Жәнібек ауданында қазақтың біртуар суретшісі, театр қайраткері, қылқалам шебері Сәкен Ғұмаровтың музей-үйінің құрылғанына 30 жыл толуына арналған «Өмірім – менің жалғасасың» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.

Бұл тек көрме емес, қазақ өнерінің айшықты беттерін қайта парақтаған, жүректерге шабыт сыйлаған тағылымды кеш болды.Салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов, облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Ажар Берікқалиева, Сәкен Ғұмаров атындағы музей-үйінің меңгерушісі Жанболат Мұханғалиев және аудан тұрғындары қатысты.

Сәкен Нәжімеддинұлы 1937 жылы Батыс Қазақстан облысының Бөкей даласында дүниеге келді. Жасынан өнердің сан қырына қызыққан Сәкен жасөспірім шағында-ақ сурет, музыка, театр әлемімен етене араласты. Алматы көркемсурет училищесін тәмамдаған соң, Мәскеуде білімін жетілдіріп, сахналық безендіру, костюм эскиздері мен декорация жасауда өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды.

Суретшінің туындылары – қазақ даласының әсем табиғаты, ұлттық рух, аңыз-әпсаналар мен адам жанының сыршыл суреттері. Оның картиналарында көшпенді өмірдің болмысы, еркіндік пен сұлулық, ата-баба аманаты айқын сезіледі. С.Ғұмаровтың еңбектері Қазақстанда ғана емес, шетелдік көрмелерде де жоғары бағаланды. Ресей, Польша, Германия, Франция төрінде оның туындылары өнерсүйер қауымды тәнті етті. 1990 жылдары туған жерінде суретшінің шығармашылығына арналған жеке музей ашылып, ол бүгінде өнер мен тарихты ұштастырған рухани орталыққа айналды.Көрме басталар алдында бір минут үнсіздікпен Сәкен Ғұмаровтың рухына тағзым етілді. Алғашқы құттықтау сөзді аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов алып, суретшінің қазақ мәдениетіне қосқан баға жетпес үлесін ерекше атап өтті. Содан кейін облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Ажар Берікқалиева Сәкен Нәжімеддинұлының өнер мұрасын жас ұрпаққа насихаттаудың маңыздылығына тоқталып, шығармашылығы тек сурет емес, тұтас бір дәуірдің рухани айнасы екенін айтты.

- Сәкен ағаның туындыларына қараған сәтте біз қазақ даласының тынысын, көшпенді елдің мінезін, ұлттық болмысымыздың бояуын көреміз. Ол өз картиналары арқылы тарихымызды сөйлетті, даламыздың сұлулығын мәңгілікке қондырды. Мұндай өнер – ұрапққа қалдырған баға жетпес мұра, - деді ол.

Кеш барысында ақын Айтқали Нәріковтың «Сәкен Ғұмаровтың мұражайында» атты өлеңін аудандық мектептен тыс жұмыстар орталығының педагогы Саида Ізбасова әсерлі дауыспен оқып берсе, әнші Асылан Боранбаевтың орындауында «Ауылға сағыныш» әні залды сағыныш пен мақтаныш сезіміне бөледі.Одан соң ауыл ағасы, елге сыйлы азамат Сырмбек Жапақов жүрекжарды тілегін білдірді.Шара соңында Сәкен Ғұмаров атындағы музей-үйінің меңгерушісі Жанболат Жүсіпұлы қонақтарды суретшінің туындыларымен таныстырып, әр картинаның тарихы мен мазмұнын әңгімеледі.Бұл күн – тек бір адамның мерейтойы емес, тұтас қазақ өнерінің мерейлі мерекесі.Сәкен Ғұмаровтың өмірі өнерге адалдықтың, ал еңбектері ұлт руханиятының мәңгілік қазынасы.
Бану Самат
Жәнібек ауданы