Жазушы-сатирик, аудармашы, әдебиетші Сайымжан Еркебай туралы көп нәрсе айтуға болады. Әсіресе, бұл ақпар кейінгі жас үшін аса маңызды деп білеміз. Сайымжан Нұрсейітұлы Еркебай 1935 жылы Батыс Қазақстан облысындағы Тайпақ ауданы (қазіргі Ақжайық ауданы) Қурайлысай ауылында жарық дүниеге көрінген. Биыл, міне, 90 жылдық торқалы тойы. Алғашқы әңгімесі кезіндегі «Қазақстан пионерінде» (бүгінгі «Ұлан» газеті. – Ә.Б.) жарияланған жазушы келе-келе ел сыйлайтын азаматқа айналып, қазақ әдебиетінде өз қолтаңбасын қалдырды, шынайы шығармаларымен оқырман қауымның ықылас-ілтипатына бөленді. Алайда жарық дүниемен ертерек қоштасып, алпыстан асқан шағында өмірден өтті.

Нұрсейіттің Сайымжаны 1960 жылы Алматы шет тілдері институтының (қазіргі Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті. – Ә.Б.) неміс тілі факультетін тәмамдап, Атырау облысы аумағындағы Доссор кәсіпшілігіндегі мектеп-интернатта және Тайпақ ауданына қарасты Талап орта мектебінде неміс тілінен сабақ береді. Қаламгер «Мен білетін Асекең» (классик-жазушы Асқар Сүлейменов туралы естелік. «Қазақ әдебиеті» газеті, 1993 ж. – Ә.Б.) мақаласында осы кезеңді былайша сипаттайды, келісті етіп кестелейді: «1960 жылы Алматы шет тілдер институтының неміс тілі факультетінің соңғы курсында оқып жүргенімде тарихи материализм мен ғылыми коммунизм пәнінің мұғалімі профессор Глузберг дегенмен білім таластырам деп шатасып, мәселем деканатта қаралып, мемлекеттік емтиханға жіберілмей, келесі жылға қалдырылдым. Өзіме жолдама беріп, Гурьев облысының Мақат ауданына оқытушылыққа жіберді. Келесі жылы мамыр айының аяғына таман мемлекеттік емтихан тапсыруға Алматыға келдім. Қасымда сол жылы тоғызыншы класс бітірген немере інім бар. Шет тілдер институтының жатақханасында орын болмағандықтан, ініміз екеуміз ҚазПИ-дің жатақханасында, таныс жігіттердің қасына жатып жүрдік. Бір күні жолдастарым анадай жерде аяғын қайшылай басып кетіп бара жатқан, қара көйлекті, қара шалбарлы, шашын мейлінше ұзын етіп қойған ысқаяқ қара жігітті көрсетіп, «Анау кетіп бара жатқан аспирант Асқар Сүлейменов» деді. Бұрын-соңды аспирант көрмей жүрген ештеңем жоқ, әйткенмен, жолдастарым маған бейтаныс жігіттің есімін үлкен ілтипатпен атағаннан-ақ ол жігіттің бойында бір ерекшеліктің бар екенін сездім де: «Ал, ие, Асқар болса қайтеміз?» дедім қырсықтанып. «Ойбой, білмейтін пәлесі жоқ, нағыз ғұлама» десті олар. Мен оның ту сыртынан тағы бір көз жібердім. Ол кезде білімдар адамға деген сый-құрметім бөлек болатын. Бірақ тілдеспей, сөйлеспей тұрып бас ию де маған жатты. Төбесінен будақтап шығып бара жатқан білім байқалмайды, дегенмен желкесін жапқан ұзын шашы назарымнан тыс қалмады. Себебі, ол кездегі жастардың сүйікті модасы «канадка» деген болатын, ал мына шаш мүлдем бөлек. Бұлменің алғаш рет Асекеңмен сырттай танысуым».
С. Еркебаев 1967-1971 жылдар аралығында ол Алматыда Қазақ радиосының Әдебиет редакциясында редактор, сондай-ақ бөлім меңгерушісі болып қызмет етеді. 1974-1977 жылдары «Қазақфильм» киностудиясында сценарлық коллегия редакторы, 1977-1980 жылдары Кітап сауда бірлестігінде редактор, «Жұлдыз», «Парасат» журналдарында, «Қазақ әдебиеті», «Кітап жаршысы» газеттерінде әдеби қызметкер ретінде еңбек етеді. Қаламгер өзінен кейін «Алғашқы адым», «Жарылған бүр», «Ауыл кештері», «Жел өтінде» повестерін, «Аптапты алты ай», «Күйеу бала», «Мазасыз түн», «Кәмпит-аға» әңгімелерін, «Жолдар мен шақырымдар» романын, «Менің Қожанәсірім келді де...» деген сатиралық циклды қалдырып, әдеби ортаның да, қарақты көздің де назарына ілігіп, өзінің лайықты бағасын алған-ды. Сайымжан Еркебайдың аудармашылық қырын да тілге тиек етуіміз керек.
Мәселен, аутор М. Салтыков-Щедриннің «Бір мұжық екі генералды қалай асырады» ертегісін, сонымен қатар Отто Шнайдерайттың «Иоганн Штраус және көрікті көгілдір Дунайдағы қала» деректі хикаятын қазақша сөйлеткені белгілі.
С. Еркебайдың «Менің Қожанәсірім келді де...» кітабында сол кездегі қазақ қоғамын көреміз. Аутор уытты тілмен, қағытпа қалжыңмен елдегі түрлі жайттарды аяусыз шенейді. Аталмыш кітаптағы жанрларды өзі «әзіл, сықақ, оспақ, мысқыл, әжуа» деп айқындайды. Жинақ 1983 жылы «Жалын» баспасында жарық көрген-ді. Әр оқиға «Менің Қожанәсірім келді де...» деген түйінді сөзбен аяқталып отырады. Сатирик шындықты Қожанәсірдің аузына салады. Мәселен, ол былайша өріліп, көрініс тапқан-ды:
– Шөп басын сындырмайтын еді, күйеуі тастап кеткелі әбден азды, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Еденді, кірді өзі жуып, тамақты өзі даярлау әйел адамға оңай ма? – деді.
Немесе:
– Біздің бастық баспен жұмыс істеген адамдарды жақсы көреді, өте қадірлейді, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Түсінікті, не айтса да, шыбындаған аттай басты шұлғи беру керек болды ғой, – деді. Ол кезінде «Сарыбала», «Қарабала» сықылды әдеби псевдонимдермен бірнеше фельетон, әзіл әңгімелер жазған. «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет етіп жүргенде «Қожанәсірдің қоржыны» делінген айдар аясында талай ел есінде сақталған шығармалар жазды. Оқырманның ыстық ықыласына бөленді, көптің көңілінен шықты. Осы ретте, жазушы, драматург Рахымжан Отарбаевтың «Көрген-баққан» атты күнделігінен үзінді ұсынғымыз келіп отыр: «Сайымжан Еркебаев белгілі жазушы, қаламы уытты сатирик еді. «Басы кесілгендердің бәрі Махамбет емес» деген бірауыз сөзіне риза боп Ғабит Мүсірепов Жазушылар одағына мүшелікке алған. Адал, аңқау еді. 43 жасында үйленіп, өз тойын өзі басқарған хикаясы трагикомедияға бергісіз. Өзі айтар еді: – Жастау кезімде Алматының бір қызымен таныстым. Сыйласып жүрдік. Жалғыз анасы бар екен. Алып барып таныстырды. Көп отырған жоқпын, сәлемдесіп кіріп шықтым. Арада бір ай өткен. Жұмысқа барғалы таңертең трамвайға міндім. Бір орын бос тұр. Әлгі орынға бір мосқалдау әйелмен таласып қалайын. Ерегесіп, сөзге келіп, ақыры өзім отырдым. Екі-үш күн әлгі қыз көрінбей қойды. Үйіне іздеп барсам... әлгі трамвайдағы орынға таласып жүргенім сол қыздың шешесі екен. Ой, масқара-ай! Үйінен түріп айдап, қуып шықты. Алғаш барғанда болашақ енемнің бетіне де дұрыстап қарамағам ғой. Солай, бала, – деп, қып-қызыл шиедей боп күлетін жарықтық». Бұл жерден қабырғалы қаламгердің таза, адал, әділ, шынайы, көңілінде көлеңкесі жоқ жан екенін аңғару қиын емес. Осы аталған қасиеттер оның кейіпкерлерінің де бойынан әркез табылып отырды. Себебі, көркем шығарма – адам жанының, туындыгер дүниетанымының проэкциясы...
С. Еркебайдың «Алғашқы адымы» 1967 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген еді. Бұл – аутордың ең алғашқы кітабы. «Алғашқы адым» повесінде жастардың оқуға құштарлығы, мамандық таңдау кезіндегі қиындықтары, еңбекке ерте араласуы жан-жақты, асқан дәлдікпен баяндалған. Аталмыш көркем шығарма «Процент таласы», «Интермедия», «Жол іздегенде», «Күнделіктен үзінділер және хат», «Процент тартысының жалғасы», «Екінші интермедия» және «Аяқсыз қалған тартыс» секілді жеті тараудан тұрады. Бір байқағанымыз, туындыдағы аутор тілі, стилистикасы, жас өркеннің әдеби бейнесін кескіндеудегі шеберлігі, образ ашудағы поэтикалық қуаты айрықша екен.
Әдебиеттегі шеберлік һәм ұсталық – қысқалық, нұсқалық, нақтылық. Айтар ойды шашыратып алмай, ұзақ баяндап созбақтамай, бейнелі де ұғынықты сөз тіркестерімен түйіп-түйіп тастап отырса, оқырман одан жалықпасы анық. Оқырмандарды жалықтырып алмай, бір туындыдан бір туындыға жетелеп, еліктіріп отыру – қиын шаруа. Осы тұрғыдан келгенде, жоғарыдағы ерекшеліктерді Сайымжан Еркебайдың «Ауыл кештері» повесінен, «Аптапты алты ай», «Күйеу бала», «Мазасыз түн», «Кәмпит-аға» әңгімелерінен байқадық. Ал 1976 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген, он екі тараудан бас құраған «Жолдар мен шақырымдар» романындағы оңды идеялық-тақырыптық ерекшелікті, сюжеттік-композициялық құрылымдарды атап өтуге тиіспіз. Оның романы – оқиғалар түйіні, тосын шешіммен қызғылықты. Роман жазу оңай емес, ол қиын, машақаты мол жұмыс екенін білеміз. Роман өзге жанрлардан күрделігімен, полифонизммен, көпқабаттылығымен айрықшаланады. Қаламгердің әр шығармасы соңында, финалында оқырманға ой саларлық идея, мораль жатады. Сондай сәтте кейбір дүниеге басқа қырынан қарай бастайсың. Қаламгер күрделі дүниені бір қарағанда қарапайым сөзбен, екінші тараптан есті мысалмен түсіндіріп беріп отырады, оқуға да оңай, қорытуға да жеңіл...
Жазушы-сатириктің 2005 жылы «Өлке» баспасынан шыққан «Кертолғаулар мен терісқақпайлар» жинағында Қожанасырдың қанатты сөздері, ой-толғамдары қатар-қатар, тізбекті түрде берілген. Сайымжан Еркебайдың бұл кітабына өмірдегі, қоғамдағы, адам бойындағы пасықтық, парықсыздық, теріс қылықтар өзек болған. Ұнамсыз, жағымсыз әрекеттер қалжың, әзіл-оспақ арқылы сыналып отырады, ал олардың қай-қайсысы болсын оқырман айызын қандырып, күлкі сыйлары анық. Мысалы, онда былай делінген:
«Ежелгі даналардың айтқандарының бәрі қағаз жүзінде сақталып, бізге түгел жетпегені қандай жақсы! Маған да айтатын бірдеңелер қалыпты»;
«Жоғары білімді екі адамның баласы орта біліммен дүниеге келеді деп ойламаңдар»;
«Ақылды адамға ақыл қонбайды, себебі басында бос орын жоқ, демек ақыл айтамын деп әуреленбе!»;
«Көз жасыңда күннің сәулесі тұрғанға қуанба!»;
«Бейбіт өмірді жақсы көру үшін қан майданды
бастан кешіру міндет емес»;
«Ақшаңды ұсақтап, артығын қайтарып беретін сұрамсақтан сақтан»;
«Есті сөз айтқандар ақылды емес, есер әңгіме айтпағандар ақылды».
P.S. Әр аутор – eң әуелі өз халқының үнiн, oның тapиxындaғы eң өзекті деген мәceлeні қарақты көзге көpкeмдiк тұрғыдан өpнeктeй-өрбіте oтыpып жeткiзуге асығады. Халық көкeйіндегісін тап басып тану, елін қорғаштау – қалам иесінің пepзeнттiк бopышы. Сол борышты абыроймен атқарып, елге еңбек етіп, көптің алғысын алған қалам иелерінің бірі, бұл – Сайымжан Еркебай.
Әлібек Байбол,
жазушы-драматург,
Алматы қаласы