23.12.2016, 10:34
Оқылды: 96

Дирижер, композитор Еркін Нұрымбетовтің шығармашылық кеші өтті

nurimbetov   Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында Дәулеткерей атындағы халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры, ҚР Композиторлар одағының мүшесі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы мен «Құрмет» орденінің иегері, мәдениет саласының үздігі Еркін Нұрымбетовтің шығармашылық кеші өтті.


   Сондай-ақ кеш барысында композитордың «Ақжайық саздары» атты жаңа кітабының таныстырылымы болды.

  Шарада облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайыновтің атап өткеніндей, Еркін Шаяхметұлы - музыка саласының білгір маманы, туындылары елге кеңінен таралған композитор, кәсіби дирижер. Ол - отыздан астам әндердің, домбыра, қобыз, сазсырнай сынды аспаптарға арналған шығармалардың авторы. 2001 жылдан Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда қызмет етіп келе жатқан Еркін Нұрымбетовтің Дәулеткерей атындағы оркестрдің кәсіби жағынан шыңдалуына қосқан үлесі мол.  Халық және Қазақстан композиторларының таңдаулы туындыларын насихаттап, елге танылуына да ерекше еңбек сіңіріп келеді. Соның бір дәлелі - «Ақжайық саздары» атты кітабы. Мұнда арайлы Ақ Жайық, әсем Орал туралы әндер партитураларымен қоса берілген. Алдағы уақытта бұл жинақтың екінші томы да құрастырылмақшы.

  Шығармашылық кеште әнші-термеші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев, күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері Ермек Қазиев, Дәулеткерей атындағы оркестрдің домбырашылары, композитордың зайыбы, қобызшы, мәдениет қайраткері Жәмила Нұрымбетова өз өнерлерін көрсетті. Шараға Еркін Нұрымбетовтің Сыр бойынан арнайы келген ата-анасы Шаяхмет пен Сәрсенкүл де қатысып, талантты ұлының мерейлі сәттеріне куә болды.

Елжан Ералы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале