2.10.2025, 10:00
Оқылды: 203

Болашаққа бағдар

БҚО аумақтық сайлау комиссиясының бастамасымен Бөрлі ауданында колледж студенттерінің өзін-өзі басқаруын жетілдіру және студенттер парламенті Президенттерін сайлау тақырыбына арналған облыстық көшпелі кеңес өтті. БҚО білім басқармасының қолдауымен өткен басқосуға облыстық, аудандық және аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері, өңірдің 35 колледжінің директорлары, облыстық «Жас сайлаушылар» клубының және БАҚ өкілдері қатысты. Кеңесті Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсанов кіріспе сөз сөйлеп ашты.

семинар 2 (1)

Кеңесте БҚО аумақтық сайлау комиссиясы мен БҚО білім басқармасы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандумның мақсаты – студенттер мен мектеп оқушыларының электоралдық мәдениетін арттыру, студенттік және мектептің өзі-өзі басқаруын дамытуға қолдау көрсету, болашақ сайлаушылардың құқықтық сауатын арттырып, сайлау науқандарына саналы түрде қатысуына бағыттау.

БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов өскелең ұрпаққа сайлауға қатысу тетіктерін түсіндіру арқылы белсенді азаматтық позицияны қалыптастырудың жолдарын айтып өтті. БҚО білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин бұл жұмысты пікірсайыс және басқа да іс-шараларды өткізумен қатар заманауи ақпараттық платформаларда өрістету қажеттігін қозғады.

WhatsApp Image 2025-10-02 at 10.38.47 (1)

Осындай меморандум Бөрлі аудандық аумақтық сайлау комиссиясы мен Бөрлі ауданының білім беру бөлімі арасында жасалды.

WhatsApp Image 2025-10-02 at 10.38.46

Одан соң сөз алған Бөрлі колледжінің директоры Мұрат Өтемұратов, БҚО аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Мағрипа Нигишева, Бөрлі ауданы білім беру бөлімінің әдіскері Сәуле Алдекеновалар студенттер және мектеп оқушылары ортасында сайлау құқығы мен электоралдық мәдениеттің өзекті мәселелері төңірегінде ойларымен бөлісті. Айталық, Бөрлі ауданының 24 мектебінде өткізілетін бұл сайлаулар ашықтық, бәсекелестік және әділдік қағидаттарына негізделген. Енді бұл сайлауларда біртіндеп қолданыстағы сайлау заңнамасындағы тараптар мен үрдістерді енгізу бастапқы электоралдық сауаттылық мектебі болмақ. Үгіт жұмыстарын жүргізу, сайлау күнгі дауыс беру мен санауды байқау олардың азаматтық ұстанымдарын қалыптастырады. Бұл «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасымен ұштасады дейді кеңеске қатысқандар.

WhatsApp Image 2025-10-02 at 10.38.47

Алқалы кеңестің Бөрлі колледжінде өтуі кездейсоқтық емес. Колледжде студенттік Парламент пен оның фракциялары оқу-тәрбие үдерісінің ажырамас бөлігіне айналған. Бірыңғай құрылым жауапты да белсенді жастарды тәрбиелеуге атсалысып келеді. Маңызды жобаға директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұргүл Лукбанова жауапты. Колледж ережесіне сәйкес студенттік парламент басшысын сайлау жылына бір рет өткізіледі. Бұл шараға студенттер үлкен жауапкершілікпен келген. Жаңа қабылданған студенттерге сайлау процесі мен нормалары, рәсімдері түсіндірілген. Фракциялар ұсынған 4 кандидат құрбыларының арасында қызу үгіт жұмыстарын жүргізіп, сайлауалды пікірсайысқа қатысты. Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Галина Елкина бастаған студенттік сайлау комиссияларының мүшелері дауыс беру барысын байқаушылардың сын-ескертпесіне қалмай, тиянақты өткізіп берді. Дауыс берудің нәтижесінде студенттік парламенттің Президенті болып Дарья Радионова сайланды. Кеңеске қатысушылар колледж президентін сайлауды ұйымдастыру мен өткізудің барлық ерекшеліктерімен танысты. БҚО білім беру басқармасының басшысының пікіріне сүйенсек мұндай сайлаулар барлық колледждерде қараша айының соңына дейін өтпек. Ал, мектептердегі жұмыс жүйелі түрде жалғасын табады.

БҚО аумақтық сайлау комиссиясы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале