23.09.2025, 14:30
Оқылды: 442

«Жас сайлаушылардың» облыстық клубы жұмысын бастады

БҚО аумақтық сайлау комиссиясының жанындағы «Жас сайлаушылар» клубы кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Отырысқа облыстық клуб мүшелері болып табылатын аудандық және Орал қалалық клуб жетекшілері мен ЖОО және арнаулы оқу орындары, қоғамдық бірлестіктер, ұйымдардың өкілдері қатысты. Маңызды жиынға бейнеселектор режимінде аудандық және қалалық аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары да қатысып отырды. 

WhatsApp Image 2025-09-23 at 10.54.46 (2)

Отырысты кіріспе сөзбен ашқан БҚО АСК төрағасы Әділ Жоламанов клубтың жылдың аяғына дейінгі және 2026 жылға арналған мақсат - міндеттеріне тоқталды.  Клуб кеңесінің мүшелері ұйымдастыру мәселелерін талқылап, оның басшылығын сайлады. Облыстық клубтың төрағалығына ұсынылған «Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер» университетінің проректоры Эльмира Тұрғалиеваның кандидатурасы бірауыздан қолдау тапты. Эльмира Мәлікқызы студенттер арасында түрлі бастамаларымен көзге түскен жас басшылардың бірі. Биыл ҚазИИТУ-да оқу орнының Президенті сайланып, студенттік өзін - өзі басқаруды жетілдіру бағытында кешенді шаралар жүзеге аса бастады. Ал, клуб төрағасының орынбасары болып Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжі директорының орынбасары Темірлан Қайыржанов, хатшысы болып Орал қалалық жастар мәдениет сарайының ұйымдастырушысы Нұрила Аманова сайланды.

WhatsApp Image 2025-09-23 at 10.54.46 (1)

Сайлау комиссиялары жанындағы «Жас сайлаушылар» клубы диалог алаңы ғана емес. Жаңа құрылым сайлау жүйесі бойынша ағарту жұмыстарын ұйымдастыру, жастардың саяси және құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған медиаконтент әзірлеу, сайлау процесіне қатысудың маңыздылығы туралы қоғамдық пікір қалыптастыру тәрізді практикалық шараларды ұйымдастырмақ.

WhatsApp Image 2025-09-23 at 10.54.46

Облыстық комиссия мүшелері клубтың жұмыс жоспарына енгізуге бірнеше ұсыныс берді. Күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде Дулат Жүсіпқалиев, Ернұр Кінама, Алмас Тельманов, Архат Ислямғалилар өз пікірлерін білдірді. Клуб кеңесі оның жұмысын үйлестіру бағытында тақырыптық секциялар құруы мүмкін. Кеңес мүшелері Бөрлі ауданында қыркүйек айының соңында өтетін оқу орындарының Парламенті мен Президентін сайлау тәжірибесіне арналған практикумға қатысуға ниет білдірді.

БҚО аумақтық сайлау комиссиясы

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале