26.06.2025, 11:30
Оқылды: 74

Қалдық қағидатпен төрт қабырғада

Облыстағы медико-әлеуметтік мекемелердің тәрбиеленушілері мен қамқорлығындағы жандар қалай өмір сүруде – бұл туралы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өңірлік өкілдігі жүргізген мониторинг көрсетті.

Cropped shot of an unrecognizable man leaning on his walking stick

Сурет: istockphoto.com

Қарттар, мүгедектігі бар азаматтар және басқа да әлеуметтік осал санаттағы адамдарға арналған интернаттардағы тұрмыс жағдайларына қатысты шағымдар соңғы уақытта жиілеп кетті. Бұған қоса, Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарындағы қамқорланушылардың барар жерінің жоқтығы да жағдайды ушықтыра түсуде. Олар қазіргі ахуалмен келісуге мәжбүр болғанымен, бұл өте қиын. Арнаулы әлеуметтік мекемелерге жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы Батыс Қазақстан облысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі Жанат Нұрмағанбетова арнайы біздің басылымға айтып берді.

– Биылғы жылдың алғашқы 4 айында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты келесі мекемелерде мониторинг жүргізілді: «Круглоозерный арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы», «Дарьинск арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы», «Тасқала мүгедектер мен қарттар үйі», «Орал қалалық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы». Мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдардың жұмысына жүргізілген мониторинг бірқатар өзекті мәселелердің бар екенін көрсетті. Солардың ішінде ерекше атап өтетін жайт – жоғарыда аталған мекемелердің қаржыландырылуы қалдық қағидаты бойынша жүзеге асады. Бұл, менің ойымша, аталған мекемелер жұмысының барлық түйткілді тұстарын және олардың әлеуметтік осал адамдарға қызмет көрсету сапасын айқындайтын басты себеп, – дейді Жанат Жандоллақызы.
2025 жылғы 1 сәуірдегі «Батыс Қазақстан облыстық мүгедектердің ерікті қоғамы» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасының мәліметіне сәйкес, облыс бойынша 24 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тіркелген, оның ішінде облыс орталығында 12 мыңнан астамы тұрады, бұл жалпы санының жартысына жуығын құрайды. Олардың бір бөлігі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелерде тұрады. Әдетте, бұл – өз-өзін күтуге шамасы жоқ, қозғалысы шектеулі, өмірдің қиын жағдайына тап болған, қорғансыз жандар, төрт қабырғада күн кешуге мәжбүр азаматтар.

Жанат Жандүлләқызының айтуынша, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының (АӘҚКО) өзі қолайсыз жағдайда орналасқан – олар ескі әрі бейімделмеген ғимараттарда орналасқан, бұл медициналық және әлеуметтік қызметкерлерге қамқорланушыларға лайықты жағдай жасау міндетін орындауға кедергі келтіреді. Орталықтардың барлығына дерлік күрделі немесе ағымдағы жөндеу жұмыстары, санитарлық және тұрмыстық жайларды ретке келтіру, қабырғалар мен төбелердің ішкі әрлеуін, едендерді, санитарлық-техникалық жабдықтарды ауыстыру қажет.

– Мысалы, Тасқаладағы АӘҚКО-ға жүргізілген мониторинг кезінде ғимараттың физикалық және моральдық тұрғыда тозғанын, бөлмелердің қамқорланушылар үшін қолайлы болу мақсатында қайта жоспарлануы керектігін көрдік. Круглоозерный АӘҚКО-да барлық жерде жөндеу қажет: кафель мен линолеумді ауыстыру, қабырғалар мен төбелерді сырлау, ерлер бөлімінде ағаш терезелерді пластик терезелерге ауыстыру қажет, себебі ескі терезелер қыста жел өткізіп, бөлмені салқындатып жібереді. Сонымен қатар, шатырының бір бөлігін ауыстыру қажет – жоғарғы қабаттарда су ағып жатыр. Орал қаласындағы АӘҚКО да жөндеуді талап етеді – бөлме қабырғаларының сырты түсіп, тозып кеткен. Әйелдер бөліміне жұмсақ жиһаз жетіспейтініне шағымдар түсуде. Мониторинг барысында анықталған барлық фактілер құжатталып, оларды жою бойынша ұсынымдар тиісті органдарға жолданды, – деп атап өтті Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің БҚО бойынша өкілі.

Медициналық-әлеуметтік салаға әсіресе дәрігер мамандардың тапшылығы қатты әсер етуде. Жанат Жандүлләқызының айтуынша, фельдшер, логопед секілді қажетті мамандықтар қысқартылуда. Сонымен қатар, тартылу, ұстамаларды басатын және психикалық жай-күйі ауыр науқастардың жағдайын жеңілдетуге арналған дәрі-дәрмектердің тапшылығы сезілуде. Сол себепті дәрігерлер психоневрологиялық ауытқуы бар қамқорланушыларда дағдарыс жағдайын жеңілдету үшін баламалы препараттарды тағайындауға немесе қаладағы «Жедел жәрдем» қызметін шақыруға мәжбүр.
– Тағы бір өзекті мәселе – қызмет алушыларды толыққанды тамақтандыруды ұйымдастыру. Әрбір мониторинг барысында мен азық-түліктердің дұрыс сақталуына, тәуліктік ас мәзіріне сынамалардың алынып, тіркелуіне ерекше назар аударамын. Қамқорланушылар тарапынан тамақтың жұтаң екендігіне және ауызсуға еркін қол жеткізу мүмкіндігінің жоқтығына шағымдар айтылды: мысалы, бір тұрғын күніне тек бір-ақ кесе шай берілетінін хабарлады.

Жалпы, мүгедектігі бар адамдардың мәселелері – бұл баршамызға ортақ әрі маңызды мәселелер. Одан ешкім де сақтандырылмаған. Өзімнің күнделікті жұмысымда шын мәнінде өмірде көптеген шектеулермен өмір сүруге мәжбүр адамдардың шағымдарына тап боламын. Қоғамда кедергісіз орта құру кеңінен насихатталғанымен, өкінішке қарай, мұндай азаматтардың проблемаларына немқұрайлы қарау әлі де жалғасуда.

Мәселен, Адам құқықтары жөніндегі орталыққа бір азаматша шағыммен жүгінді: ол «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігінің психоневрологиялық ауытқулары бар балаларға арналған жеке оңалту бағдарламасы (ЖОБ) шеңберінде қызмет көрсетуді тоқтатқанын хабарлады. Бұл шағымға байланысты біз Батыс Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына сауал жолдадық. Басқармадан алынған ресми жауапта 2025 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 27 маусымдағы №222 бұйрығы күшіне енгені, осы бұйрыққа сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету үшін лицензия алуға қойылатын біліктілік талаптары мен құжаттар тізбесі бекітілгені айтылған. Осыған байланысты «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігі тиісті лицензиясы болмағандықтан, психоневрологиялық ауытқулары бар мүмкіндігі шектеулі балаларға күндізгі стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге заңды құқығы болмаған. Аталған лицензия тек 2025 жылғы 26 ақпанда ғана алынған.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылғы 28 қаңтардағы №10447/1 хаты арқылы арнаулы әлеуметтік қызметтерді жан басына шаққан қаржыландыру жүйесіне көшу 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап жүзеге асырылатынын ұсынған. Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 142-бабына сәйкес, бюджет қаражаты есебінен арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілерді қаржыландыру құзыретті мемлекеттік орган бекітетін тиісті жылға арналған тарифтерді қалыптастырудың ережелері мен әдістемесіне сәйкес жүзеге асырылады.

Қазіргі уақытта әлеуметтік қорғау органдары тарапынан жан басына шаққандағы қаржыландырудың есептеулері жүргізілуде, олар облыс бюджетіне нақтылау енгізу шеңберінде 2026 жылға арналған мәслихат сессиясында бекітілгеннен кейін күшіне енеді. Міне, дәл осы жан басына шаққан қаржыландыруға көшу туралы министрлік хатының жыл басында ғана жолданғанын мысалға ала отырып, психоневрологиялық патологиялары бар балалар «Бәйтерек» ҚБ арқылы ЖОБ шеңберінде қызмет алудан айырылды, – деді Жанат Нұрмағанбетова.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі атап өткендей, жоғарыда көрсетілген барлық проблемалар құжатталып, уәкілетті ведомстволар басшылығына жолданды. Айта кету керек, облыс басшылығы мен медико-әлеуметтік мекемелердің әкімшілігі жағдайды тұрақтандыру және анықталған кемшіліктерді жою бойынша шаралар қабылдап жатыр. Сондай-ақ, «тыңдайтын мемлекет» қағидатын жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік органдар өкілдері мен мүгедектігі бар адамдардың кездесулері ұйымдастырылуда.

– Біз тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуге тырысамыз, дегенмен, бұзушылықтардың алдын алу және оларды болдырмау – тікелей қамқорланушылармен жұмыс істейтін, өз функционалдық міндеттерін орындайтын мамандарға байланысты, – деп түйіндеді Жанат Жандоллақазы.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале