Үкімет отырысында су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов биыл еліміздің 10 облысында топтық сумен жабдықтау нысандарын салу және реконструкциялау бойынша 31 жоба іске асырылып жатқанын хабарлады.

Сурет: telegram.org
Жұмыстар Ақмола, Атырау, Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Ұлытау облысында жүргізілуде.
Министрдің мәліметінше, 2,6 мың шақырымнан астам су құбырын салу көзделген. Бұл шамамен 1,3 млн адам тұратын 468 елді мекенде сумен жабдықтауды жақсартуға мүмкіндік береді. Оның ішінде 53 ауыл (шамамен 38 мың адам) алғаш рет орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосылатын болады.
Жобаларды қаржыландырудың жалпы көлемі 2025 жылы 100,9 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 38,2 млрд теңге Ұлттық қордан, 59,3 млрд теңге Арнаулы мемлекеттік қордан және 3,4 млрд теңге республикалық бюджеттен бөлінді.