4.09.2025, 19:00
Оқылды: 155

Әлеуметтік серіктестікке бастайтын меморандумға қол қойылды

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті мен ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының БҚО бойынша департаменті басшылығы екіжақты меморандумға қол қойды.

DSC04693

Бұл іс-шараға университеттің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов, облыстық статистика департаментінің басшысы Болат Мешелов, прфессор-оқытушылар құрамы және департамент өкілдері қатысты.
Алдымен сөз алған университет ректоры Асқар Мырзахметұлы әлеуметтік серіктестік орнату бағытындағы екіжақты меморандум сапалы мамандардың қатарын көбейтуге, ел игілігі үшін қызмет жасауға, заман талабына сай жаңа бағытта жұмыстануға септігін тигізетінін айтты. Өз кезегінде облыстық статистика департаментінің басшысы Б.Мешелов БҚАТУ-мен арадағы байланыстың меморандум шеңберінде одан әрі күшейе түсеріне сенім білдірді. Сонымен қатар осы жылдың тамыз айында ауыл шаруашылығы санағының онлайн жүйесін жүргізуге қолдау көрсеткен университет ұжымына алғысын білдірді. Маңызды науқанның тамыз айындағы нәтижесінде республика бойынша БҚО 95,5 пайызбен көш бастағанын айтып өтті.

DSC04606
Осылайша, Ұлттық статистика бюросы басшылығының тапсырмасымен жоғары және арнаулы орта білім орындарымен өзара меморандум жасасу жөніндегі іс-шараларды жергілікті департамент Жәңгір хан университетінен бастады. Жалпы қос тарап бұған дейін де статистика саласы бойынша ақпарат алмасу, кадр мәселесі, болашақ мамандарды кәсіптік тәжірибеден өткізу бағытында бірлесе жұмыстанып келді. Осы жұмыстарды жандандырып, жастарды мемлекеттік қызметке тартуды және кәсібилікке баулуды көздеген департамент ұжымы тарихы терең білім ордасымен өзара қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға дайын екендерін жеткізді.
Белгілі болғанындай, БҚО статистика департаментінде қызмет атқаратын 100-ден астам мемлекеттік қызметшінің 40 шақтысы – БҚАТУ түлектері.

БҚАТУ медиа орталығы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале