Жәнібек аудандық тарихи-өлкетану музей бөлімінің жаңа меңгерушісі тағайындалды.

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры болған Мирболат Ерсаевтың ағымдағы жылдың 1 тамыздағы №3541 бұйрығына сәйкес Батыс Қазақстан облысы тарихи-өлкетану музейі Жәнібек аудандық бөлімінің қор сақтаушысы қызметін атқарған Гүлназ Бақытжанова 4 тамыздан бастап аталған музей бөлімінің меңгерушісі қызметіне ауыстырылды.
Жаңа меңгерушіні қызметіне орналастыру үшін облыстан арнайы БҚО тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Ажар Берікқалиева, С.Ғұмаров атындағы музей-үйінің директоры Жанболат Мұханғалиев келді. Сонымен бірге аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов Гүлназ Гайдарқызын жаңа лауазымымен құттықтап, ақ жарма тілегін арнаса, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрболат Садырбаев бірлесе жұмыс атқаруға дайын екендігін жеткізді.
Гүлназ Гайдарқызы 1993 жылы 25 шілдеде Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы, Ақсуат ауылында дүниеге келген. Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының тарих факультетін «Құқық және экономика негіздері» мамандығы бойынша тәмамдап, жоғары білім алған. Еңбек жолын 2015 жылы Ақжайық ауданы, Қурайлысай ауылдық округіндегі Ж.Молдағалиев атындағы «Талап» жалпы білім беретін орта мектебінде құқық және экономика пәнінің мұғалімі болып бастаған. Кейін, 2019–2020 жылдары Жәнібек ауылындағы №1 мектеп-лицейінде инженер–компьютер операторы болып қызмет атқарды. 2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Жәнібек аудандық тарихи-өлкетану музей бөлімінде қор сақтаушы болып жұмыс істеп келді. Отбасылы, екі ұл тәрбиелеп отыр.
Арай Сейфолла,
Жәнібек ауданы