21.08.2025, 10:30
Оқылды: 245

Шаңырағымыз шайқалмасын

Ерте заманнан бері елдің діңгегі саналатын отбасы ұғымы – халқымыздың асыл құндылығының ерекше көрінісі. Отбасы мейірім мен махаббаттың, тәрбие мен сенімнің ошағы.  «Отан – отбасынан басталады» деген түсінік қазақ елі үшін бұлжымас тұжырым болатын. Алайда соңғы жылдары бұл ұғым мәні мен маңызын жоғалтып бара жатқандай. Иә, отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайтыны рас.

Marriage relationship misunderstanding problem

Сурет: istockphoto.com

Бүгінде ынтызарлықпен, сүйіспеншілікпен құрған отауларының іргесі бекімей жатып, "мінезіміз жараспады", "бір-бірімізді жөнді танымаппыз" деген желеумен жас жұбайлардың жолдарының екіге бөлінуі үйреншікті әдетке айналғандай. Тіпті таңғалмайтын болдық. Мамандар енді шаңырақ көтергендер 5 жылға дейін бір-бірін түсініп, отбасындағы кикілжіңдерге сабырлылықпен қараса, әрі қарай некенің тұрақты болатынын айтады. Десек те 10-15 жыл өткен соң да орта жасқа келгенде шаңырағы шайқалып жатқандар жоқ емес. Мұндайда ең әуелі зардап шегетін – бала. Өздерінің ұстанымы мен көзқарасын алға тартып, некені бұза салатындар баланың бақыты үшін күресті ме екен?  Ата-анасының арасындағы өзара түсінбеушілікті көзімен көріп, жүрегімен сезінген баланың санасында сан түрлі ойлар қалыптасып, жан дүниесі рухани күйзеліске түседі. Статистикаға сүйенсек, елімізде әр үшінші неке ажырасумен аяқталады. Оған негіз - екі жұптың арасына туыстарының түсуі, қызғаныш, тұрмыстық зорлық-зомбылық, маскүнемдік,  жұмыссыздық, қаражаттың жетіспеушілігі сияқты материалдық мәселелер көрінеді.

Бір кездері жүздерінен қуаныш пен бақыттың белгісі ерекше көрініп, қайғы мен қуанышта да, баршылық пен жоқшылықта да мәңгі бірге болуға серттесіп, махаббат айдынына қол ұстаса сапар шеккен қос ғашықтың  дәм-тұзының жараспауына не себеп? Ауданымызда ажырасу деңгейі қалай? Қозғалған тақырып аясында қажетті мамандардан пікір алуды жөн көрдік.

– Кез келген бала жылулық пен қамқорлықты, мейірім мен қолдауды өзінің отбасынан күтеді. Кәмелет жасына жеткенше ата-анасына арқа сүйейді. Ал ата-анасы ажырасқанда бұл функциялардың барлығы бұзылады. Еркекке әйел, әйелге ер табылар, ал балаға туған әке-шешесіндей ешкім жақын болмайды. Пенде болғандықтан, кейде “Ажырасып кетсем қалай болады? – деп ажырасқаннан кейінгі өмірімізді көз алдымызға елестетеміз. Мұндай ойдың тууына отбасындағы түрлі кикілжіңдер  себеп болады. Мәселен, арқа сүйейтін азаматының ішімдікке, құмар ойынға әуестігі, тұрмыстық зорлық-зомбылық, қаражаттың жетіспеушілігі т.б. Жалпы ер мен әйелдің психологиясы екі түрлі. Сондықтан олардың көзқарастары бір-біріне қайшы келіп те жатады. Егер ажырасу туралы ауыр ойда жүрсеңіз, “Мен неге отбасын құрдым?” деген сұраққа жауап іздеңіз. Ажырассам, өмірім оң жағына өзгереді десеңіз, қателесесіз. Мәселенің бірі бітсе, басқасы пайда болады. “Бастысы балаларым жанымда, жалғыз емеспін. Күйеуімсіз өмір сүре аламын” деген пікірден аулақ болыңыз. Өйткені балалар үйіңіздегі уақытша қонақтар. Олар есейіп, өз жолдарымен кетеді. Сіздің нағыз отбасыңыз жаныңыздағы жарыңыз. Әйел мен еркек отбасының тұрақты мүшелері. Қандай мәселені де ашық түрде, екеу боп шешкен дұрыс. Ашу дұшпан, ақыл дос. Агрессияға салынбай, ақылмен әрекет еткен абзал, - деп  психолог маман Анаргүл  Ишанова кеңесімен бөлісті.

Аудандық сотқа неке бұзу жөнінде өткен жылдың сегіз айында 42 арыз түсіп, оның 13-і қанағаттандырылса, биыл дәл осы кезеңде 38 тұрғыннан өтініш түсіп, 12-сінің некесі бұзылған. Аудандық сот әкімшісі басшысы Айгүл Ысқақова: - Қазір ер азаматтарға қарағанда әйел адамдардың құқығы басымдырақ болғандықтан, некені бұзуға әйелдер  себепші боп келеді. Көп жағдайда олар  жұбайларын өзінің дегенімен жүргенін қалайды. Жас ерекшеліктеріне  қарамастан бір күнде 5-6 арыз түседі. Өтінішті бірден қабылдаудан бас тартып, ойлануға уақыт беремін. Себебі әйелдер ақылдың емес, эмоцияның жетегіне еріп,  асығыс шешім қабылдайды. Ауданымызда отбасының ойрандалуына негізгі себеп - ерлі-зайыптылардың бір-бірінің көзіне шөп салуы. Елімізде жеңіл жүріске салынған нәзік жандыларды тоқтатуға заң жоқ. Сол себепті аядай ауылымызда да жеңіл жүрісті әйелдер жетерлік. Оңай ақша табу үшін отбасылы, қалтасы қалыңдау ер азаматтармен көңілдес болып, ұйып отырған бүтін бір отбасының шаңырағын ортасына түсіреді. Нәтижесінде баласы тірі жетім, әйелі ажырасқандардың қатарына қосылады. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған халқымыз қазір өз жұбайынан жерініп, перзентінен безетін күйде жүр,- деп күйінсе,  жергілікті АХАТ қызметінің басшысы Әсемгүл Ғұбайдуллина: - Отбасы - ең үлкен құндылық. Ешкім бастапқыда ажырасамын деп шаңырақ құрмайды ғой. Дегенмен өмірде әртүрлі жағдайлар орын алып жатады. АХАТ қызметіне бір некеде ортақ балалары жоқ немесе балалары кәмелеттік жастан асып кеткен ерлі-зайыпты өзара келісім бойынша жүгіне алады.  Кәмелеттік жасқа жетпеген балалары бар жұбайларға жергілікті сот шешім шығарады. Ауданымызда жыл басынан бері 34 неке қиылып, 5 неке бұзу тіркелген. Былтырғы жылмен салыстырып қарасақ, ағымдағы жылы неке бұзу 4 іске азайған. Ажырасуға асыққан ерлі-зайыптыларға бір ай уақыт беріледі.  Бір ай уақыт ішінде ойларынан айнып, татуласқан жұбайлар да жиі кездесіп жатады. Бұл, әрине, көңіл қуантады,- дейді.

Иә, отбасы - бір күндік емес, өмірлік серіктестік. Қиын сәттерде бір-біріне тірек болып, бірге еңсеру - мықты отбасының негізі. Шаңырақ шайқалмасын десек, сыйластық пен түсіністікті бірінші орынға қойып, әр адам өз отауының отын өшірмеуге тырысса, қоғам да тұрақты, ұрпақ та тәрбиелі болады.

 

Айзада Ақбасова,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале