағу, құтырған итке қабылу оқиғаларының көбейгенін айтқан Ләйла Мұхитқызы қарақұрт шағып, құтырған ит қапса, дереу дәрігер көмегіне жүгіну керектігін, әйтпесе, өлім-жітіммен аяқталатынын айтады.

Жиналысты қорытындылаған Кенесары Нұршинов мекеме басшыларына тапсырма беріп, аталған мәселелерді бұқара халыққа түсіндіруді талап етті.
Ұлпан Әнуарқызы,
Бөкей ордасы ауданы