6.09.2025, 11:00
Оқылды: 329

Ришад Молдашов: «Жаттықтырушы ретінде чемпион тәрбиелеу – басты арманым»

Батыс Қазақстан өңірінің дзюдосы тағы бір қуанышты жаңалықпен толықты.
Теректі колледжінің дене тәрбиесі пәнінің оқытушысы Ришад Молдашов Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) ресми шешімімен Continental дәрежесіндегі «халықаралық төреші» атағын иеленді. Бұл мәртебе оның ұзақ жылдық еңбегі мен спортқа деген адалдығының нәтижесі.

photo-output
Қарапайым ауылдан шығып, әлемдік татамиде төрешілікке жол ашқан кейіпкерімізбен сұхбаттасып, спорт жолындағы алғашқы қадамдары мен жетістіктері жайлы әңгімелестік.

«Дзюдоға сыныптастарыммен еріп бардым»

— Алдымен өзіңіз туралы айтып өтсеңіз. Қай жақтың тумасысыз, қазіргі қызметіңіз қандай?
— Аты-жөнім – Молдашов Ришад Маратұлы. 1989 жылы 24 ақпанда Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Қалдығайты ауылында дүниеге келдім. 2000 жылға дейін туған жерімде білім алдым. Кейін Теректі ауданы, Подстепное ауылына көштік. Дзюдоға алғаш 2000 жылы Кубашев Баймулла Мақсотұлының қол астында жаттығуымды бастадым. Қазір Теректі колледжінде дене тәрбиесі пәнінің оқытушысымын және «Жекпе-жек» СТОРМБЖ мектебінде дзюдо күресінен жаттықтырушымын.

— Дзюдоға келу тарихыңызға тоқталсақ. Бұл спортты таңдауыңызға не әсер етті?
— 2000 жылы қыркүйек айында сыныптастарыммен бірге дзюдоға еріп барғанмын. Бірден ұнап қалды. Сол кезде ауылда басқа спорт үйірмесі жоқ еді. 2004 жылы жаттықтырушым бізді спорт мектептеріне апарды. Мен Ақмола облысы, Степногорск қаласындағы Бөгенбай батыр атындағы спорт мектебіне түсіп, 2006 жылы тәмамдадым.

«Төрешілікке қызығушылық жаттықтырушымнан басталды»

— Төрешілік жолға қалай қадам бастыңыз?
— Жаттықтырушым жоғары ұлттық дәрежелі төреші болатын, әділ төрешілігімен үлгі көрсетті. Университетті бітірген соң, 2010 жылдары облыстық жарыстарда төрешілік ете бастадым. 2012 жылы алғаш рет ҚР чемпионатында төрешілік еттім.

«Иорданиядағы емтихан – үлкен сынақ болды»

— Continental дәрежесіне жету жолыңыз қалай өтті?
— 2019 жылы ұлттық спорт төрешісі атандым. Халықаралық дәрежеге жету үшін балл жинап, үздіктер қатарынан көріну керек болды. Биыл сәуірде Ташкентте өткен емтиханға Қазақстаннан екі төреші ғана жіберілді. Кейін маусымда Алматыдағы семинарда бізге: “Тамызда Иорданияда емтихан болады. Дайынсыңдар ма?” – деді. Содан бастап ағылшын тілі мен ережелер бойынша дайындалдым. Емтихан үш кезеңнен тұрды: тест, сұхбат және практикалық бөлігінен. Тесттен 80% жинап, сұхбаттан өттім. Практикада татамиде төрешілік етудің барлық элементін көрсеттік.

— Сол сәттен есте қалған қызық оқиғаны айтып беріңізші.
— Алғашқы белдесуде ақ кимано спортшы иппонмен жеңді. Мен жеңісті жарияладым да, кетіп бара жатып, наушниктен бір нәрсе естідім. Дұрыс түсінбей: «To repeat», – дедім. Тағы да түсінбей тұрмын. Сәл қобалжып, «Something…» дегенді ғана ұқтым. Артыма қарасам, татамиде кішкентай тәттінің бөтелкесі жатыр екен. Оны алып, қоя салысымен: «Good», – деді. Сонда ғана тынышталдым. Әрі қарай бәрі сәтті өтті.

«Қазақстан төрешілері әлемдік деңгейде мойындалды»

— Қазақстандағы төрешілердің деңгейін қалай бағалайсыз?
— Өте жоғары. IJF рейтингінде үздіктер қатарында үш қазақстандық төреші бар. Мұндай көрсеткіш көп елде жоқ.

— Оқытушылық пен спортты қалай үйлестіресіз?
— Күнімнің бірінші жартысы колледжде сабақ беруге, екінші жартысы дзюдо жаттықтыруына арналады. Бұл екі сала бірін-бірі толықтырады.

— Жаттығуда балаларға қандай қағиданы үйретесіз?
— Тәртіп, құрмет және табандылық. Дзюдо – тек спорт емес, өмір мектебі.

«Чемпион болу міндет емес, ең бастысы – адам болу»

— Дзюдо сізге не берді?
— Дзюдо – менің өмірімді қалыптастырған спорт. Денсаулықты қадірлеуді, жаман әдеттен алыс жүруді, еңбек етуді үйретті. Оқушыларыма: «Чемпион болу міндет емес, ең бастысы – адам болу», – деп айтып отырамын.

— Спорттан тыс не шабыт береді?
— Отбасым. Жолдасым әрқашан қолдап, жігерлендіреді. «Қолыңнан келеді, істе» деп үнемі айтып отырады. Достарым мен жақындарым да демеу болады.

— Алдағы армандарыңыз қандай?
— Жаттықтырушы ретінде әлем немесе Олимпиада чемпионын тәрбиелеу. Төреші ретінде Олимпиада мен әлем чемпионатында төрешілік ету – басты мақсатым.

Анықтама: IJF төрешілер жүйесі

Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) төрешілерді үш деңгейге бөледі:
​1.​Continental referee – құрлықтық (континент) деңгейдегі жарыстарға төрешілік етеді.
​2.​International referee – әлемдік деңгейдегі турнирлерде төрелік жасайды.
​3.​IJF World referee – Олимпиада мен әлем чемпионаттарында төрешілік жасайтын ең жоғары санат.

Continental дәрежесіне жету шарттары:
​•​Қара белбеудің кемінде екінші дан иегері болу;
​•​Ұлттық жарыстарда мол тәжірибе жинау;
​•​Ағылшын тілін меңгеру;
​•​IJF ұйымдастыратын халықаралық емтихандардан өту.

Қазақстандағы төрешілерді даярлау:
Қазақстан дзюдо федерациясы IJF-пен бірлесіп семинарлар мен сертификаттау емтихандарын өткізеді. 2022 жылы Алматыда Азия елдерінің төрешілері қатысқан IJF Continental Refereeing Seminar өткен. Осындай шаралар еліміз төрешілерінің халықаралық деңгейде мойындалуына жол ашты.

401867fc-5f36-49cc-972f-874e5c572a93

Ришад Молдашовтың жетістігі – Қазақстан дзюдосының даму қарқынын көрсететін үлкен нәтиже. Енді ол Азия және халықаралық деңгейдегі жарыстарда төрелік ету құқығына ие болып, жас спортшыларға үлгі болады.

Сұхбаттасқан: Әдемі Талғатқызы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале