8.07.2025, 17:00
Оқылды: 451

Балалық арманнан кәсіби жолға дейін

Әр адамның жүрегінде бала кезінен қалыптасқан бір арманы болады. Біреу сол арманын ұмытып, мүлде басқа жолға түссе, енді біреулер сол бала арманының жетегінде жүріп, ақыры соған жетеді. Сол арманның жетегінен таймай, бүгінде сүйікті ісін мамандыққа айналдырып, ел игілігіне қызмет етіп жүрген азаматтардың бірі – Бостандық атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің түлегі Еділбек Шалмамбетов. Оның байланыс саласына деген қызығушылығы дәл осындай бала кезгі арманнан бастау алған.

image-08-07-25-02-31

Еділбек бұл салаға 2018 жылы ресми түрде қадам басқан. Алайда, байланыс саласына қызығушылығы бұдан әлдеқайда ертерек – бала кезінен басталған еді. Ал бұл бағытқа деген қызығушылығы физика пәні оқытыла бастаған кезден оянған болатын. Осы пәнге деген құлшынысы мен қызығушылығын арттырған Жұмабек есімді ағайы еді. Ағайы сабақтарын қызықты етіп өткізіп, тәжірибелік жұмыстарға шәкірттерін тартатын. Ұстазының арқасында Еділбек 11 - сыныпқа дейін түрлі үйірмелерге қатысып, түрлі техникалық жобалар жасауға ден қойған.

- Үйірмелер аясында өз қолыммен пультпен басқарылатын шағын машиналар құрастыру, түрлі макеттер жасау ісімен айналыстым. Тіпті, қолдан жүретін көлік құрастырдым. Бұл – мен үшін үлкен жетістік болатын және үлкен білімге бастар жол болды. Мектепті бітірген соң, өзімнің бала арманымнан бас тартпай, дәл осы бағытта білім алуды ұйғардым. Осылайша, ҚазИИТУ колледжіне  оқуға түсіп, «Байланыс торабы» мамандығы бойынша білім алдым.

Қазіргі таңда бұл мамандық менің кәсіби жолым, табысымның көзі ғана емес, жаным сүйетін ісіме айналды. Жан дүниемнің қалауын тауып, сол жолда еңбек етіп жүргеніме қуаныштымын. Ең бастысы – бұл іспен шұғылдану мені жалықтырмайды, керісінше, үнемі жетіле түсуге итермелейді. Қолым бос кезде де қарап отырмаймын: көлік электр жүйелерімен айналысамын, шақыртулар бойынша бейнебақылау камераларын орнатамын. Яғни, бұл іс мен үшін тек жұмыс емес – өмір салтым.

Бүгінде екінші балам Жігер де осы жолды жалғастырса екен деген үмітім бар. Ол да техникаға, әсіресе электрика мен машиналарға қатты қызығады. Оның ынтасы мені де шабыттандырып, бала кезімдегі армандарымның бекер болмағанына көзімді жеткізеді, - дейді Еділбек.

Техника мен байланыс саласы – үнемі дамып, жаңарып отыратын сала. Сол жаңалықтардың ортасында жүрген Еділбек үшін еліміздің технологиялық дамуына өзіндік үлесін қосып жүргені үлкен мақтаныш.

Арман орындалады, тек оған адал болып, үздіксіз еңбектену керек.

Гүлнұр Сәуірғалиқызы,

Казталов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале