13.09.2025, 16:24
Оқылды: 237

«Шаруаларды қолдау шаралары күшейеді» - Ақылбек Сағитов

Ел Президентінің Қазақстан халқына арнаған "Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу" атты Жолдауын оқып, таныстым. Зер салған адамға маңызды құжаттың  бұлай аталуы тегін емес. Мемлекет басшысының бұдан бұрынғы үш Жолдауының тақырыбында "әділеттілік" деген сөз болғаны есімізде. Аз уақыттың ішінде "Әділетті Қазақстан" құру жолында  ауқымды реформалар жүзеге асырылды. Саяси жүйеде түбегейлі өзгерістерді бастан өткердік. Президент айтқандай, бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғаса бермек. Бірер жылдан соң Парламенттің бір палаталы болу ықтималдығы – соның бір дәлелі. Ал осы жолы жасанды интеллектінің қарқынды дамуы кезеңінде көштен қалудың қисыны жоқ. Оның салдары тым ауыр болатынын қаперге салған Президент үш жыл үшінде жаппай цифрлық елге айналуымыз қажет екенін қадап айтты.

WhatsApp Image 2025-09-11 at 18.45.36

Жолдау жүктеген міндеттер жетерлік. Ауыл шаруашылығы саласының өкілі болған соң, осы бағыттағы шаруаларды айтсам деймін. Президент атқарылып жатқан ауқымды іс-шаралар, мемлекеттік қолдау әлі де болса, агроөнеркәсіптің орасан зор әлеуетін толық ашуға жеткіліксіз екенін айтты. Мемлекет басшысы озық агроэкономикаға көшу үшін Үкіметтің нақты жоспары болуы керек деген сөзіне алып-қосарымыз жоқ. Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеудің маңызы осыған дейін де айтылды. Біздің аймақта бұл бағытта жақсы мысалдар жоқ емес. Мәселен, облыс басшылығының белсенді әрі келелі келіссөздерінің нәтижесінде ирандық инвестор мал терісін өңдейтін зауыт ашуға кірісті. Бұл – өңір экономикасына қыруар қаржы құйылады, жүздеген жұмыс орны ашылады деген сөз. Бастысы – тау-тау болып қоқысқа тасталатын тері-терсек, жүн-жұрқа кәдеге асып, қалдықсыз өнімге айналатыны. Келешекте сүйек-саяқты да қайта өңдеп, қажетімізге жарата алсақ, талаптанғанға табыс кілті көп.

Президент салалық министрлікке ішкі нарықты етпен толық қамтамасыз ету, экспорттық әлеуетті күшейту жөнінде тапсырма берді. Агробизнесті қолдау жоспарын әзірлеп, нақты қаржыландыру шараларын бастауды тапсырды. Жалпы тек ет қана емес, елдегі азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін барынша азайту – Үкіметтің стратегиялық бағыты. Соның ішінде әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі өнім болса, өңірімізде кейбір тауар түрлеріне тәуелділік байқалады. Мысалға, сүт өнімдері өзге өңірлерді айтпағанда, Ресей, Беларусьтен импортталады. Мал шаруашылығы қарқынды дамыған аймақ бола тұра, сүт өнімдерін өзге өңірлерден сатып алуды ақтау қиын. Былтырдан бері аймақта облыс басшылығының тікелей қолдауымен жалпы сомасы 6,4 млрд теңгеге ірі 4 сүт тауарлы ферманың құрылысы жүруде. Бұлар іске қосылғанда сүтпен қамту көрсеткішін 22-ден 40%-ға  жетеді. Бастысы, бұл көрсеткішке малданбай одан әрі дамуымыз керек. Осындай жұмыстар жалғаса берсе, ауылдарда кішігірім цехтар көбірек салынса, өңір сұранысын қанағаттандыруға ауылдық ағайынның әлеуеті жететіні анық.

Президент дәстүрлі ұлттық өнімдерімізді сыртқы нарыққа кеңінен таныту қажеттігін алға тартты. Аграрлық экспорттың нақты жоспарын әзірлеуді тапсырды. Осы ретте "Ауыл аманаты" бағдарламасының мүмкіндіктерін молынан пайдалануымыз қажет. Жобаға қатысушы ауыл тұрғындарының өнімін Қарашығанақ кен орнын игеруші алпауыт компаниялар мен олардың мердігерлеріне өткізу жөніндегі меморандум өте пайдалы әрі сәтті келісім болғаны сөзсіз. Өйткені шаруа өнімін қайда өткізем деп бас қатырмауы тиіс. Оның міндеті – қандай іспен айналысса да, сапалы өнім өндіру. Кейін жаңағыдай мемлекет қолдау көрсетіп, тауарын сатуға жәрдемдессе, бұл билік пен бизнестің берекелі бірлігі болмақ.

Президент шаруаларды қолдау шаралары күшейетінін айтты. Бірақ жасанды интеллект, цифрлық жүйе деген ұғымдар тек мемлекеттік құрылымдарға қатысты деген қасаң түсініктен арылып, мал баққан ағайын да, жер емген диқан да уақыт талабына сай тың технологияларды, жаңашылдықтарды енгізуге ұмтылуы қажеттігін қаперге салды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы жыл сайын 150 мың гектарға дейін су үнемдейтін технологияны енгізуді тапсырған болатын. Осы ретте "Мұқадес" шаруа қожалығының 160 гектар жерді екі жаңбырлатқыш техникамен суаруды үш жыл бұрын қолға алғанын айтқым келеді. Малазықтық судан шөбі егістігін ұлғайтып, төрт түріктің жаңбырлатқыш машинасын алуға қам жасаудамыз. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде бордақылау алаңын ұлғайту мақсатында мемлекеттің қолдауымен несие алмақпын. Бұрын мемлекет бордақылау алаңы құрылысына, яғни инфрақұрылым тартуға 50%-ға дейін субсидия берсе, қазіргі кезде оның шамасы 80%-ға жетті. Осының барлығы агроөнеркәсіп кешенін дамыту, шаруа адамдарын қолдау үшін жасалуда. Қорыта айтсам, бұл Жолдауда қамтылған мәселе аз емес, нақты тапсырмалар да жетерлік. Әлемде жаңа геосаяси тәртіп орнаған қазіргі кезеңде жайбасарлыққа жол жоқ. Қай жағынан да қуатты, сауатты болғанымыз абзал. Президент айтқандай, еліміздің көшін алға бастау – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз.

Ақылбек Сағитов,

Ақжайық ауданындағы "Мұқадес" шаруа қожалығының жетекшісі, облыстық мәслихаттың депутаты

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале