ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Елбасы жариялаған рақымшылыққа байланысты Батыс Қазақстан облысында 888 адамға кешірім жасалуы мүмкін.
Облыс прокурорының көмекшісі Әділ Ақмулдиннің айтуынша, соның 143-і бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатса, 743-і пробациялық қызмет бақылауында есепте тұрады.
Бұл - еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдегі тоғызыншы рақымшылық шарасы. Оның мақсаты бұрынғыдай түрмеде отырғандардың санын азайту емес, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай кешірім жасап, мейірімділік көрсету болып табылады. Осы орайда ТМД елдері арасында Қазақстан рақымшылық шарасын аз өткізгенін айта кету керек.
Біріншіден, рақымшылыққа ауыр емес қылмыс жасағандар ілігеді. Олардың ішінде әлеуметтік тұрғыдан қиын жағдайдағылар бар. Бұлардың бәрі бірдей еркіндікке шықпайды, көпшілігіне басқа жаза белгіленіп, пробациялық қызметтің бақылауында болады. Ал ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар үшін тек өтелмеген жаза мерзімі қысқартылады.
Мысалы, жасөспірімдер, екіқабат әйелдер, кәмелетке толмаған немесе мүгедек балалары барлар, жалғыз өзі ата-ана болып табылатын ер адамдар ауыр қылмысқа барған болса, жаза мерзімінің тең жартысы, қылмысы аса ауыр болса, бестен бір бөлігі қысқартылады. Сонымен қатар ісі тергеліп немесе сотта қаралып жатқан адамдардың қылмысы болмашы болса, рақымшылыққа ілігуі мүмкін. Рақымшылық аса қауіпті қылмыс жасағандарға қолданылмайды.
БҚО прокуратурасы түрмеден босағандардың әрқайсысына қалыпты өмірге оралуы үшін не істеуі, қайда жолығуы, нендей құжаттар керектігі нақты көрсетілген жадынама береді.
Елжан Ералы