Жаңақала ауданы, Жаңажол ауылында көрнекті ұжымшар қайраткері, КСРО-ның Ленин ордені мен екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденінің иегері Дүйсенбай Сухановтың туғанына 115 жыл толуына орай ескерткіш тақтаның ашылу салтанаты өтті.
Шараға Жаңақала ауданының әкімі Алпамыс Көшкінбаев, «Республикалық ауыл шаруашылығы ардагерлерінің ұйымы» ҚБ облыстық филиалының төрағасы Лавр Хайретдинов, Жаңақала мен Сырым аудандарының құрметті азаматы Есберген Әжібаев, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, еңбек ардагері Сисенғали Закария Жүсіпқалиұлы, қоғам қайраткері Мүсір Айтасовтың жұбайы Балғаным Кәкімова және Дүйсенбай Сухановтың ұрпақтары қатысты.
Салтанатты жиында аудан әкімі Алпамыс Жаңабайұлы құттықтау сөз сөйлеп, Дүйсенбай Сухановтың еңбегі мен өмір жолы жас ұрпаққа үлгі екенін атап өтті. Қайраткердің ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі мен ел тарихындағы орнына тоқталып, шараның тәрбиелік мәніне назар аударды.

Құрмет тақтасын ашу рәсімі ауыл ақсақалы, Дүйсенбай Сухановпен бірге еңбек еткен Жүзжасар Шабақов пен оның ұрпағы Әсел Сухановаға ұсынылды. Шара барысында Жүзжасар Шабақов өз естеліктерімен бөлісіп, Сухановтың шаруашылықты ұйымдастырудағы шеберлігі, ауылға мәдениет үйін салуы, колхозды миллионер деңгейіне жеткізудегі еңбегі туралы әңгімеледі. Сондай-ақ, қайраткердің еңбекке қол күшінің жетіспеушілігіндегі шешімдері, ұйымдастырушылық қабілеті мен адами қасиеттерін ерекше атап өтіп, шараны ұйымдастырған басшылыққа алғысын білдірді. Шара соңында қатысушылар Дүйсенбай Сухановқа арналған арнайы көрмеге шолу жасады. Көрме экспозициясына қайраткердің өз қолымен жазған өмірбаяны, түрлі кезеңдерден сыр шертетін естелік фотосуреттері мен бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мақалалар қойылды.
Игілікті шара Жаңақазан ауылдық округінде жалғасын тапты. Алдымен Дүйсенбай Сухановтың туыстары мен ұрпақтары оның зиратына барып, құран бағыштады. Құрметті қонақтарды жаңақазандықтар ақ дәммен қарсы алып, рухани іс-шара «Жаңақала перзенті» атты аудандық конференцияға ұласты.
Алдымен, конференция алдында көрнекті қайраткердің өмір жолына арналған көрме таныстырылды. Конференцияны аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев ашып, шараның маңыздылығына тоқталды.
Конференцияда Закария Жүсіпқалиұлы «Дүйсеақа – деді ел оны» атты мазмұнды баяндама жасады. Сонымен қатар, Лавр Рашидұлы, Есберген Әжібайұлы, Балғаным Жантолықызы, Нұрсұлу Ғалимоллақызы мен Гүлжиян Серікқалиқызы да қайраткер жайындағы жүрекжарды естеліктерімен бөлісті.
Жиын барысында Дүйсенбай Сухановтың елге сіңірген еңбегі мен адамгершілік келбеті кеңінен сипатталды. Конференция өз мәресіне жеткен соң ұрпақтары ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, қайраткер рухына арнап ас берді.
Сыйлыхан Жұмасалық,
Жаңақала ауданы