19.09.2025, 17:00
Оқылды: 89

Ауылды таңдаған ақ желеңділер

Бүгінде «Жастар тәжірибесі», «Дипломмен ауылға» бағдарламалары жастардың жедел жұмыс табуына мүмкіндік беруде. Сырым аудандық ауруханасында осы жобалардың игілігін көріп жатқан жас мамандар бар. Осы туралы аудандық  аурухана директорының емдеу  ісі жөніндегі орынбасары Мергүл Сарғожиева кеңінен тарқатып айтып берді.

Мергүл Саргузиева

Жоғарыда аталған бағдарламалар негізінде аудандық ауруханаға онға жуық жас қызметкер келіп, жұмысқа алынған. Қазір аудан орталығындағы емханада ақ желеңділер жеткілікті. Олардың дені – денсаулық сақтау саласында бірнеше жыл еңбек еткен тәжірибелі мамандар. Дегенмен ауданға қарасты кейбір ауылдарда маман тапшылығы бар дейді Мергүл Серікқызы. Жас мамандар аудандық ауруханада аға буынмен тәжірибе алмасып, алты ай немесе бір жылдан соң ауылдардағы медициналық нысандарға қызметке  жолданады.

– Биыл Қосарал, Қособа ауылдарындағы медициналық пункттерге жас мамандар жұмысқа жіберілді. Келер күндерде Талдыбұлақ, Тасқұдық, Қазақстан ауылдарына биыл дипломын қолға алып, үлкен өмірге қадам басқан жас мамандарды жолдаймыз. Мұндағы білікті мамандар жастарға бар білген-түйгенін үйретіп, тәжірибесімен бөлісуде. Науқаспен жылы қарым-қатынас орнату, науқастардың ауруын анықтау секілді түрлі әдісті меңгертуде. Теория жүзіндегі ілім-білімін практика тұрғысында қолдануға машықтануда. Ақ желеңділердің қатарына қосылған жас қызметкерлердің басым көпшілігі – Оралдағы жоғары медициналық колледждің түлектері. Жұмыс барысында олардың салаға қатысты білім деңгейлері жоғары екенін аңғардық. Өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тәлімгерінен жасқанбай сұрап, «білемін, үйренемін!» деген талаптары бар. Жұмысқа жауапкершілікпен қарап, уақтылы келеді және қызмет барысында салғырттық танытпайды. Мансап орталығы арқылы өтінім берген жас мамандарды «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында жұмысқа қабылдаймыз. Оған шектеу жоқ. Сырым ауданы республикалық маңызға ие Самара-Шымкент тас жолының бойында орналасқандықтан, мұндағы ауруханаларға білікті мамандар қажет. Қазір ауданға қарасты ауылдық меднысандарға хирург, травматолог мамандары жетіспейді. Мәселен, ауданға қарасты Бұлдырты ауылында тұрғындар көп шоғырланған. Ондағы амбулаторияға дәрігер керек. Дәл осы күйді Қосарал, Аралтөбе ауылдық дәрігерлік амбулаториялары да кешіп отыр.  Біз маман тапшылығын шешу үшін бар қажетті әрекетті жасап келеміз. Аудандық ауруханадағы білікті мамандар ауылдық жердегі халықтың денсаулығын тексеру мақсатында іссапарларға жиі шығып тұрады. Осы күнге дейін ешбір азаматтың шағымы назардан тыс қалған емес. Ауданға қарасты Алғабас, Тоғанас ауылдарындағы дәрігер зейнет жасына жетсе де, оның орнын  алмастыратын маман болмағандықтан әлі де қызметте жүр. Немережиендерінің ортасында мәзмейрам болып демалар шағында келісімшартқа отырып, қызмет мерзімін ұзартқаны үшін ол кісіге аурухана атынан алғыс айтамыз.

Аудан жұртшылығы да антына адал ақ желеңділерге дән риза! – деді директордың емдеу ісі жөніндегі орынбасары  Мергүл Сарғожиева.

Басшының орынбасары былтыр ауданда қызылша, көкжөтел жұқпалы аурулары дендегенін айтады. Тексеріс барысында науқастардың тоқсан пайызының екпе алмағаны анықталған. Мемлекет бекіткен екпе егу іс-шаралары ауданда жүйелі жүргізілетінін де тілге тиек етті. «Адамның басты байлығы – денсаулықты күтіп ұстаймыз десек, уақтылы скринингтік тексерістен өтіп, дәрігерге қаралып, кеңестерін тыңдаған жөн», – дейді Мергүл  Серікқызы.

Н Меңдешов

Астана медициналық университетін фармацевтика мамандығы бойынша тәмамдаған Нұрболат Меңдешов қазір Сырым аудандық ауруханасында фармацевт болып еңбек етуде. Ол Астана қаласындағы жоғары оқу орнына грантқа түсуді бала күнінен армандаған. Сөйтіп ҰБТ-дан 102 балл жинап, ауылдық квота негізінде тағы да қосымша ұпайды иемденіп, діттеген мұратына  жеткен.

–  Егер мектеп түлегі ауылдық квота негізінде жоғары оқу орнына түссе, ауылдық жерде міндетті түрде үш жыл жұмыс істеуі тиіс. Қазіргі таңда мемлекет «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы жас мамандарға қолдау көрсетіп жатыр. Мен де аталмыш бағдарламаның игілігін көрудемін. Бүгінде менің аудандық ауруханада еңбек етіп жатқаныма бір айға жуықтады. Науқас азаматтарға дәрігердің берген тізімі бойынша дәрілер беремін. Бұл дәрілер МӘМС жүйесі немесе тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде азаматтарға тегін табысталады. Дәрі алатын тұрғындарда медицина қызметкері берген рецепті болуы шарт. Қазір жалақым 200 мың теңге көлемінде. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие негізінде үй алу жоспарда бар. Қазір аудан орталығында айына 20 мың теңгеге пәтер жалдап отырмын. Өзімнің туған жерім Аралтөбе ауылы Жымпитыдан 30 шақырым жерде орналасқан. Демалыс күндері ауылыма барып тұрамын, – дейді ол.

Нұрайым

Жымпитылық Нұрайым Серікбаева «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша Сырым аудандық ауруханасынан тәжірибеден өтуде. Ол шаһардағы Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжінде фельдшер мамандығы бойынша білім алған. Аталмыш ауруханада екі айға жуық тәжірибе жинаған. Жақын арада Талдыбұлақ ауылындағы меднысанға тұрақты жұмысқа орналаспақшы.

– Екі ай мерзім ішінде тәлімгерім, терапевт-дәрігер Нұрхан Тасболатов пен әріптес аға-апаларымнан үйреніп-білгенім мол болды. Әсіресе науқастармен қарым-қатынас орнатуды, олардың жеке шағымдары бойынша жұмыстануды меңгердім. «Жастар тәжірибесі» – жас мамандар үшін өте тиімді бағдарлама. Ауылдық медицинада еңбек етуге толық дайынмын. Денсаулық сақтау саласы бойынша алдағы уақытта білімімді әлі де жетілдіргім келеді, – деді Нұрайым  Әділханқызы.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»,

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале