Бүгін облыстық мәслихаттың кезекті сегізінші сессиясы өтті. Сессия жұмысына облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты.
Сессияның күн тәртібіне сәйкес Батыс Қазақстан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев баяндама жасады. Ол 2017-2019 жылдарға арналған облыстық бюджет және облыстық, аудандық (қалалық) бюджеттері арасындағы 2017-2019 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы нақты деректерге тоқталып өтті.
Оның айтуынша, 2017 жылға арналған облыстық бюджет түсімдері мен шығыстар бойынша 111,1 млрд. теңге көлемінде белгіленген. 2017 жылға арналған облыстық бюджет түсімдері 29,4 млрд. теңге көлеміндегі өзіндік кірістерден, 47,5 млрд. теңге жалпы сипаттағы трансферттерден (субвенциялар) және 33,4 млрд. теңге нысаналы трансферттер мен кредиттерден қалыптасқан. Облыстық бюджеттің негізгі бағыттары әлеуметтік қолдау, денсаулық және білім беру, өмір сүру деңгейін жақсарту болып табылады.
Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамытуға 2,4 млрд. теңге, көлік инфрақұрылымын дамытуға 3,6 млрд. теңге, кәсіпкерлік қызметті қолдауға 1,4 млрд. теңге қарастырылған. Сонымен қатар газ тасымалдау инфрақұрылымын дамытуға 3,3 млрд. теңге, Орал қаласындағы 2 мектептің құрылысын жалғастыруға және 2 мектеп құрылысын бастауға жалпы сомасы 4,3 млрд. теңге, автокөлік жолдарын қайта құру және орташа жөндеуге 4 млрд. теңге қарастырылған. 2017-2019 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер (бюджеттік субвенциялар) мөлшері келесі көлемде белгіленген: 2017 жылға – 33,9 млрд. теңге, 2018 жылға – 35,9 млрд. теңге, 2019 жылға 36,8 млрд. теңгені құрайды.
Сессияда облыстық мәслихаттың 2015 жылғы 9 желтоқсан №29-4 «2016-2020 жылдарға арналған БҚО аймақтық даму бағдарламасы туралы» шешіміне және 2016 жылғы 10 маусымдағы №4-8 «Мемлекеттік-жекешілік әріптестік жобалары және коммуналдық меншікке жататын объектілерге қатысты концессиялар жөніндегі комиссия құрамы туралы» шешіміне өзгеріс енгізу туралы мәселелер қаралып, депутаттар тарапынан қолдау тапты.
Мұнан кейін «БҚО бойынша тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесінің мүшесі Мереке Көбейсінов «Мемлекеттік аудит объектілерінің 2016 жылға арналған тізбелеріне «Ақжайық» футбол клубы ЖШС-ын енгізуді ұсыну туралы» облыстық мәслихаттың 2016 жылғы 15 қыркүйектегі №6-4 шешімінің орындалуы туралы баяндама жасады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменовтің азаматтардың жекелеген санаттарына амбулаториялық емделу кезінде тегін және жеңілдікті шарттармен дәрілік заттарды және мамандандырылған емдік өнімдерді қосымша беру туралы көтерген мәселесін де депутаттар қолдады.
Сессия жұмысын қорытындылаған облыс әкімі Алтай Көлгінов бірқатар атқарылған істер, алда тұрған міндеттер мен келер жылға жоспарланған атқарылатын жұмыстарға тоқталып өтті.
-Бүгінгі сессияның отырысында қаралған мәселелер өңіріміздің дамуы үшін өте маңызды. Алдағы үш жылдық бюджетті бекітуге, аймақтың даму бағдарламасының орындалуына қолдау көрсеттіңіздер. Бюджетті тиімді пайдалану туралы да жақсы ұсыныстар айттыңыздар. Бұл бағыттағы жұмыстарды қадағалауға, бұлжытпай орындауға барлығымыз мүдделіміз. Ағымдағы жылы барлық аудандарды аралап, жұмыс сапары барысында депутаттық корпуспен бірге жүрдік. Ондағы мақсатымыз халықтың мұң-мұқтажын бірге тыңдап, бірлесе шешу еді. Аудандарда болғанда ең маңызды мәселелердің бірі орталықтандырылған ауыз су мәселесі екендігіне көз жеткіздік. Орталықтандырылған ауыз сумен қамтылу жағынан еліміз бойынша төменгі көрсеткіште едік. Облыс көлеміндегі барлық ауылдардың тек 30 пайызы ғана таза ауыз сумен қамтылған. Осы мәселені құзырлы органдарға жеткізіп, бүгінде Үкімет тарапынан қолдау таптық. Нәтижесінде келер жылы елуге жуық елді мекенді орталықтандырылған ауыз сумен қамтитын боламыз. Бұл бағытқа 5 миллиард 700 миллион теңге қаражат бөлінді. Көгілдір отынмен қамту да өзекті мәселе. Ақжайық, Бөкей ордасы, Жәнібек, Сырым аудандарында 29 елді мекенге газ тартатын боламыз. Бұл мақсатқа республикалық және жергілікті бюджет есебінен 1 миллиард 600 миллион теңге бөлінді. Орал қаласындағы орталықтандырылған жылыту жүйесіне резервтік газ құбырлары қажет екендігі көптен айтылып келеді. Аталмыш мәселеге екі миллиард теңге қаражат қарастырдық.
Білім саласында да оң өзгерістер бар. Облыс орталығындағы халықтың саны жыл санап артып келеді. Тұрғындардың, әсіресе, балалар санының артуы - қуантарлық жағдай. Оларды сапалы біліммен қамту мақсатында келер жылы төрт мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Күні бүгін екі білім ошағының құрылысы басталды. Осы төрт мектептің құрылысына Үкіметтен 4 миллиард 300 миллион теңге қаражат бөлінді. Сапалы жол құрылысы мәселесіне де бөлінетін қаржы көлемі жыл санап көбейіп келеді. Келер жылы облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу жұмыстарына республикалық және жергілікті бюджеттен 7 миллиард 600 миллион теңге қаражат бөлінді. Ал «Нұрлы жол» бағдарламасымен жөнделіп жатқан республикалық маңызы бар жолдарға да қаражат бөлінетін болады. Оның сыртында Орал қаласының және елді мекендердің ішкі жолдарын жөндеуге де қаражат қарастырылады. Ең маңызды салалардың бірі - денсаулық сақтау. Өздеріңізге белгілі, биылғы жылы Елбасының тапсырмасына сәйкес Үкіметтен бөлінген қаражатқа 215 нысанға жөндеу жүргіздік. Оның ішінде 50-ден астам мектеп, он шақты денсаулық сақтау мекемелері, қырықтан астам мәдениет ошақтары, қала берді абаттандыру, жарықтандыру, жолдар салу секілді ауқымды жұмыстар бар. Бұл жұмыстар келер жылы да жалғасатын болады. Алдағы жылы Теректі ауданындағы емхана күрделі жөндеуден өтеді. Сонымен қатар денсаулық сақтау орындарына жаңа құрал-жабдықтар алуға 1 миллиард 200 миллион теңге бөлінді. Жедел жәрдем қызметін ширату мақсатында алынған жаңа автокөліктер де жақын күндері пайдалануға беріледі. Қалаға іргесіндегі Подстепный ауылына мәдениет үйін салу мәселесі де көптен айтылып келеді. Халық саны жыл санап артып отырған Подстепный ауылына 163 миллион теңгеге мәдениет үйі салынатын болады. Құқық қорғау саласына келер болсақ, олардың қалыпты жұмыс жасауы үшін күні бүгін жүзден астам көлік қажет болып отыр. Осы мәселені ескеріп, бөлінген қаражатқа 60 автокөлік алынды. Көліктер жақын күндері Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесі қарсаңында берілетін болады. Келер жылы 50 автокөлік алу үшін 160 миллион теңге қаражат бөлдік. Бұл қолдаулар полиция қызметін жетілдіру мақсатымен жасалуда. Сонымен қатар облыс орталығы мен аудандардағы жол ережелерін бұзу фактілерін азайту және қоғамдық орындардағы тәртіп бұзуды болдырмау мақсатында бейнебақылау камераларын қою жұмыстары жүргізілетін болады. Тек Орал қаласының өзінде 300-ден астам бейнекамера қойылады. Бұл жұмыстар - сіздермен бірлесіп атқарған ауқымды істер. Келер жылы да алдымызда көптеген міндеттер тұр. Оларды да бірлесіп шешу арқылы еңсереміз деп сенемін. Баршаңызды Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойымен құттықтаймын, - деді облыс әкімі Алтай Сейдірұлы.
Сессия соңында күн тәртібіндегі мәселелерге орай шешім қабылданып, кезекті сессияның төрағасы сайланды.
Нұрбек ОРАЗАЕВ