19.09.2025, 12:00
Оқылды: 101

Ерікті болу да ерлік

Таяуда «Атамекен» өнер ордасында «Азаматтық жауапкершілік және волонтерлік: адалдық  құндылықтары негізінде» атты облыстық волонтерлер форумы өтті.

b164abd8-06c8-4243-84f3-5574bd1d8e64

Форум аясында жастар қозғалысының дамуына үлес қосып, қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысқан еріктілердің қатысуымен үш секциялық және бір пленаралық отырыс өтті. Пленаралық жиынға облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев пен жастармен жұмыс жүргізетін мекемелердің басшылары қатысты. Бұл іс-шараға тәжірибе алмасу үшін көршілес өңірлерден де ерікті жастар келді. Жиын алдында облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев еріктілердің елеулі еңбектерін атап өтіп, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып жүрген жалынды жастарға алғыс білдірді.

– Бүгінгі таңда облыс көлемінде 50-ден аса волонтерлік ұйым тіркелген. Олардың қатарында «Орал студенттер альянсы», «Жайық жастары», «Жастар рухы», «Орал жастары», «Қызыл жарты ай» сынды бастамашыл топтар бар. Онда 10 мыңнан аса ерікті тіркелген.

2024 жылы өңірде 300-ге жуық іс-шара ұйымдастырылып, оған 30 мыңнан астам азамат қатысты. 3 мың ерікті қайырымдылық, мәдени-ағарту, экологиялық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда. Ерікті болу тек қайырымды іс жасаумен шектелмейді. Еріктілік қызметі азаматтық ұстаным қалыптастырып, ел болашағына бейжай қарамауға тәрбиелейді. Бүгінгі форум өңірдегі еріктілердің әлеуетін күшейтіп, өзара тәжірибе алмасуға серпін береді. Облыс әкімдігі тарапынан еріктілер қозғалысына әрқашан қолдау көрсетіледі, – деді Қайыржан Ермекұлы.

«Волонтерлік қозғалыс: құндылықтардан іс-әрекетке» атты басқосуда сөз алған Темірлан Жолдыбай осы форум үшін арнайы Ақтөбе қаласынан келген. Жалынды жас небары 15 жасында «Эко-Мәдениет» деп аталатын еріктілер қозғалысын ашқан. Қазір аталмыш еріктілер тобында 600-ге жуық жас бар. Бұл ұйымның негізгі мақсаты – шаһар тазалығын қамтамасыз етіп, жастар мен жергілікті тұрғындардың бойына эко-мәдениетті қалыптастыру. Сондай-ақ жастарға тұрмыстық қалдықтардың адам мен табиғатқа қаншалықты зиян екенін ұқтыру, қоқысты құрамына қарай сұрыптау жәшігіне салуды дағдыға айналдыру.

– Бүгінде «Эко-мәдениет» еріктілер тобы «Ақтөбе» футбол командасымен келісімшартқа отырды. Жаз мезгілінде шаһарымызда ала доп бәсекесі қызады. «Ақтөбе» еліміздегі көшбасшы командалардың бірі болғандықтан, стадион әркез жанкүйерге лық толы болады. Әрине, тіскебасар тәттісіз, шөл басар сусынсыз екі сағат бойы тапжылмай матч көру қиынға соғады. Көп жағдайда футболсүйер көрермен соңында қалған қоқыстарды бірге алып шықпайды, оны арнайы жәшіктерге тастамайды. Міне, ойын аяқталып, ел-жұрт үй-үйіне тараған сәтте біздің еріктілер тазалық жұмыстарына кіріседі.  Бас-аяғы 20-30 минутта қоқыс салынған қаптар футбол алаңынан шығарылады. Мемлекет басшысының бастамасы негізінде республика көлемінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтуде. Акция барысында жастар қаламыздағы саябақтарға, көпшілік демалыс орындарына, көшелер мен тұрғын үй маңдарына, шағынаудандарға апта сайын сенбілікке шықты. Менің ойымша, біз қала қоқысын жинап, шаһар шырайын ашқанымызбен, табиғатымызға қамқорлық жасай алмай отырмыз. Тұрмыстық қалдықтарды тиеген жүк көліктері қоқыс полигонына сан мың мәрте тасымал жасайды. Ал ол полигон әртүрлі себептермен жылына бірнеше рет өртенеді, ондағы пластиктерден, картон қағаздардан ауаға зиянды түтін тарайды. Біз сол лас ауаны жұтып жүре бермеуіміз керек. Денсаулығымыз бен болашақ ұрпақтың саулығын сақтау үшін қазір нақты қадамдар жасауға тиіспіз. Ол – қарапайым болып көрінетін маңызды әрекеттер. Қоқысты арнайы жәшікке лақтыру, сұрыптау контейнері бар болған жағдайда қалдықтың құрамына қарай бөліп салу. Біз істегенді ертең іні-қарындастар қайталайды. Жастар қоғамға жаңашылдық әкеле алады деген тың тұжырымды шындыққа айналдыралық! –  деді «Эко-мәдениет» еріктілер тобының жетекшісі  Темірлан Русланұлы.

Одан кейін алқалы басқосу «Инновациялық көшбасшылық және қоғамдық белсенділік» тақырыбындағы секциялық отырысына жалғасты. Атырау қаласынан келген қонақ, Атырау облыстық «Орта жастары» қоғамдық қорының төрағасы Әділет Сәбитов «Еріктілік жолында тапқан достарым екінші отбасыма айналды» дейді.

– Мен Атыраудағы Х. Досмұхамедов атындағы университетте мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығында білім алдым. Бірінші курста университеттегі іс-шаралардың өтуіне атсалысып жүрдім. Одан кейін жанымдағы топтастарым қалада еріктілер қозғалысы бар екенін, әрі белсенді жастарды қабылдайтынын жеткізді. Осыдан соң облыстағы ауқымды әртүрлі жиындардың жүзеге асуына үлес қостым. «Сөйлей-сөйлей шешен боларсың» дегендей, жиын тізгіншілерінің сөз саптауына зер салып, өзін өзі ұстауына мән беріп, ақыры мен де модераторлық қабілетімді шыңдадым. Сахна төрінен жиі табылғандықтан мені біраз адам тани қалды. 2018 жылы екінші курсқа қадам басқанда оқу ордамыздағы студенттік парламент президенті атандым. Сол жылдары студенттерден команда құрып, уақытымызды тиімді де қызықты өткіздік. Атырау облыстық «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Абылай Құрметұлына жастар саясатында ойып тұрар орын алатын азамат деп айдар тағар едім. Себебі оның бұл жолда сіңірген еңбегі өлшеусіз, – деді Әділет  Сәбитов.

592e333e-5528-48ae-912f-ab2df414cdf7

Секциялық отырыстар тәмамдалған соң панельдік отырыс өтті. Бұл іс-шараны «Орал студенттер альянсы» корпоративтік қорының төрағасы Тасболат Серікқалиев жүргізді. Оған «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Архат Исламғали, сертификатталған волонтер, ұлттық волонтерлік желінің өңірдегі өкілі Сымбат Егізғали, облыстық қоғамдық даму басқармасының азаматтық қоғам және жастар ісі жөніндегі бөлімнің басшысы Мирфат Бисекенов, Орал қалалық ақпараттық талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Дулат Жүсіпқалиев қатысты. Сондай-ақ бұл отырыста аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтарының басшылары, өңірдегі ерікті жастар да болды. Іс-шара соңында белсен-ді бірнеше ерікті жас облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің  алғысхатына  ие  болды.

Нұрым Қайырболатұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале