24.07.2025, 23:00
Оқылды: 92

Көшіріп әкелген - жақсы, көшпегендерді көтермелеген - одан да жақсы

Бүгінде ел ішінде елеңдетіп, сан түрлі пікір туғызып отырған мәселенің бірі — “Ауылды дамытамыз!” деген ұранмен қолға алынған “Ауылдық аумақтарды дамыту”, “Ауыл аманаты” “Қаладан ауылға” сынды мемлекеттік бағдарламалардың шынайы бағыт-бағдары. Әсіресе, қаладан ауылға көшіп келген азаматтарға үй, жер, жұмыс секілді әлеуметтік жеңілдіктер ұсынылып жатқанда, дәл сол ауылда өмір бойы тіршілік етіп келе жатқан, бар бейнеті мен маңдай терін туған топырағына сарп еткен тұрғындардың жағдайы тасада қалып бара жатқандай. 

IMG_4380

Сурет: egemen.kz

Шынында, “Ауылға барсаң — береке” деген аталы сөздің ар жағында қаншама тағдыр, қаншама үміт пен күдік қатар өріліп жатыр. Қаладан көшіп келгенге жайлы баспана, тұрақты жұмыс, субсидия мен көтермеақы. Ал ауылда туып-өскен, қиындығына шыдап, тіршілігін тастамай отырған қараша жұрт ше? Олар неге бұл игіліктен шет қалуы керек?

Қолына қара күрегін алып, таңнан тұрып малын бағып, егінін егіп, елге еңбегімен үлгі болып жүрген ауыл тұрғыны – нағыз ауылдың сүйегі. Бірақ, өкініштісі, ауылды ешқашан тастамаған осы нағыз еңбек адамдарына ешбір бағдарлама бағытталмаған. Көмек жоқ, көңіл де жоқ. Оларға ұсынылатыны тек - несие!

Яғни, бала шағын өткізген ауылында бала-шағасына жәрдемақы жоқ, қала берді балабақшада орын жоқ, баспанасы апатты жағдайда тұрған тұрғындардың немесе мүлде тамсыз жүрген ауылдастың әлде бір “құдай аясын” оқиғасынсыз мемлекеттен жылу көрмейтіні тағы шындық.

Былтырғы 2024 жыл - аудан үшін тарихи жыл, құрылыс жылы. Көктемгі тасқында үйіне топан су кірген сырымдықтарға мемлекет тарапынан жаңа үйлердің кілті табысталды. Әрине, қабырғаға сел соқтырып, тобықтай үйге торықпай кірген толқындар өзен жағасындағы тұрғындардың есінде әлі. Қара бұлттың соңынан күн шығары белгілі.Тасқын соқты, жағасындағы тамдарды қиратты. Бірақ, мемлекет тарапынан ұсынылған жаңа баспана иелерінің барлығының бірдей әуелгі үйлері тіптен тұруға келмейтіндей емес - ті.

Ауданымыздағы баспанасыз пәтерден пәтерге көшіп, бала шағасымен ағайынды аралап, бауыр біткенді жағалап жүрген ауылдастарымыз не істейді?!  “Біреудікі біреуге қыздай көрінеді” - дегендей, жұрттың бұзуға шешім алған үйлерін біреулер “Менікі болса!” - деп аңсады. Бірақ, заң оған рұқсат бермейді. Пәтер жағалап жүрген ауылдастар талай үйлерді ауыр техникалардың қырып, жүк көліктеріне тиеп жатқанын қимастықпен қарап тұрды.

Ауылдық жерде үйі апатты деп танылған немесе мүлде баспанасыз тұрғындардың ендігі үміті - мемлекеттік үй кезегі. Бүр ашып жайқалған көктемгі бәйтеректей болып ауданымыздың орталығынан көп қабатты үйлердің сорайған сықпыты көрініп келеді. Аудан басшылығының дерегінше жаңа пәтерлердің кілті үй кезегінде тұрған жандарға табысталмақ. Қуаныш. Көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы аяқталса, шаң басқан үй кезегінің тізімі бір жасап қалардай. Бірақ, бұл зәулім ғимараттардың ішінен аудан орталығынан тыс ауылдық өлкедегі жұрттың бармағына ілінер қызыл ленталы кілттің бары мен жоғы бұлыңғыр.

Мақала басында айтылған “Ауылдық аумақтарды дамыту” , “Қаладан ауылға” бағытындағы бағдарламалардың игілігі - ауылда баяғыдан тұратын қазақтарға тимей тұрғаны қиын.

Әрине, мемлекет қаладағы бүтіндей бір отбасыны ауылға әкеліп үй беріп, тұрақты жұмыспен қамтып жарнамада жариялаған жақсы өмірді туғызса құба-құп.

Байжан Ізімов мырза осыдан санаулы жылдар бұрын ата қонысы Көгеріс ауылына көшіп келді. Қаладағы қарбаласын тастап, жағдайының  жоқтығынан,жалақыға жарымағаннан келмеді. Оны елге жетелеген ыстық ықыласы, ауылға деген мөлдір махаббаты.

Жанұясын жанына алып, үш баланы ертіп ауылға келген сәттен туған жұртының тұрмысына сіңісіп кетті. Орал қаласында қайнаған “Мирлан” базарындағы қызметі, тіпті қаланың қақ ортасындағы жеке пәтерін ауылдағы үйге айырбастаған Байжан ол үшін өкінбейді.

Байжан Ергенұлын мазалайтын мына сұрақ:

  • Жаңа 2025 - 2026 оқу жылы есік қағып тұр. Ауылдардағы  өзекті мәселе - мектептегі бала саны
  • Ауылға көшіп кел,келсейші ауылға-деп қалада пәтер жалдап жүргендерге үгіт насихат жан жақтан қарша жауып жатыр - ау!Меніңше жергілікті атқарушы биліктің қолдау бағдарламалары піспеген. Үй береміз дейміз, беретініміз - жалдамалы үй. Мал береміз дейді, үкіметтің қай қорасында мал дайын тұр. Жұмыс тауып береміз дейді. Шағын ауылдарда жұмыс орыны - тек мектеп.  Бос орын жоқ. “Ауылыма қош келдің!” - деп кім жұмысын босатып береді ?
  • Жан - жақтан жанұяларды көшіріп әкелумен ауылды сақтай алмаймыз. Бірінші, тұрғылықты халықтың көшпеуіне жұмыс жасау керек. Жұмысты, тегін гранттарды, жаңадан салынған үйлерді ауылдың баяғы тұрғындарына беру керек. - дейді ол.

Айтуы орынды.

 

Қоңдыкер Елеуов, 

Сырым ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале