26.09.2025, 18:00
Оқылды: 216

Алаяққа алдану

Бүгінде еліміздеге заңсыздық, тәртіпбұзушылық, алаяқтық, зорлық - зомбылық мәселесі нағыз күн тәртібінде күйіп тұрған мәселе. Әсіресе, алаяқтық, соның ішінде интернет алаяқтық өршіп тұрғаны жасырын емес. Жалпы, алаяқтық деген сөздің анықтамасы - бөтеннің мүлкін жымқыру, алдап алу, немесе сеніміне кіріпбөтен мүлікке құқықты иелену екен. Қарапайым жалпақ тілмен айтқанда ұрлау ғой.  Алаяқтықтың көбею себебін көп адамдар технологияның жылдам дамуымен, үлкен кісілердің оған ілесе алмай жатқанымен байланыстырады. Солай ақ дейік.  Бірақ бір емес, екі емес, бүкіл отбасы бір адамға неге қайта-қайта алданды? Гипноз дейін десең бұл жерде гипноздың ұшқыны да жоғын сотқа келгендер анық көріп отыр. Әлде тығырыққа тірелгендегі жанталас па? Мүмкін үзілмейтін үміт дүниесі ме?

Slot Machine Play Time. Female Gambler Hand hold money bill ready to win the game with one best shot casino close up

Сурет: іstockphoto.com

 

Түсінікті болу үшін жақында өткен сот отырысынан бір мысал баяндап берейін. Мүмкін біреулерге ой салар, біреулерге алдағы уақытта көмегі тиер.

Бәрі де лудоманиядан басталған

Оқиға осы өзіміздің Ақсай қаласында болған.  Біздің қоғамға сор боп жабысқан лудомания дертіне шалдыққан Азат атты бауырын осы дерттен айықтыру үшін туған апасы Асыл шарқ ұрып емші іздейді. Сонымен бірге қазір саңырауқұлақтай қаптап кеткен коуч-психологтерден де күдер үзбейді. Интернет ақтарып отырып әдемі хабарландыруға тап болады. Онда «құмар, яғни азарттық ойындарға тәуелділік бойынша кеңесші» деп жазылған екен. Дәл өзінің арманындағыдай. Көз алдына інісінің азарт ойындардан бойын аулақ салып, отбасымен күліп-ойнап жарқын өмір сүріп жатқаны  келіп қуанып кетеді. Whatsapp желісі арқылы жаңағы  Сәбит  атты «кеңесшіге» қоңырау шалып сөйлеседі. Көрсетілген 20000 теңгені аударып жіберіп, бауырымен тілдестіреді.  Жаңағы кеңесші-психологсымақ болса сөйлесу барысында бұлардың осы лудоманиядан арылу үшін бәріне дайын екенін тез байқайды. Онлайн әңгімелесуден кейін Азатқа  көп емнің қажет емес екенін, екі айда айығып кететінін айтып қуантып қояды.  Келісім бойынша бауыры Азаттың емі үшін апасы Асыл  бір айға 400000 теңге ақша аударады. Арада 6 күн өткенде екінші ай үшін тағы 200000 теңгені алаяқ кеңесшісымақтың есеп-шотына аударып жібереді. Алғашқы аударымнан кейін, шамамен 40 күннен соң  тағы 100000 теңге аударған. Мұның бәрі әрине, жаңағы «кеңесшінің» айтуымен, нұсқауымен жасалып жатыр. Ақша өз-өзінен келіп жатыр, алаяқ Сәбит болса  өтірік ақыл-кеңесін соғып жүріп жатыр. «Тамаша» емес пе, иә?  Жоқ, алаяқ Сәбитке бұл аздық етеді. Ол «аңқау елге арамза молда» болудың жолын жақсы игере бастайды. Енді ол кәдімгі шын психологтің роліне кіріп,  ойнауға кіріседі. Лудоман жігіттің  іші - бауырына кіріп, бүкіл жай-жапсарын сұрап алады. Сұрастыру барысында Азаттың   біраз адамдарға қарыз екенін біледі де тізімін жаздыртады. Ол тізімді бауыры үшін шырылдап жүгіріп жүрген апасына жібереді. Сөйтіп алаяқ Сәбит Азаттың   апасынан тізімдегі жұртқа бережақ 1 200 000 теңгені тез арада өзіне аударып жіберуін сұрайды. Яғни ол адамдармен  Азаттың  атынан өзі есептесетін болып сендіреді. Кеңесші-психологсымақтың  жұмысының бір тәсілі деп түсінген, бауырының сол дерттен арылуына көмектеседі деп шын сенген   апасы Асыл бұған да келіседі. Бірақ бұл үлкен сома болғаннан кейін күйеуіне айтуына тура келеді. Яғни бұл жолы  Азаттың жездесі Марат  көмекке келеді. Аталған соманы алаяқтың көрсеткен нөміріне дереу аударып жібереді.  Ал сол қарыздың алажақ тізімдегі адамдарға сол бойы қайтарылмағанын сезіп отырған шығарсыздар.

«Кеңесші» ақша үшін «кәсіпкер» бола салады

«Дәніккен қарсақ құлағымен ін қазады» дегендей, енді алаяқ Сәбит Азаттың жездесін «айналдыра» бастайды. Аталған отбасының сеніміне мықтап кірген ол Азаттың жездесін  «іскерлік әріптестікке» шақырады. 195 теңгеден солярка алып, оны 245 теңгеге сатуға болады деп үгіттеп, көндіреді. Солярка алуға Азаттың жездесі Марат   ақша жіберіп отырған. Оны алғашқы кезде үстемесімен қайтарып отырады. Неше рет ақша айналымы болғанын айтып сіздердің бастарыңызды ауыртпай ақ қояиын. Бірақ, басында тым жақсы түсіп тұрған ақша бірте-бірте азайып, соңы сұйылып, кейін мүлде қайтпай қалатын «дәстүрлі» алаяқтық схеманы бәріміз білеміз ау. Осы жолы да солай болады. Алаяқ Сәбит мұнымен де тынбайды. Өзінің  мықты психолог қана емес жақсы кәсіпкер екеніне сендіреді. Аяқ киімдерді көтерме бағаға сатып алу үшін «әріптесі» Мараттан (Азаттың жездесі) қарызға ақша сұрайды. Бұл отбасының сеніміне әбден кіріп алғаны сондай, өзі емдеп жүрген Азаттың жездесі Марат  ойланбай ақ  ол сұраған 1 000 000  теңгені бере салады.  Жалпы алғанда Азатты емдеймін деп алған ақшаны қоспағанда алаяқ Сәбит  бұл отбасынан 5 600 000-дің үстінде ақшаны алдап-сулап алып алады.

Алаяқ енді «психолог»  

Алғашқыдағы «емдеу» ойыны енді ашықтан ашық ақша соруға жалғасады. «Алтын шыққан жерді белден қазуға» кіріскен алаяқ кеңесшісымақ емделуші Азаттың  әйелін тонауды ойластыра бастайды. Күйеуі лудоман, яғни құмар ойындарына құмар үйде не береке болушы еді. Үйінде береке жоқ әйелде қандай көңіл-күй болады. Осыны тап басқан алаяқ Азаттың  әйеліне хабарласып, оның күйеуін қолдауы қажеттігін айтады.  Күйеуін қолдау үшін онлайн терапия сеанстарын бірге қабылдауға көндіреді. Сол сеанстар кезінде мықты психолог ролінде жақсы ойнағаны соншалық, Азаттың  әйелі оған қатты сеніп қалады. Енді алаяқ әйелден  қарызға ақша сұрап ала бастайды. Күйеуін емдеп жүрген адамға ризашылық сезімдегі Азаттың әйелі сұраған ақшасын беріп отырған. Сөйтіп, қарызға деп алдап 1 900 000 теңгені қалтаға басады. Қайтаруды ойламайды да.

«КПО-ға жұмысқа кіргіземін»

Біраз ақша жиналды иә. Алаяқ Сәбит  мұнымен тоқтаса кәне. Енді ол өзін лудоманиядан емдейді деп сеніп жүрген Азаттың өзіне «ауыз салады». Қазір екінің бірі өз-өзіне риза емес қой. Бірі үлкен үйді армандаса, енді бірі үлкен жалақыны армандайды дегендей. Ал біздің Ақсайда ондай армандардың көбісі КПО-ға барып тірелетіні жасырын емес. Азаттың көңіл-күйін тап басқан алаяқ оның жұмыс істеп жүрген мекемесіне, нақтырақ айтқанда алып жүрген жалақысына  риза емес екенін әңгіме барысында біліп алады. Біліп алады да КПО-ға жұмысқа орналастыруға уәде береді. Әрине, тегін емес. «Бақыттан басы айналған» Азат және оның апасы Асыл сұраған ақшасын тауып береді. Сөйтіп олар тағы да 2 000 000 теңге зардап шегеді. «Іс бітті, қу кетті». Уәде етілген шаруалардың біреуі де шешілмейді. Ақша иесіне қайтпайды. Қайтармақ түгілі телефон алмай, байланысқа шықпай да қояды. Ақыр соңында жәбіренушілер сотқа жүгінген. Сотта айыпкер алаяқ бәрін мойындап, 3 жыл, 6 айға бостандығын шектеу туралы жаза тағайындалды. Әділет орнады ау. Десе де осының бәрін оқи отырып адамның көңілі жаман боп қалады иә? Неге бұлай болды? Неге осындай алдау-арбау, шытырман оқиға орын алды? Қателік қай жерден кетті? Сақ болайық ағайын деп ақыл айтпай ақ қояиын. Осындай алаяқтықтықтың алдын алу үшін не істеу қажет? Ой бөлісссеңіз жақсы болар еді.

Дариға Нұрашова,

Бөрлі ауданы

 

Ескерту: Оқиғадағы адамдардың аттары белгілі себептермен өзгертілді.

Редакция берілген материалдар үшін аудандық сотқа алғыс айтады.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале