Жуырда Астанада ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігімен серіктестікте Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасы (БҰҰДБ) ұйымдастырған журналистер арасында «Климат: кері санақ» байқауының қорытындысы шығарылды.
Конкурсқа Қазақстанның барлық өңірлерінен 50-ге жуық өтінім түскен, онда климаттың өзгеруі, биоәртүрлілікті сақтау және қоршаған ортаның ластануының алдын алу тақырыптары қамтылды. Солардың арасынан алты журналист байқаудың жеңімпаздары болып танылды.

«Климат» аталымы бойынша әріптесіміз, «Жайық Пресс» ақпарат агенттігінің шеф-редакторы Динара Насырдың «Климаттың өзгеруі: республикалық маңызы бар алма бағы су тасқынынан қалай зардап шекті?» мақаласы ескеріліп, ІІІ орынға ие болды. Әріптесімізге бағалы сыйлық пен Қазақстандағы БҰҰДБ тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа атынан сертификат табысталды. Сондай-ақ аталған агенттіктің фото жобалар редакторы Мейірбек Тәжқұранов та республикалық байқаудың жеңімпазы атанды.
* * *

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қоры Жұмысшы мамандықтар жылына арналған байқау жариялаған еді. Оған 1 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында 200-ден астам өтінім түскен.
Байқауға журналистер, блогерлер, видеографтар, мобилографтар, фототілшілер, теле-радио қызметкерлер, БАҚ редакциялары мен шығармашылық ұжымдар, колледж, компания және партия өкілдері қатысқан. Қатысушылар «Үздік бейнеролик», «Үздік телесюжет», «Үздік фоторепортаж», «Үздік радио сұхбат», «Үздік публицистикалық мақала» аталымдары бойынша сынға түсті.
Астана қаласында байқау жүлдегерлері марапатталды. Әр аталым бойынша үш жеңімпаз анықталған. Мейірбек «Ең үздік фоторепортаж» аталымында І орынға ие болды. Оның «Шойын балқытқан Мұстафа» атты жұмысы үздік атанды.
«Жайық Пресс» ақпарат агенттігі,
Фото авторы: Саламат Аязбай