1.07.2025, 17:30
Оқылды: 137

Нарын құмы – тарих  құпиясы

Таяуда қаламыздағы Х. Есенжанов атындағы балалар-жасөспірімдер облыстық кітапханасының залында рухани дүниемізге сәуле шашқан ерекше бір әдеби кеш өтті. Бұл – өлкетанушы, зерттеуші, журналист, марқұм Талғат Шәріпқалиевтің «Нарынның – сырты дала, іші – пана» атты мақалалар жинағының тұсаукесері.

М Салык (3)

Шараны Мәншүк Мәметова мемориалдық музейінің меңгерушісі Ахмедияр Батырханов жүргізіп, рухани кешке шырай берді. Алғашқы құттықтау сөзді БҚО әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз алып, аутордың еңбегіне терең ризашылығын білдірді.

– Бүгін біз қадірі артық, мәртебесі мәңгі Талғат ағамыздың артына қалдырып кеткен еңбектерінің мерейін асқақтату үшін жиналып отырмыз. Мынау сөреде самсаған кітаптың әрқайсысы – қазақтың рухани діңгегі, ұлттың негізі. Отанды сүю мен елге адал қызмет ету – бұл адамның бойына бала күнінен сіңетін қасиет. Талғат ағамыздың балалық шағы Нарынның құмында, көне тарихтың куәсі болған, батырлар мен дүлдүлдер өскен киелі топырақта өткен. Бұл – жай сәйкестік емес. Нарын – киелі мекен. Осы топырақта Бөкей мен Жәңгір хан туды, Махамбет пен Исатай сынды ұлы тұлғалар ел үшін атқа қонды. Сол қасиетті жолды бүгінгі заманда жалғаған тұлғалардың бірі – Талғат Шәріпқалиев болды деп сеніммен айта аламыз. Бүгін тұсауы кесіліп отырған «Нарынның – сырты дала, іші – пана» атты жинақ – Талғат ағамыздың сонау балалық шағынан басталған үлкен ізденістің, саналы ғұмырын сарп еткен өлшеусіз еңбектің нәтижесі. Бұл кітап – бүкіл қазақ даласының тарихына қосылған баға жетпес қазына, – деді ол.

Кеш барысында кітаптың мазмұнын тарихшы, өлкетанушы Айболат Құрымбаев баяндады. Жинаққа енген мақалалар арқылы Талғат ағамыздың зерттеушілік ізденістері мен ел тарихына деген жанашыр көзқарасы анық сезілді. Ауған соғысы, Бөкей ордасының мәдениеті мен тұлғалары, халықтың тұрмысы, білім мен медицина жайлы естеліктер – барлығы да тарихи жад пен рухани тамырды тірілтуге арналған.

Жаны жайсаң, қаламы өткір тұлғаның адамдық болмысы мен азаматтық келбеті туралы жары Нұржамал Есеева, замандастары, достары мен әріптестері жылы естеліктерімен бөлісті.

М Салык (4)

– Талғат тарихты жан-тәнімен сүйген, елдің шежіресін қағазға түсіруді өзіне аманат санаған жан еді. Ол – тек журналист емес, Ауған соғысының ардагері, өлкетанушы, зерттеуші ретінде де танылды. Оның қаламынан туған мақалалар – бүгінгі ұрпақ үшін өткеннің айнасы. Жинаққа енген дүниелері республикалық, облыстық, аудандық басылымдарда жарық көріп, елге ой салды. Бөкей ордасының тарихы, Хан Жәңгір мен оның ұрпақтары, өлкенің мәдениеті мен құқықтық құрылымы туралы тың деректерді көпшілікке ұсынды. Ол Орда жерін шексіз сүйді, соған өмірін арнады. Бұл жинақты шығаруға атсалысқан баршаға алғыс білдіремін, – деді Нұржамал Есеева.

Айта кетейік, іс-шараға зиялы қауым өкілдері, облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева, еңбек ардагері Лавр Хайретдинов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, журналист Ғайсағали Сейтақ қатысты.

Талғат Шәріпқалиевтің ағасы Қанат Шәріпқалиев пен өлкетанушы Сара Танабаева кітап лентасын қиды. Талғат Шәріпқалиевтің ағасы Қанат Шәріпқалиев пен өлкетанушы Сара Танабаева кітап лентасын қиды. Әдеби кеш жергілікті өнерпаздардың ән-күйімен түйінделді.

Жанерке Мерекеқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале