12.07.2025, 16:00
Оқылды: 617

Қаратөбе ауданы: Қоскөлде жаңа медициналық пункт пайдалануға берілді

Ұлт саулығы – елдің басты байлығы. Сондықтан мемлекетіміз денсаулық сақтау саласына әрдайым айырықша көңіл бөліп келеді.

Қоскөл медпункті 2025 (2)

Шілде айының 10-ы күні Қоскөл ауылдық округінің орталығы Қоскөл ауылында күрделі жөндеуден өткен медициналық пункт халық игілігіне пайдалануға берілді.
Медициналық пункт заман талабына сай құрылғылармен жабдықталған. 8 керуеттік күндіз жатып, ем алатын орын бар.

Қоскөл медпункті 2025 (4)
Аталмыш медициналық пункттің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан, аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрлан Меңдешов, округ әкімі Әділет Мусағалиев, аудандық аурухананың бас дәрігері Ербол Меңдіғалиев, денсаулық сақтау саласының ардагері Гүлбаршын Рахметова, медпункттің құрылысын жүргізген мердігер «Бекқалиев» жеке кәсіпкерлігінің өкілі Абзал Бекқалиев қатысты.
Ашылу салтанатының алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Карелұлы ауыл тұрғындарын жаңарған, сәулетті ғимараттың ашылуымен құттықтады.
Аталмыш іс-шарада 34 жыл Қоскөл ауылында қызмет жасаған сала ардагері Гүлбаршын Рахметова қоскөлдіктерге шынайы ризашылығын білдіріп, өзі қызмет жасаған кездерінен естеліктерін айтты.
– Мен, Ақтөбе медициналық иснтитутын 1983 жылы тәмамдап, осы Қоскөл ауылында 34 жыл дәрігер болып қызмет жасап, 2017 жылдың сәуір айында зейнеткерлікке шықтым. Жасыратыны жоқ ол кездерде қазіргідей емес, жұмыс қиындау болды. Арнайы көлік болмады. Сырқаттанған адамдарға қыста ат шана, жазда ат арба, болмаса совхоздың көліктерімен баратынбыз. Қазіргідей жарқыраған, сәулетті, іші жылы, жарық бөлмелері және заман талабына сай құрылғылармен жабдықталған жағдай болған жоқ. Қызметтің ыстық суығын көріп жұмыс жасадық. Бүгінгі қуаныштарыңызға ортақпын. Іші керемет медициналық құрылғылармен жабдықталған жаңартылған медициналық пункттерің құтты болсын. Халық игілігіне жарасын. Осындай керемет медициналық орынды ашып, ауыл тұрғындарына қуаныш сыйлаған мемлекетіміздің қамқорлығына, аудан, ауыл басшыларының ізгілікті істеріне, ғимараттың құрылысын жүргізіп, санаулы күндерде аяқтап, пайдалануға берген мердігерге зор ризашылығымды білдіремін, – деді денсаулық сақтау саласының ардагері Гүлбаршын Мергенқызы.

Қоскөл медпункті 2025 (5)

Аталмыш медициналық пункттің құрылысын қысқа мерзімде 4 айда аяқтаған мердігер Абзал Бекқалиев ауыл тұрғындарын үлкен қуанышынтарымен құттықтап, жүрекжарды жылы лебіздерін арнады.
Жаңартылған ғимараттың лента қию рәсімін аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан мен сала ардагері Гүлбаршын Рахметова жүргізді.
Аудан басшысының орынбасары Ж.Карелұлы, аудандық мәслихаттың төрағасы Н.Құмарұлы, сала ардагері Г.Мергенқызы жаңартылған нысанның ішін көріп, медпункттің жұмысымен танысты.

Ерболат Мырзағұлұлы
Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале