28.08.2025, 11:30
Оқылды: 748

Тарантасты «тіріліткен» Мырзаболат

"Қос қанат құсқа біткен маған бітсе, бармас па ем қалқатайға әлденеше", - деп әнде айтылғандай, барар жерге тез жету, алысты жақындататын жылдам көлік мәселесі көшпелі елдің қаперінен ешқашан кеткен емес. Салт жүру қолайлы, тез алайда, жасы келген үлкендер мен балалар, ауыру-сырқаулы адамдар үшін арнайы көліктің қажеттігін халқымыз ертеден білген. Ондай көліктердің біріне әртүрлі арбалар жатады. Ат арба, түйе арба, өгіз арба, тарантас, пәуескі т. б. болып бөлінетін қолдану аясы да әр түрлі. Жақында аудандық тарихи-өлкетану музейінде жаңа жәдігер - тарантас пайда болды. Жолаушылар тасымалдау үшін 19-ғасырдың аяғы мен 20-ғасыр бойы аса көп пайдаланылған тарантас көлігі болатын. Бұл көлік тек тасымал көлігі ғана емес, сонымен қатар тұрмыстық, шаруашылық көші-қонға да тиімді болды. Аталмыш жәдігердің музейде орын алу жайын тарқатып өтсек.

тарантас

Үнемі ізденісте жүретін музей директоры Тілеген Кенжетайұлы Ақсай қаласында тұратын ақтаулық жерлесі Жұмағұл Хусайыновта ескі тарантас барын естіп, іздеп барып, тарантас бөліктерін музейге тапсыру жөнінде қолқа салады. Елжанды азамат бірден келісімге келеді. "Бұл атамыз Жалмағанбетов Мәдірайымның тарантасы болатын. Ол кісі елге белгілі ұста болған адам еді. Менің әкем осы кісіде көмекші болып жасады, балғашы болды. Кейін тарантас ол кісінің ұлы Құмдардың қолына көшті. Соңғы кезде атамыздың көзіндей болған дүниені біздің үйге әкелді. Аса қымбат нәрсені жоғалмасын деп музейге тапсырып отырмын", - дейді Жұмағұл бауырымыз.

Осылайша тарантас музейге жетеді. Тозығы кеткен асыл мұраны қалпына келтіру ісін музей қызметкерлерінің қолдауымен, ұсыныстары бойынша музей жанашыры, қолөнер шебері, өлкетанушы Мырзаболат Қуанаев қолға алады. Мырзаболат шебер іске кіріседі. Жетпейтін дүниелерді іздей жүріп, Шоқтыбай ауылында тұратын Мұрат Әлиев атты азаматтан арба дөңгелектерін алады. Дөңгелектері бекітілген соң ағаштан арбаның үстін дайындайды. Бастапқы қалпын сақтау мақсатында арба үстіне арнаулы отырғыш, отырғыш астына құпия кішкене сандық (ақша, бағалы заттар т. б. үшін), отырғыштың арқалығына жапсарлас етіп қосымша үлкен сандық орнатылды. Терте жанынан құлын байлауға арналған байлауыш бекітіледі. Арбаның артқы бөлігіне жолда кездесетін жолаушылардың сыймай қалғандары мінгесу үшін саты бекітіледі (дәл кинодағыдай). Осылайша,жаңа жәдігер, тамаша туынды өмірге келді. "Біздің музей ұжымы әр ісімізге қолдау танытатын Мырзаболат ағамызға аса риза, алғысымыз шексіз",-дейді музей басшысы Тілеген Қалиев мырза. Жасаған жақсылығына алғыс арқалап, істеген ісін еліне арнаған қайырымды Қуанаевқа жерлестері де разы.

Адақ Танабайұлы,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале