Атамекен өнер ордасының көрме залында жас фотограф, "Үркер" сыйлығының иегері Мейірбек Тажқұрановтың "Адам. Еңбек. Өлке." атты жеке фотокөрмесі өз шымылдығын түрді. Жұмысшы мамандар жылына орай ұйымдастырылған фотокөрмеде Мейірбек қызмет ететін "Жайық Пресс" ЖШС ақпарат агенттігі бөлімінің "Мамандар галереясы", "Qazaq village" фотожобаларының негізінде түсірілген жұмыстар ұсынылған. Жұмысшы мамандықтар туралы баяндайтын фотоконтенттің көрме форматында өтуіне мұрындық болған "Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы" қоғамдық бірлестігінің БҚО филиалының төрағасы Айдар Батырханов.

Фотокөрменің ашылуына еңбек ардагерлері, Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығы, облыстағы коммуналдық мекемелердің кәсіподақтарының өкілдері, "Жайық Пресс" ЖШС қызметкерлері, облыстық жастар ұйымдары және қала тұрғындары қатысты.


Мейірбек Тажқұранов фотоөнерге мектеп кезінен әуестеніп, кәсіби деңгейге дейін жеткен. Жас талант бүгінде көп жыл бойы жинақтаған тәжірибесі мен білімін қоғамға пайдалы жобаларда дәлелдеп келеді.
Бұл көрме Қазақстанда 2025 жыл – Жұмысшы мамандар жылы деп жариялануына орай ұйымдастырылды. Экспозицияда еңбек адамдарының еңбегі мен болмысын паш ететін ерекше туындылармен қатар, Ғұмар Қараштың 150 жылдығына және Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған фотожұмыстар да бар. Көрме сөресінен әлемнің үздік 50 және үздік 100 фотосуретінің қатарына енген шығармаларды тамашалауға болады.

— Қазір жұмысшы мамандықтар елеусіз қалып жатыр. Біз жылтырап жүрген жұлдыздар мен әншілерді жазбай танып жатамыз. Ал ел үшін елеулі жұмыс атқарып жүрген жұмысшылар көлеңкеде қалып отыр. Олардың еңбегін дәріптеу үшін 8 ай бойы суреттер түсірдім. Осы көрмеде 80-ге жуық туынды ұсынылған, — дейді Мейірбек Тажқұранов.
Фотокөрме қыркүйек айының соңына дейін жалғасады. Кіру тегін.


Бекзат Қанәділ,
Фото автордан
zhaikpress.kz