19.09.2025, 12:30
Оқылды: 359

Ақынды танып болдық па?..

Жерлесіміз, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Қадыр Мырза Әлидің туғанына – 90 жыл. Қадырды ақын ретінде тану жалғаса береді. Ал біз азамат Қадырды, туған жері үшін перзент Қадырды таныдық па?!  

WhatsApp Image 2025-09-19 at 12.40.59

Қадыр ақынның жымпитылық өнер иесі, театрдың тарланы Қанатқали Рахметовтің туған балдызы екенін, бауырдай араласып, дастарқан бөлісіп, шаңырақ сыйласқанын бүгінде жұрттың бірі білсе, енді бірі білмесі хақ.

WhatsApp Image 2025-09-19 at 12.43.07

Бүгінде Қанатқалидың ұлы, Сырым аудандық балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығында вокал үйірмесіне жетекшілік ететін ұстаз, өнер саңлағы Қайрат Рахметовтің (суретте) нағашысы Қадыр жөнінде айтары бар.

«Қайран қадыр нағашым!» немесе әкесін аңсаған ақын

– Аудан орталығындағы Абай атындағы көшеде тұрған үйімізге сонау Алматыдан Қадыр ақын жиі келіп тұратын, – деп еске алады Қайрат балалық кезеңіне шолу жасап.

Ақынның жиені әңгімесін былай жалғады:

–  1978 жылы анам Зәуре қатты науқастанып, Алматыдан інісі Қадыр халін білуге арнайы келді. Мен ол жылы төртінші сыныпта оқимын. Сонда нағашым апасының қасында ұзақ отырып, әңгімелесті. Соңынан да жиі хабарласып тұрды. Алматыдан пошта арқылы дәрілер жіберетін. Ақыры, анам дерттен айыға  алмай  көз  жұмды ғой...

Туғанынан айырылу оңай ма?! Анамның қазасы бауыры Қадырға қатты тигенін сездім. Оның ақындық жүрегіне жүк түсті. Қадыр апасына соңғы құрметі ретінде  зиратының  басына  арнайы сөзін жазып, белгісін орнатты, – дейді  Қайрат.

Сахнаның сәні болған әкесі, Қадырдың әйгілі «жиналыс деп жүретін, демалыс деп жүретін, шаршамайтын жездекесі» Қанатқали Рахметов баласы Қайраттан зор үміт күтіп, Алматыдағы Ахмет Жұбанов  атындағы  саз мектебіне  оқуға да апарған-ды. Бірақ балалық кезең, ауылды сағыну бар дегендей, Қадыр нағашысының үйінде ұзақ болмай, ауылға  оралады.

Қадыр ақын елге  қаламгерлермен сапарлап келгенде жездесінің шаңырағына салмақ салмай, күтіп, қарсылаған лауазым иелерінің құрметін ғана қабылдап, ал шаңыраққа тек сәлем беріп, амандық білуге соғады екен. Ал енді Алматыдан дәмі тіл үйретін, иісі танауыңды жаратын алманы жәшікке салып, поштамен жіберіп тұруы – туғанына қарайлаған ақынның  ниеті  емес пе?!

Ауыл кішкентай. Поштадағы қызметкерлердің «Алматыдан нағашыңнан арнайы сәлемдеме келді» деп жар салулары да сол кездің сәні, жарасымды сәті болатын.

WhatsApp Image 2025-09-19 at 12.45.16

– Қадыр нағашы марқұм болған соң, Алматыға 40 күндік садақасына  зайыбым Айгүлмен арнайы бардық.  Салтанат жеңгей, ұрпақтары қарсы алды. Сонда көп әңгіме айтылды, Салтанат жеңгей маған нағашыңның көзіндей көрерсің деп галстугін берсе, өзінің қолындағы зерлі білезігін шешіп алып, Айгүлдің қолына тақты. Ал Қадекеңнің ұлы Ғазез әкесінің кітаптарын маған естелік  ретінде ұсынды, – дейді Қайрат  Қанатқалиұлы

Сондай-ақ Қадекеңнің зайыбы Салтанат сол кезде ұрпақтары арасында Қадырдың жолын қуған ақынжанды  ұрпақ жоқтығын, бәлкім немерелері арасынан шығып қалар деген үміті бар екенін де айтыпты.  Қайраттың айтуынша, Қадырдың ұлы Қуаныш марқұм болса, ұлдары Ғазез, Алмаз қазір Алматыда.

Қайрат бір сөзінде жерлесіміз Донеділ Қажымовтың ұсынысымен ауданда Қадыр жөнінде деректі фильм түсіруге бастамашы болып, елдің азаматы, қазір партия қызметінде жүрген Талғат Дарғожиевті қасына ілестіріп бірге жүргенін айтты. Ал облыста ақын Қадырдың өлеңіне ән жазу  байқауына қатысқан 20 сазгердің арасында Қайраттың ұлы Алтынбек Қанатқалиев ақынның «Өтті, кетті…» атты өлеңіне ән жазып, жүлделі үшінші орынды иеленгенін де айта кеткен жөн.

Жалпы, ұзын құлақтан естуімше, Қадырдың әкесі төрт ағайынды болған сияқты. Бірақ бұл жөнінде Қадырдың анасы Мағыраш марқұм да жақ ашпастан, ештеңе айтпай кетті. Неге бұлай? Осы сауалдың мені жиі  мазалайтыны рас. Ал соңғы бір келгенінде Қадыр нағашым  ауыл іргесіндегі қорымды ұзақ аралап, тас белгілерге үңіліп, әке зиратын іздеді. Бірақ таптырмады.

WhatsApp Image 2025-09-19 at 12.46.09

– «Әкемнің жатқан жерін тапсам, белгі орнатсам деген арманым бар. Сол жерді көрсетер адам болса шіркін!» деді ақын нағашым, – дейді Қайрат  сол  шақты  еске  алып.

Қайрат Рахметов Қадыр нағашысынан сақталып қалған  кейбір дүниелерді, суреттерді көрсетті. Көбі қолды болып кеткенге  ұқсайды.

Алда Қадыр тойы, ал ақын Қадыр жөнінде әлі де айтар, жазарлық дүние баршылық. Ал манағы сұрақ жадымызда жаңғыра берді. Расында да, Ғинаят әкенің бейіті қайда?! Қадекең әкесінің атын «Ғыйнаят»  деп  жазыпты.

Мүсірбек Айташев,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале