Талдықұдық ауылдық округінде бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. Ауыл тұрғындары үшін аса қажетті мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді.

Көктем айында Талдықұдық ауылында "Таза Қазақстан" акциясы аясында бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылды. Сәуір-мамыр айлары санитарлық тазарту айлығы болып жариялануына байланысты ауылда сенбілік жұмыстары ұйымдастырылып, ауыл тұрғындары біркісідей атсалысты. Бұл игі шара барысында ауыл саябағына 200 түп қарағаш көшеті отырғызылды.
Көлік қатынасын жақсарту мақсатында Талдықұдық – Жалпақтал бағытындағы 44 шақырым жол қырып, тегістелді. Бұл ауыл тұрғындары үшін жайлылықты арттырып, жолаушылар мен көлік қозғалысына қолайлы жағдай жасады.

Ауыл инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған тағы бір маңызды іс — округ бюджетінен Beeline байланыс мұнарасына электр жарығы уақытша өшкен жағдайда қолданылатын электро генератордың алынуы болды. Бұл байланыс сапасын тұрақты сақтап, тұрғындардың ақпараттық қолжетімділігін қамтамасыз етуге септігін тигізеді.
Атап айтқанда, Киров-Шежін каналынан келіп құятын котлован су қоймасы мен ауыл ішіндегі көбіктердің жыралары тазаланып, бітелу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, ауылдағы ауызсу жүйесінің негізгі көзі болып табылатын су мұнарасы қайта жөнделіп, қалыпқа келтірілді.
Шаруашылық саласы да назардан тыс қалған жоқ. Ауылдық округтегі шаруа қожалықтары бойынша шөп науқанының барысы тексеріліп, бақылауға алынды. Сонымен бірге, ауыл шаруашылық құрылымдарының көмегімен ауыл ішіндегі жолдарды тегістеу жұмыстары жүргізілді.
Мал басын асылдандыру мақсатында «Батыс-Е» кооперативінің төрағасы Ербол Әбішев бастамасымен ауылға үш бағыттағы асыл тұқымды бұқалар әкелініп, мал бағымы жүйелі түрде ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, ауылішілік жолдар қырып тазаланып, жол бойындағы тікен шөптер жұлынды. Бұл жұмыстар ауыл ішіндегі қозғалысты жеңілдетіп, тазалықты сақтауға мүмкіндік берді. Ауыл маңындағы қоқыс полигонының айналасында да санитарлық тазарту жұмыстары да жүргізілді.
Ауыл әкімшілігінің бастамасымен елдімекен ішіндегі ашық күйде тұрған тұрғын трансформаторлар қоршалды. Ауылдан түлеп ұшқан 1995 жылғы мектеп түлектері ауылдың кіре беріс жолына жарық шамдарын орнатып, ауыл келбетіне сән мен жарық қосты. Ал 1985 жылғы түлектер ауыл орталығына заманауи LED экран орнатып, мәдени-көпшілік шаралар мен маңызды ақпараттарды таратуға арналған тиімді алаң қалыптастырды.
Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына орай ауылдағы соғыс ардагерлеріне арналған монумент жаңартылды.
Талдықұдық ауылдық округінің бюджеті есебінен ауыл орталығындағы балалар ойын алаңы толықтай жаңартылып, заманауи талаптарға сай ойын элементтерімен жабдықталды.
Талдықұдық округ әкімінің аппараты жаңа "Нива" автокөлігімен қамтамасыз етілді. Ветеринариялық станция да жаңа автокөлікпен қамтамасыз етілді.
Талдықұдық округіне қарасты Хайруш елді мекенінде тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында су тазартуға арналған блок-модуль кешені іске қосылды.

Ауыл көркіне көрік қосқан тағы бір игілік – жаңадан орнатылған Талдықұдық саябағының сәнді композициясы.
Сібір жарасы көміндісіне толықтай бітеу-жабу жұмыстары жүргізіліп, экологиялық қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмады.
Гүлнұр Сәуірғалиқызы,
Казталов ауданы