Жақында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ «Батыс Қазақстан облысы бойынша кәсіби даму институты» филиалының ұйымдастыруымен «Білім берудегі цифрлық трансформация: технологиялар дәуіріндегі тәрбие мен оқыту» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияның негізгі мақсаты – білім беру жүйесіндегі тәрбие мен оқытудың цифрлық технологиялар арқылы жүзеге асырылуына әсерін талдау және болашақтағы трансформация бағыттарын айқындау болды.
Ауқымды шараға мектепке дейінгі, орта, қосымша білім беру ұйымдарының педагогтері, техникалық және жоғары оқу орындарының оқытушылары, сондай-ақ біліктілікті арттыру саласының мамандары қатысты. Педагогтердің басын қосқан алқалы жиынды «Өрлеу» БАҰО» АҚ басқарма төрағасы Айдана Шілібекова ашып, цифрлық трансформацияның білім беру саласындағы маңыздылығына тоқталды.
Конференция жұмысы «Цифрлық кеңістік: қауіпсіздік, медиасауаттылық және кибермәдениет», «Мектеп және қоғам: цифрлық ортадағы әлеуметтік-эмоционалдық даму», «Цифрлық технологиялар: даралау мен инклюзия құралы», «Жасанды интеллект: білім беру процесіне енгізу мүмкіндіктері мен міндеттері» тақырыбындағы төрт бағыт бойынша өтті.
Атырау, Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе облыстары мен Талдықорған қаласынан келген педагогтер цифрлық трансформация саласындағы өз тәжірибелерін ортаға салды. Гибридтік форматта – офлайн және онлайн ұйымдастырылған конференцияға ZOOM платформасы арқылы 200-ге жуық педагог белсенді түрде қатысып, өзара тәжірибе алмасты EDTech-жәрмеңке шара аясындағы маңызды алаңдардың бірі болды. Онда заманауи цифрлық шешімдер, білім беру платформалары мен құралдары таныстырылып, қатысушылар оларды тәжірибелеріне енгізудің жолдарын талқылады.
Пленарлық бөлімде өткен «Ақыл-ой» ойыны педагогтерге заманауи білім берудегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу мүмкіндігін берді. Оған облыстық білім беру ұйымдарының ІТ, робототехника және цифрлық технологиялар бағытындағы жетекшілері мен сарапшы педагогтер қатысты. Сонымен қатар, конференция аясында цифрлық квест, шеберлік сабақтары, воркшоптар мен панельдік пікірталастар ұйымдастырылды. Бұл іс-шаралар педагогтер арасында өзара тәжірибе алмасуға жағдай жасап, кәсіби дамуға жол ашты.
Конференция соңында қатысушылардан ұсыныстар қабылданып, секциялық жұмыстарда белсенділік танытқан педагогтерге арнайы дипломдар табысталды. Іс-шара қорытындысы бойынша конференция материалдарының жинағы әзірленетін болады.
Гүлжамал Кенжеғалиева,
«Орал өңірі»