9.08.2025, 18:30
Оқылды: 142

Татулық пен сыйластықтың үлгісі - алтын той

Казталов ауданы, Бостандық ауылында елдің құрметіне бөленген Тыныштық Губашев пен Жания Құбайқызының отасқандарына 50 жыл толуына арналған мерекелік іс-шара өтті.

image-09-08-25-06-11-3

Шаңырақ көтерген сәттен бастап жарты ғасырлық өмір жолында бір-біріне тірек болып, өнегелі өмір сүріп келе жатқан қос қарияның тойы ауыл тұрғындары үшін де үлкен қуанышқа айналды.

Мерекелік кеш ауылдық мәдениет үйінде ұйымдастырылып, той иелерін құттықтап, отбасы құндылығы жайлы ізгі тілектерін білдіруге ауылдастары мен ұрпақтары, туған-туыстары жиналды. Іс-шара барысында Тыныштық аға мен Жания апайдың өмір жолы баяндалып, естеліктері айтылды. Өнегелі өмірлерін ауыл мен елдің өркендеуіне арнаған ардақты жандар – бүгінде бір әулеттің ғана емес, тұтас бір ауылдың тірегі.

Тағылымы мол шара аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдана Мұханбетова, “Тоғжан” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алтын Ақбаева, Бостандық ауылдық округ әкімі Ербол Сақауов, ауыл ардагерлер кеңесінің төрағасы құттықтау сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді. Сонымен қатар аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдана Ғабитқызы алтын той иелеріне естелік сыйлық пен алғысхат табыс етсе, “Тоғжан” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алтын Ақбаева той иелерінің өмір жолы, еңбек еткен жолдары жайлы шағын кітапша табыс етті.
Кеш барысында әндер шырқалып, әжелер шашу шашты. Ең бастысы, елге сыйлы әулеттің татулығы мен бірлігін дәріптеген бұл мерекелік жиын ауыл жастарына үлгі боларлықтай өнеге кешіне айналды.

Бүгінде олар балалары мен немере-шөберелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешіп, шаңырақ шаттығын ұрпақтарымен бөлісуде. "Үй болу оңай, үй болуды сақтап қалу – үлкен жауапкершілік" деген Тыныштық аға мен Жания апайдың өнегесі – бүгінгі жас отбасыларға үлкен сабақ.

 

Мейірім Парасат,
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале