2022 жылы қабылданған «Архив және болашақ ұрпақ» жобасының тұжырымдамасына сәйкес жыл сайын 21 қыркүйекте республика бойынша архив мекемелерінде «Ашық есік» күндері ұйымдастырылып келеді.

Осы дәстүр аясында Жәнібек ауданы №1 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушылары мен қосымша білім беру педагогі Мерген Задоров, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әдемі Ахметованың қатысуымен «Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архиві» Жәнібек аудандық филиалында «Тарихымның шаңырағы тәрізді, архив сенен таба аламыз бар ізді» атты тағылымды шара өтті.

Кездесуде оқушылар архив қызметінің мән-маңызымен танысып, өткеннің сырын сақтаған құнды құжаттар мен жәдігерлерді тамашалады. Архивистер Гүлшат Дәулетова мен Айымгүл Алдиярова архив тарихы мен заманауи қызметін түсіндірсе, филиал директоры Меңдігүл Фазылова Жәнібек жерінен шыққан майдангерлердің ерліктері мен тыл еңбеккерлерінің ерен еңбегі туралы сыр шертті.
Көрме барысында Ұлы Отан соғысына қатысқан жерлестеріміздің құнды мұралары, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова, Ерденбек Ниетқалиев сынды даңқты есімдер мен жергілікті ардагерлердің жауынгерлік жолдары туралы деректер таныстырылды. Сондай-ақ қоғам қайраткері, ақын Рахметолла Егізбаевтың, майдангерлер Тәмби Исқақов пен Тұраш Жұмашевтың жеке қорларынан алынған құжаттар көпшілік назарына ұсынылды.

Шараға қатысқан оқушылар архив қойнауынан табылған деректерге ерекше таңданыс білдіріп, тарихи жәдігерлерге қызығушылықпен қарады. Олар үшін бұл күн тарихпен жүздескен әсерлі сәт болды. Сонымен бірге Әдемі Серікқызы да ұйымдастырушыларға ризашылығын айтып:
– Архив халықтың қазынасы. Бүгінгі көргеніміз жас ұрпаққа тағылым, болашаққа өнеге», - деп өз алғысын білдірді.
Бану Берікқали
Жәнібек ауданы