Орал қаласында “Өңірлік инвестициялық форум: КПО стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру” тақырыбында ауқымды іс-шара өтті. Бұл форматтағы форум Оралда алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Форумды Қазақстанның Мұнай-сервистік компаниялар одағы (KazService) мен Karachaganak Petroleum Operating B.V. (КПО) бірлесіп ұйымдастырды. Іс-шара мемлекеттік органдар, операторлар, бизнес өкілдері мен салалық сарапшылар арасында ашық диалог орнатуға арналған алаң ретінде өтті.

Форумда жергілікті қамтуды дамыту, өндірістік кооперация және өңірлердің тұрақты экономикалық өсімін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Алғашқы болып өткен пленарлық сессияда модератор қызметін KazService Президиумының Төрағасы Рашид Жақсылықов атқарды. Сессия барысында ҚР Энергетика министрлігінің вице-министрі, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Қызылорда облыстары әкімдіктерінің, КПО, AGIP Karachaganak B.V. және «Атамекен» ҰКП өкілдері сөз сөйледі.
Кәсіби пікір алмасу техникалық сессиямен жалғасты. Модератор — KazService бас директоры Айдос Қолдасов. Бұл сессияда КПО, IMBC, TKJV, KiosTechFlow және басқа да компаниялар өз жобаларын таныстырып, жергілікті қамтуды арттыру және отандық жеткізушілермен ұзақмерзімді әріптестік орнату жолдарын ортаға салды. Сонымен қатар, цифрландыру мен кәсіпорындарды басқару жүйелері тақырыбына арналған жеке панель өтті.

Форум аясында салалық көрме ұйымдастырылып, қатысушылар мұнай-газ саласындағы отандық компаниялардың өнімдерімен және технологияларымен танысты.

Түстен кейін форум түрлі тақырыптық бағыттарда B2B форматындағы кездесулермен жалғасын табады. Онда қатысушылар мұнай-газ жобаларына қатысу, өнім мен қызмет ұсыну бойынша өзара пікір алмасу мүмкіндігіне ие болады.

Форумға жалпы саны 200 адам қатысты. Қатысушылар қатарында еліміздің 7 өңірінен келген 70-тен астам қазақстандық компания өкілдері болды. Бұл көрсеткіш өңірлік жеткізушілердің белсенділігін және форумға деген жоғары қызығушылықты білдіреді.
Бекзат Қанаділов,
zhaikpress.kz
фото автордікі