20.08.2025, 0:00
Оқылды: 227

Көк дөнен неге кісінеді немесе ақын жанарындағы жас

Біздің жақта біреуге Мүтәлі Төреғалиды таныстыру басы артық шаруа. Атбегі Мүтақаңды бәрі таниды. Оның жырға, әнге құмар екенін де қалың жұртшылық жақсы біледі.

photo-output

Толғанса, төрт жол өлең жазатындығы тағы да бар.

Мырзакөңіл Мүтәлі мырза өнер адамдарымен тең отырып сөйлеседі, тіпті талайымен сырлас-досқа айналған.
Ал, біздің бүгінгі қозғағалы отырған әңгіменің ырғағы - аяулы достық туралы болады десек дұрыс болар..

Көк дөнен неге кісінеді немесе ақын жанарындағы жас

Абыз ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, жерлесіміз Қадыр Мырза Әлидің елдегі інісің бірі – Мүтақаң-ды.

- Қадыр ағамен жүздесіп, жақын тарта сырласа бастауым 1990 жылдары басталды, - деп сөз желісін тарқатты Сырым ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері Мүтәлі Серікқалиұлы.
Ол жылдары Есберген Әжібаев көршілес Шыңғырлау ауданына басшылық қызметке ауысып жатты да мен ауданға хатшылық қызметке келген кезім.
Сол кезде Есберген маған өте мұқияттап:
Мүтәлі Қадырдың анасы Мағыраш әжені өзіңе тапсырамын. Жағдайына көз қырыңды саларсың , саулығын қадағалайсың, - деді.
Әрине, ананы құрметтеу парызымыз. Соның ішінде, қазаққа ақын туып берген ана болса, алдынан ақ кілем жаймаймыз ба? Есақаңның “ескертуі”, яғни аманаты және ойымда.
Әженің саулығын, хал-жағдайын үнемі біліп, хабардар болып отырдық.
Бірақ, шындығы керек әженің мінезі жеңіл болды десек өтірік айтқан боламыз.
Марқұм Мағыраш әже тікелей телефонмен қоңырау соғып, наз-көңілін айтып жүрді.
Әженің назын түсініп, жанын жұбатып , жылы сөз айтып жататынымыз бар-ды.
Бірде 1991 жылы аудан орталығындағы Мағыраш әженің үйіне Алматыдан Қадыр арнайы келді
Елдің азаматтары, лауазым иелері болып қарсы алдық, қасында Оралдан Өтеш Қуатов бірге болды.
Осы сапарда Қадыр мені жанына жақын тартып,  көшеде екі сағаттай әңгімелесіп жүрдік.
Сонда Қадекең маған:
Мүтәлі өзің де білесің анамның мінезін.
Алматы, Оралдан да пәтер алып бердік.
Елді сағынады, жеке тұрғысы келеді қайтесің, көндік
Елде көз көрген азаматтар , өзің бар дегендей көз қырын саласыңдар ғой, - деген еді.

Иә, ақын Қадекең анасын елдегі азаматтарға осылай аманаттап тапсырыпты. Ол – Алматыға анасының арманын арқалап кетті. Арман тәуекелді талап етеді, қымбаттарын қиюды сұрайды. Қадырға анадан алыс болу қиын болды. Шыдады, себебі арманға сатқындық қылуға болмайтын еді.

Ал, Мүтәлілер ақын жанын түсінді.
Азаматтар аманатқа әуелден де қиянат жасаған емес
Ақынның анасына қамқорлық, құрмет жасалды.
Мүтәлінің айтуынша Мағыраш әженің аудан орталығындағы пәтерін көздің қарашығындай сақтау , қажеттерін жеткізіп беру жағы Мүтәлінің зайыбы Мәншүк ханым, басқалай да азамат, азаматшалардың белсене қатысуларымен жүзеге асып жатты.

**** **** ****

Аудан орталығындағы Қадыр Мырзалиев атындағы орта мектептің мәжіліс залында 90 - шы жылы ақынмен кездесу шарасы өтті.
Сол шарада Қадекең ұзақ, толғаныс үстінде сөз сөйледі.
Кездесу үстінде өзімен үнемі бірге, қолқанат ретінде жүретін Мүтәлінің қызы Алмагүлдің қолын қысып тұрып, өзінің “Жазмыш” атты кітабына арнайы қолтаңбасын жазып естелікке берді.

1993 жылы Алматы қаласына Ақұштап апаның қызының тойына бардық. Елден Мақсот Берген, Самат Ғабдуллин және өзім бар, - деді Мүтәлі тағы естеліктің басын қозғап.
Салтанат жеңгей Ақұштап апаның қызының кіндік шешесі екен, тойда Қадекеңмен бірге отырды.
Ұзату той қытайдың мейрамханасында дүркіреп өтті.
Қадыр аға той үстінде елден келген азаматтар ретінде біздермен емен-жарқын, әзілдесіп, әңгімелесіп отырды.
Кейін Қызылорда қаласында ақындар айтысы өткізілуіне байланысты тойдың аяқталуын күтпей, ертерек баруы қажеттігін айтып, рұқсат сұрап тойдан ерте қайтты.
Менің есімде ұзақ сақталып қалған оқиғаның бірі – Сырым ауданында Қадыр Мырза Әлидің мерейлі 25 жасына байланысты аудан орталығында кең көлемдегі шарада ақынға ат мінгізгенім еді, - деді Мүтәлі.
Бұл 2010 жыл еді. Мәдени шара аудандық мәдениет үйінде өткізілді
Залда ине шаншыр орын болмады десем асыра айтқандық болмас.
Көршілес облысты айтпағанның өзінде республиканың әр жерінен келген қонақтар нөпірі өте көп болды.
Астана, Алматыдан да ақын, жазушылардың қалың қатары келді.
Осы шараның үстінде абыз ақын Қадырға араб тұқымдас “Бозторғай” атты сәйгүлікті мінгізу рәсімін жасауым қажет еді. Арғымақты сахнаға алып шығатын болдым.
Әрине, ақын шарасы тым созылып кетті, кезек-кезек мінбеге шығып сөз сөйлеушілер, өлең оқушылар қатары таусылар емес.
Ал, сахнаның артында арнайы көлікпен әкеліп , үстіне әдемі жабынын жауып, тұяқтарына лента байлап, әшекей-әбзелдері тағып қойған тұлпар тыпыршып тұрар емес.
Бәйгеде шауып қалған сәйгүлік әлсін әлсін жер тарпыды, тұяққа тіккен қап сөгіле берді. Ақыры, сахнадағы сөз сөйлеу рәсімі де аяқталып, ақынға сәйгүліктің тізгінін ұстатар сәт те жетті.
Қалың халықтың алдына көк дөненді шылбырынан ұстап жетелей алып шығып, тізгінді Қадыр ағаның қолына ұстатқанымда көк дөнен құлақтарын қайшылап , оқырана келе ұзақ кісінеп жіберді. Жұрт тына қалды.
Ал, ақын аға болса сахнада, көк дөненнің тұмсығына басын сүйеп, жанарына жас келе кемсеңдеп тұрғаны әлі күнге көз алдымда тұр , - деп Мүтақаң осы жерде ұзақ үнсіз отырып қалды
Бәлкім Қадыр ағасын аңсады ма, әлде айтқан сөздері есіне түсті ме екен ол жағын біз де біле алмадық. Әйтеуір, табиғат тамаша жаратылыстары - ақын мен арғымақтың арасында сезімдермен сөйлесу, ұғынысу, аңсап табысу болғаны рас.

image-19-08-25-10-57
Ал, осы жерде , “Ақ Жайықтың ақ шағаласы”,  атанып кеткен Халықаралық “Алаш” сыйлығының “Құрмет” орденінің иегері Ақұштап Бақтыгерееваның “Абыз ақын, аңыз ақын” атты жинаққа енген “Көк дөненнің кісінеуі” атты өлеңінен сәл үзінді келтіре кетсек артықтығы болмас:
Бүгін той 75 - тің есебі ме?
Созылып барады өзі неше күнге ?
Туған жер сағынышын басатындай ,
Шомылып Қадыр жырдың нөсеріне

Көрсін деп елдің сыйын ақын аға ,
Ақынды сүймесе олай шақыра ма ?
Оюмен жабулаған көк дөненді ,
Мүтәлі алып шықты сахнаға.

Бір нәрсе мынау жылқы түсінеді ,
Сезім бар онда жоқ кей кісідегі ,
Тізгінді Қадыр ақын ұстағанда ,
Көк дөнен ышқынып кеп кісінеді.

Халыққа кісінеді толып тұрған ,
Ақыннан кеткісі кеп болып құрбан
Көк дөнен кісінеді ақынды аяп ,
Шал кезде шаба алмайтын жолықтырған

Көк дөнен залға келген айдаладан ,
Тұрғандай жауап күтіп, айналадан
Құйғытып атқа шабар дәуреніңде ,
Бұл қазақ ат мінгізсе қайда болған ?

Бұйыру бақытым ғой ақын ұлға ,
Болар ең өзің ием, жақыным да
Ал сізде төрт ай ғана ғұмыр қалған ,
Мен сорлы кетем кімнің тақымында?
- деп жылқы болып сұрақ қояды Ақұштап ақын. Бұл сауалға жауап таба аламыз ба екен?
Мақаланың желісін Ақұштап ақынның өлеңімен аяқтағанды жөн көрдік. Соңғы шумақ:

Көк дөнен сахнадан кісінеді
Сезді екен жануардың іші нені ?
Заманда адамды- адам ұқпай жүрген ,
Тәйір - ай , жылқыны кім түсінеді?

Біз көк дөненді түсіндік пе?! Қадырдың ақын жүрегін ше?!

Мүсірбек Айташев
Сырым ауданы

Суретте: Мүтақаң ақынға көк дөненді

тосып тұр.
Таспалаған: Рафхат Халелов

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале