Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында көтерілген суды үнемдеу мәселесі – еліміздің қазіргі және болашақтағы экологиялық әрі экономикалық қауіпсіздігі үшін аса маңызды қадам. Қазақстан – су ресурстары шектеулі мемлекеттердің қатарында. Соңғы жылдары климаттың өзгеруі, трансшекаралық өзендердің жағдайы және ирригациялық жүйелердің ескіргендігі су тапшылығын одан әрі ушықтырып отыр.

Суды тиімді пайдалану және үнемдеу – ауылшаруашылығы саласының тұрақты дамуының кепілі. Өйткені қазір елдегі судың негізгі бөлігі егін шаруашылығына жұмсалады. Президенттің жаңа технологияларды енгізіп, тамшылатып суару, жаңбырлатып суару сияқты заманауи әдістерді кеңінен қолдану туралы тапсырмасы – осы саладағы түйткілдерді шешудің нақты жолы.
Сонымен бірге, суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру – тек шаруаларға ғана емес, бүкіл қоғамға қатысты міндет. Тұрмыстық жағдайда да су ресурстарын орынды пайдалану – болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік.
Мемлекет басшысының суды үнемдеуге баса назар аударуы – еліміздің экологиялық тұрақтылығын сақтап, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және табиғи байлықты әділ әрі тиімді пайдаланудың кепілі.
Нурбол Бөкеев,
Казталов коммуналдық шаруашылық жүргізуші құқығындағы кәсіпорыны директорының орынбасары