9.07.2025, 16:45
Оқылды: 182

Мектеп оқушысынан академикке дейін

Мен 1961 жылы 5 наурызда бұрынғы Орал облысының Жәнібек ауданына қарасты Қайрат ауылында өмірге келгенмін. Әкем Салауат Минажев, анам Мәнзия Қойшанова – жоғары білімді мамандар, ауылдың алдыңғы қатарлы тұрғындары болған. Екеуі де өмірлерін елге қызмет етуге арнаған, балаларын байлыққа емес, білім алуға ынталандырған ардақты да аяулы жандар еді.

WhatsApp Image 2025-07-09 at 17.10.32

Менің мектепке баруымның өзі басқа балалардан өзгешелеу болды. Аулада бірге ойнайтын балалардың дені, жас жағынан менен үлкендеулері сол жылы бірінші сыныпқа барып, мен жалғызсырап қалыппын. Содан анамды «Мен де мектеп­ке барамын» деп күнде мазалай беріппін. Анамның жұмыстан, үй шаруасынан қолы босамай, бастауыш мұғалімі Ұлболсын Ғабдірешевамен жолығудың сәті түспепті. Бірінші тоқсан аяқталуға бір аптадай қалғанда ғана қолы тиіп, мені алып барған екен. Содан Ұлболсын апай: «Тоқсан аяқталуға жақын қалды, қалай болар екен, әрі қарай алып кете алар ма екен» деп қиналыңқырап барып, анамның көңілін қимай: «Жарайды, бір апта көрейік, егер алып кете алмаса, ренжімейсіз» деп мені алып қалады. Ең алғашқы ұстазым осы Ұлболсын апайым еді. Осы тұста әкем мен анамның Бисен ауылының тұрғындарына өте сыйлы азаматтар болғанын айта кеткім келеді, оған үлкен атам Минаж бен нағашы атам Қойшанның да беделді, өте әділ, иманды ақсақалдар болғанының қосымша әсері болса керек.

Осылайша, бастауыш сыныпты Бисен ауылының орта мектебінде бастадым. 1972 жылдан 1977 жылға дейін сол кездегі Орда ауылындағы М. Горький атындағы орта мектепте оқыдым. Мектепте сабақ берген барлық ұстазым әлі күнге дейін есімде. Оларға деген ризашылығым шексіз. Әсіресе мені математика пәнінен басқа оқушылардан бөлек, «Математика в школе» журналының есептерін шығартып, жеке өзімді дайындаған, өте жоғары деңгейде сабақ берген Ғайни Мұхитқызын ешқашан естен шығармаймын. Өмірдің қаталдығын 9-сыныпқа барғанда алғаш рет сезіндім. Ғайни апайымыз тамыз айында дүниеден өтіп, мектеп ол кісісіз қаңырап қалғандай болды, амал нешік... Мен математикамен қатар геометрия, физика пәндерін де өте жақсы оқыдым. Оның бірден-бір себебі Рәзия, Сәуле сынды мұғалімдерім еді. Орыс тілі мен әдебиетінен Бисен ауылы мектебінде сабақ берген Қалима Айтәлиева мен әкемнің нағашы қарындасы Миуа Наурызғалиеваны және Орда ауылы мектебінде сабақ берген София Саматқызын зор ризашылықпен еске аламын. Менің орыс тілін өз қатарластарымнан жоғары деңгейде еркін меңгеріп, кейін сауаттылығы жоғары маман болуыма осы кісілер үлкен әсер етті. Жалпы, Бөкей ордасының ХІХ ғасырда Жәңгір хан ашқан алғашқы қазақ-орыс мектебінде оқығанымды үлкен мақтанышпен әрдайым айтып жүремін. Себебі менің бойымдағы білімге деген құштарлықты жоғарыда аталған білім ордалары мен онда қызмет еткен ұстаздар қалыптастырғаны сөзсіз.

Өмір өз түзетулерін үнемі енгізіп отырады емес пе, мен мектеп бітірген жылы, бір жағынан балалығымнан да болуы керек, оқуға түсе алмай қалдым. Сөйтіп, сол жылы ата-анам мені ауылдың мектеп-интернатына тәрбиеші етіп жұмысқа орналастырды. Мен бар болғаны 16 жаста болатынмын. Өзімнен жасы үлкен ұл-қыздарға тәрбиеші болуды елестетудің өзі қиындау болуына қарамастан, қызметке ойланбастан кірістім. Сол уақытта өмірлік ұстазым Сұлуғаным Қабышқызы көп қолдау көрсетті. Ол кісінің сырт келбеті қандай сұлу болса, жан дүниесі де сондай сұлу, атына заты сай адам еді.

1978 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының химия-биология мамандығына оқуға түсіп, оны 1983 жылы үздік дипломмен бітірдім. 2002 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құқықтану мамандығын да үздік дипломмен тәмамдадым. 1983 жылы оқу бітіре салып, Алматыдан ауылға асықтым. Өйткені бес жыл бойы ата-анадан жырақта болу оңай болған жоқ. Өзім оқып, білім алған мектепке мұғалім болып орналасып, сонда жұмыс істедім. Сол кездегі мектеп директоры Күләш Құрманғалиқызының тапсырмасымен мен жас маман ретінде комсомол комитетінің хатшысы болдым және басқа да қоғамдық жұмыстармен шұғылдандым. Химия және биология пәндерінен мектептегі барлық қазақ-орыс сыныптарына сабақ бердім. Барымды салып жұмыс істедім. Алайда менің ғылыммен айналысуға деген құштарлығым қайтадан Алматыға жетеледі.

Бүгінде мен – ғалыммын, тәжірибелі ұстазбын, педагогика ғылымдарының докторы, профессор және Қазақстан педагогика ғылымдары академиясының академигімін.

Мен өзімнің ғылымдағы ізденіс жолымды 1984 жылы С. Киров атындағы  Қазақ мемле­кеттік университеті химия факультеті аналитикалық химия кафедрасының «Электрохимиялық талдау әдістері мен радиохимияның проблемалары» ғылыми-зерттеу зертханасында инженер болып бастадым. Ғылым жолын әрі қарай ғылыми қызметкер ретінде жалғастырдым. Дәл осы зертханада қызмет етуім электрохимия ғылымы саласына толық ден қойып, өзімнің ғылыми жолымды қалыптастыруыма бастама болды. Сол кезде химия ғылымының кандидаты, доцент Дина Мендәлиева мен техника ғылымының докторы, профессор Михаил Наурызбаев үлкен қолдау білдіріп, бағыт-бағдар берді. Дина Кенжебекқызы – қазіргі күні химия ғылымының докторы, профессор және көптеген шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз, білікті ғалым. Осы кісілердің көмегімен кандидаттық диссертациямның тақырыбын анықтап, эксперименталды жұмыстарды орындауға толық мүмкіндік алдым. Тәжірибе жинақтау барысында көптеген ғылыми конференцияларға қатысып, білімімді толықтырып, эксперименттік мәліметтерді ғылым қауымдастығы мен ғалымдар талқысына салып, апробациядан өткізе бастадым.  Кандидаттық диссертациям бойынша металл-ерітінді шекарасында полифункционалды полимерлі беттік белсенді заттар адсорбциясын алғаш рет зерттедім. Алынған адсорбциялық және кинетикалық зерттеулердің нәтижелері негізінде қаптамалардың физика-химиялық қасиеттерін жақсартуға мүмкіндік беретін және экономикалық тиімділігі жоғары технология мен экологиялық тұрғыда таза қорғасын және қалайылау электролиттерін жасап шығардым.

1993 жылы «Sn, Pb, Cd металдары иондарының сынап және біртектес қатты электродтарда беттік активті заттар қатысындағы электрохимиялық тежелу процестері» деген тақырыпта профессор Михаил Наурызбаевтың жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғап, химия ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие бол-дым. Бұл ғылыми бағыт – әртүрлі металл бұйымдарын коррозияның және басқа да сыртқы факторлардың әсерлерінен қорғау, олардың бұзылуы мен тотығуын болдырмау, осылайша олардың физикалық қасиеттерін едәуір жақсартып және пайдалану мерзімдерін ұзарту болып табылады. Алайда бұл кезең Кеңес Одағының құлап, Қазақстан Республикасының енді ғана егемендік алған және барлық дерлік зауыттар мен өндіріс орындарының тоқырауға ұшырап, өз жұмыстарын тоқтатқан кезі болатын. Бұндай жағдайлардың көптеген ғылыми зертханалар мен институттардың жабылып қалуына әкеліп соқтырғаны және ғылымның дамуын айтарлықтай тежегені белгілі. Сонымен қатар ғалымдар да ғылымды тастап, өз қызметтерін ауыстыруға мәжбүр болды. Осы орайда мен қызметімді оқытушылыққа қарай бағыттап, тек ҚазҰУ студенттеріне ғана емес, Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰПТУ білім алушыларына да сабақ бердім және ғылыми зерттеу тақырыбымды ауыстыруыма тура келді. Сөйтіп, мен жоғары білім саласының өзекті мәселелерін, әсіресе жоғары білім сапасын қамтамасыз ету сұрақтарын зерттей бастадым.

1995 жылы химия ғылымы саласындағы жетістіктеріме сәйкес доцент (қауымдастырылған профессор) ғылыми атағын алып, 1993-1995 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ химия факультеті аналитикалық химия кафедрасының аға оқытушысы және біліктілікті арттыру институтының доценті болып жұмыс істедім. Осы тұста менің біліктілігімді одан әрі арттырып, мол тәжірибе жинақтауыма физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Әлия Асқарова үлкен ықпал етті. Ол – ұзақ жылдар бойы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ физика-техникалық факультетінің деканы қызметін атқарған, бүгінгі күні аталған ұжымда профессор.

1997-2012 жылдар арасында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқу бөлімінің бастығы, мониторинг және тестілеу бөлімінің бастығы, сапаны қамтамасыз ету бөлімінің бастығы, сапа менеджменті және ақпараттық-талдамалық зерттеулер бөлімінің бастығы қызметтерін атқардым. Сонымен қатар химия факультетінің аналитикалық химия және сирек элементтер химиясы кафедрасында доцент және профессор міндетін атқарушы болып, студенттерге және магистранттарға дәріс оқуды тоқтатпадым.

90 жылдардың аяғына қарай ғылым мен білім саласында Қазақстан өзінің егеменді ел тарихындағы алғашқы қадамдарын жасай отырып, жастарды ғылымға тарту жұмыстарын қолға алғаны белгілі. Осы уақыт аралығында нарықтық экономика талабына сай ақылы бөлімдер ашылып, университетте білім алушылардың саны бірнеше есе өсті. Бұған дейін ҚазҰУ-ға оқуға түсу көптеген жасқа арман болса, енді бар жиған-тергенін салса да, ақылы бөлімге оқуға түсуге, әсіресе сол кезде үлкен сұранысқа ие болған заңгер, экономист мамандықтарына оқуға түсу мүмкіндігі пайда болды. Осылайша, білім алушылардың саны күрт артып, ауызша емтихандардың орнына тест, кейінірек жазбаша және комбинирленген бақылау түрлері енгізілді.

Ұжымның барлық қызмет бағыттары бойынша үдерістерді халықаралық стандарттар талабына сәйкестендіру бойынша мен жетекшілік ететін бөлім көптеген семинар-тренинг өткізіп, сапа менеджменті жүйесінің (СМЖ), ISO стандарттарының қыр-сырын түгел түсіндіріп, өте ауқымды жұмыстар атқарды. Университетте СМЖ іске қосылды. ҚазҰУ «Алтын Сапа» белгісін еліміздің ЖОО ішінде алғашқы болып алды. Мен СМЖ жүйесі тақырыбына бірқатар әдістемелік оқу-құралын, кітап пен монография жаздым. Сонымен қатар әрбір университеттік құрылым, мысалы, басқарма немесе бөлімнің, факультет пен кафедраның барлық қызметтері бойынша 60-қа тарта құжаттар процедурасы мен әрбір қызмет үшін оның толық алгоритмі дайындалды. Аталған іс-шаралар жоғары білім сапасын әлемдік деңгейге жеткізуге бағытталды. Осындай шаралардың бірі ретінде оқу бағдарламаларын аккредитациялау үдерісін айтуға болады. Бұған беделді ASIIN, ACQUIN, FIFA секілді шетелдік агенттіктер тартылып, олар қазақстандық оқу бағдарламаларының әлемдік талаптарға сәйкес болуын қамтамасыз ету мақсатында жұмыс істеді. Бұл да мен басшылық еткен орталыққа міндеттеліп, біз оны абыроймен атқара алдық. Мұндай үрдістер өз кезегінде Қазақстандағы жоғары білім саласының екі сатылы білім беру жүйесіне ауысып, бакалавриат пен магистратура деңгейлері болып бөліну қажеттігін тудырды. Бұл ғылыми кадрларды дайындаудың да бұрынғы жүйесіне деген қажеттіліктің жойылуына әкеліп соқтырды. Алайда қабылданған шешімдердің ішінде барлығы бірдей дұрыс бола бермейтіні белгілі. Соның бірі ғалымдарды «кандидат, доктор» жүйесімен дайындау жүйесінен бас тарту еді. Бұл үдеріс кейінгі он жылда қазақстандық ғалымдардың санының күрт азаюына әкеліп соққанын білеміз және алдағы уақытта бұның әсері әлі де айқындала түсетіні анық. Бұл өз кезегінде ЖОО-ның ел экономикасына, жалпы елдің дамуына қосатын үлесінің төмендеуіне әкеліп соғатыны сөзсіз.

ҚазҰУ-да ғылыми мектептерді сақтап қалу мақсатында үлкен жұмыстар атқарылып, университет қазақстандық ЖОО-ның алды болып, докторантура, постдокторантура бағдарламаларын іске қосты. Бұл қазақстандық жас ғалымдар қатарын арттыруға едәуір әсер етті. Дей тұрғанмен оның бұрынғы жүйемен салыстырғандағы артықшылығы немесе кемшілігі алдағы жылдардың еншісінде екенін ұмытпаған жөн. Кейінірек бұл бағытта мемлекеттік бағдарламалар іске қосылды.

2014 жылдардан бастап қазақстандық ЖОО-ның тарихында халықаралық рейтингтер додасына қатысу бойынша үлкен науқанды жұмыстар орын алды. ҚР ҒжБ министрлігі де ЖОО-ның халықаралық рейтингтерге қатысуын құптап, тіпті бұны университеттер үшін міндетті шара ретінде қарастыруы дұрыс та болуы мүмкін. Алайда бұл тек университеттің ғана емес, әр оқытушы-профессордың, жалпы ұжым тарапынан көптеген іс-шаралардың атқарылуын, жүйелі әрі табанды жұмыс пен қаржылық қолдауды, яғни үлкен қаражатты, сонымен қатар үлкен жауапкершілікті де қажет ететін іс. Сондықтан әр университет өзінің осы бағыттағы саясатын ұжым ретінде өзі анықтауы тиіс. Осы жұмысты университет бойынша жүйелі түрде басқарып, ұйымдастыру маған тапсырылғанын мақтанышпен айта аламын. Жетістігіміз – ҚазҰУ-дың әлемдік 3000-ға тарта ЖОО-ның ішінен үздік 200 университет қатарына кіруі.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да аталған бастамалардың іске асырылуына бір адамдай үлес қосқанымды мақтанышпен айта аламын. Бұл белестерді үлкен ұжыммен бірге бағындыра отырып, ғалым ретінде өсе алдым. Бұған менің университет қабырғасында білім алып, ғылыммен айналысып, жай инженерден бастап, ғылым докторына дейін өсуім дәлел бола алатынына да кәміл сенімдімін.

Жоғары білім сапасын қамтамасыз ету мәселелерін зерттеу бойынша жүргізілген ғылыми жұмыстарымның нәтижелері бойынша 2010 жылы «Қазақстан жоғары оқу орындарындағы сапа менеджменті жүйесі: теориясы, практикасы және дамуының концептуалды бағыттары» деген тақырыпта докторлық диссертациямды ойдағыдай қорғап шықтым. Докторлық диссертациям әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Д 14А.02.32 диссертациялық кеңесте қорғалып, осылайша 13.00.01 – жалпы педагогика, педагогика тарихы және білім беру, этнопедагогика мамандығы бойынша педагогика ғылымының докторы ғылыми дәрежесіне ие болдым.

2012 жылдан бастап әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аккредитация, рейтинг және сапаны басқару жөніндегі орталық директоры және 2018-2023 жылдары стратегиялық даму орталығының директоры қызметтерін атқардым. Бұл қызметтерімде маған өзімнің жоғары білім беру сапасын басқару мен қамтамасыз ету, рейтинг және аккредитация мәселелері, сапа менеджменті жүйесі (СМЖ) бойынша жүргізілген зерттеулерім оң ықпалын тигізді.

2012 жылы Қазақстанның педагогика ғылымдары академиясының (ҚПҒА) академигі болып сайландым. Оның да өзіндік тарихы бар, маған әріптес аға буын өкілдері «Қазақстанның педагогика ғылымдары академиясының корреспондент-мүшелігі конкурсына қатысып көрсеңізші» деп ұсыныс айтты. Мен қажетті құжаттарымды жинақтап, өткізіп қойдым. Содан біраз уақыттан соң маған академиядан хабарласып, менің алғашқы кезеңнен өткенімді және конкурс өтетін күнді айтты. Мен баяндамам бойынша презентация дайындап, айтылған күні келіп, конкурстық комиссияға баяндамамды оқыдым. Менің тақырыбыма қатысушылар қызығушылық танытып, маған көптеген сұрақтар қойылды. Біраз уақыт күтуге тура келді, өйткені академикке де, корреспондент мүшесіне де конкурсқа бергендердің қарасы көп болатын. Сонымен конкурс нәтижесін хабарлайтын кез де келіп жетті, бізді ішке шақырды. Менің аты-жөнімді бірінші болып атап, менің ғылыми деңгейім мен алынған нәтижелерімді ескере келе, комиссияның маған бірден ҚПҒА-ның академигі атағын беру туралы шешім қабылдағанын хабарлағанда қатты таңғалдым, қуандым.

2019 жылы жоғары білім беру саласындағы ерекше еңбегім үшін «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен және 2021 жылы «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға сіңірген еңбегі үшін» күміс медалімен марапатталдым.

Мен қандай қызмет атқарсам да, өз білімімді жетілдіруді бір сәт те назардан тыс қалдырмадым. Өйткені заман талабына сай болу – білім сапасын қамтамасыз етудегі басты міндет. Осы жылдарда USAID – Америкалық халықаралық даму агенттігінің, ENQA – Еуропалық жоғары білім беру кеңістігінің сапа кепілдігі агенттіктері қауымдастығының, ACQUIN – Германия аккредиттік агенттігінің, РУДН – Ресей халықтар достығы университетінің, Ресей Федерациясының білім саласындағы ұлттық аккредиттеу агенттігінің және басқа да халықаралық ұйымдардың біліктілікті арттыру курстары мен семинар-тренингтерінен өтіп, олардың сертификаттары мен куәліктеріне ие болдым.

Еуропаның бірқатар елдерінде: Германия (Мюнхен, Аахен, Дортмунд, Дюссельдорф, Кельн, Франкфурт қалаларының университеттері), Швейцария (Базель, Берн, Цюрих қалаларындағы ЖОО), Нидерланды (Амстердам, Маастрихт қалаларында), Аустрия (Зальцбург, Инсбрук қалаларында), Франция (Париж, Страсбург қалаларында), Литва (Каунас қаласының университетінде), сонымен қатар Оңтүстік Кореяда (Сеул университетінде) және басқа да ЖОО-ларда біліктілікті арттыру тағылымдамаларынан өттім.

Менің бірқатар мақалам әлемдік Scopus базасында, индекстелген рейтингі өте жоғары (Q1) шетелдік ғылыми журналдарда жарияланды. Оларға шетел ғалымдары сілтеме жасап, менің Хирш индексім соңғы бір жылда 2-ге көтерілді.  Көптеген мақалаларым отандық журналдарда қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарияланды. Ғылымда ашқан жаңалықтарымның нәтижелері бойынша ҚР Ұлттық патент ведомствосының 2-патенті ауторының куәлігін алдым: «Жылтырата қалайылау электролиті» және «Беттік белсенді зат – электродтық процесс ингибиторы және қорғасындау электролиті». Мұндай электролиттерден сапалы қаптамалар алынады, олар тамақ өндірісінде, электроникада, медициналық құрал-жабдықтар жасауда, авиация және аутомобиль өндірісінде, кемелер жасауда, радиациялық қорғаныста, энергетикада және басқа да көптеген салада кеңінен қолданылады.

Мен ғылыммен айналыса жүріп, ғылыми жобалардың да орындаушысы болдым. Сонымен қатар ұстаздық қызметімді жалғастырып, студенттер мен магистранттардың дипломдық және диссертациялық жұмыстарына жетекшілік еттім. 2023 жылдан бастап Абай атындағы ҚазНПУ диссертациялық кеңесінің уақытша мүшесі ретінде ғылым саласында жас мамандарды, яғни докторлар (PhD) дайындауға да атсалысып жүрмін.

Халықаралық рейтинг сұрақтары, университеттің стратегиялық бағдарламасы, индикативтік жоспарлау және сапа менеджменті сұрақтары бойынша өз біліктілігім мен ұзақ жылдар жинаған тәжірибемді еліміздің бірқатар ЖОО-сында семинар-тренингтер өткізу арқылы және «Тәуелсіз аккредиттеу және рейтинг агенттігі» (IAAR) жоғары аттестациялық комиссиясының эксперті ретінде бөлісіп жүрмін. «Аналитикалық химия» базалық пәнінен «Жаппай ашық онлайн курс» жасадым. Бүгінде ол open.kaznu.kz платформасына ораналастырылған және оны еліміздің әр өңіріндегі студенттер мен оқытушылар пайдалана алады. Қазақ тілінде ЖОО студенттеріне арналған үш оқулық, оның біреуіне ҚР БжҒМ грифі, екеуіне ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі республикалық оқу-әдістемелік бірлестігі грифі берілді және үш оқу құралым жарық көрді. Бұлардың бесеуіне ауторлық куәлік алдым, олардың барлығы оқу үдерісінде қолданылуда.

Ғылыми ізденістерім мен зерттеулерім бойынша үш тілде монографиям жарық көрді:

1) Теоретико-педагогические основы и технологии системы менеджмента качества высшего учебного заведения. Рекомендовано к изданию научно-методическим советом (НМС) и редакционно-издательским советом (РИСО) КазНУ им. аль-Фараби. – Алматы, 2011. Изд-во «Қазақ университеті». (20,5 печ. л.);

2) History, theory and tech­nology of the quality manage­ment system of a higher edu­cational institution. Mono­graph. - 2019. –  Almaty. - 295 p.;

3) Жоғары оқу орнының сапа менеджменті жүйесінің ғылыми-теориялық негіздері мен технологиялары. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ғылыми кеңесі ұсынған (№2 хаттама 18.10.2024ж.). Монография. – Алматы, 2024. – 326 б. (20,37б. т.)

Менің жылдар бойы жүргізген ғылыми зерттеу жұмыстарымның нәтижелері мен ұстаздық қызметім ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан әділ әрі жоғары бағаланып, алғаш рет 2012 және екінші рет 2024 жылдары «ҚР Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын алып, осылайша, екі дүркін мемлекеттік грант иегері атандым.

Мен ғылым мен білім жолындағы жетістіктеріме ең алдымен ата-анамның, мені білім нәрімен сусындатқан ұстаздарымның, жақындарымның қолдауы мен өзімнің тынымсыз еңбегімнің арқасында қол жеткіздім.

Гүлшарат Минажева,

педагогика ғылымдарының докторы,

профессор,

Қазақстанның педагогика ғылымдары  академиясының академигі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале