Бүгінгі таңда қаржы құралдары цифрлық форматқа көшіп, қылмыстық әрекеттер виртуалды кеңістікте шебер жасырыла бастаған тұста, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа форматы алдыңғы қатарға шығып отыр.
Қылмыспен күресте көшенің емес, цифрлық әлемнің көлеңкелі тұстарын зерттеп-зерделейтін мамандарды – қазіргі заманның шынайы қаһармандары деп атаса, артық болмас. Осындай жандардың бірі – Батыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Александр Сергеевич Шевченко.

Бірнеше жылдан бері Александр заманауи сын-тегеуріндермен – криптовалюта, блокчейн, цифрлық активтермен – күрестің алдыңғы шебінде қызмет атқарып келеді. Бұрын тек ғылыми фантастикада кездесетін бұл ұғымдар бүгінде оның күнделікті жұмыс тәжірибесінің маңызды бөлігіне айналған.
— Менің басты міндетім – цифрлық активтерді қылмыстық мақсатта пайдаланатын тұлғаларды анықтау: ақшаны заңсыз жолмен жылыстату, салықтан жалтару, есірткі айналымы мен көлеңкелі бизнесті қаржыландыру, — деп атап өтті Александр. — Криптовалюта – зор әлеуетке ие қаржы құралы болғанымен, оны қылмыскерлер де тиімді пайдаланып отыр. Біз уақыт талабына ілесіп қана қоймай, оны озып жүруіміз қажет.
Экономикалық тергеу қызметіндегі жұмыс тек техникалық білім мен аналитикалық ойлаумен шектелмейді. Бұл – жоғары кәсібилік, жауапкершілік пен берік моральдық ұстанымдарды қажет ететін сала. Александр қызмет барысында заңсыз қаржылық операциялармен, күрделі трансшекаралық схемалармен және блокчейнде шифрланған мекенжайлармен жұмыс істейді. Оның жұмысы дәлелдер жинау мен сараптамадан бөлек, қаржылық ұйымдармен, халықаралық құрылымдармен және IT-мамандармен өзара ықпалдастықты қамтиды.
Қызметінің күрделілігіне қарамастан Александр жеке өмірдегі басымдықтарын да айқын белгілеген: қоғамға адал қызмет ету – парыз, ал отбасы – тірек пен шабыт көзі.
— Менің қызым –өмірімнің жарығы. Мен әрдайым оның жанында болуға, маңызды сәттерін жіберіп алмауға тырысамын. Қызыммен қарапайым серуендеу мен ойын ойнау, әңгімелесу мен үшін қылмыскерді ұстаудан кем емес — дейді ол.
Александр секілді мамандар – цифрлық дәуірдің көзге көрінбейтін құқық қорғаушылары. Олардың еңбегі көп жағдайда жұртшылыққа беймәлім қалуы мүмкін. Дегенмен дәл осындай кәсіби тергеушілердің арқасында қоғам тек нақты өмірде емес, виртуалды кеңістікте де қауіпсіз әрі сенімді бола түсуде.
А. Болграбская,
БҚО бойынша
экономикалық тергеп-тексеру департаменті
басқармасының басшысы