7.10.2025, 16:45
Оқылды: 111

4 мыңға жуық студент колледждерде оқып жүр

Еліміздегі кәсіби мерекелер күнтізбесіне енген маңызды да ерекше күн – Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру қызметкерлері күні биыл алғаш рет барлық өңірде кең көлемде аталып өтуде. Осыған орай Орал қаласындағы Жастар мәдениет үйінде колледж мұғалімдері мен қызметкерлеріне арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік іс-шараға арнайы келген облыс әкімі Нариман Төреғалиев жұмысшы мамандықтарына сұраныс жыл санап артып келе  жатқанын  атап өтті.  

f3234f0c-2e14-46ca-8c26-06b8b111ea66

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Қай кезеңде де елдің тірегі – еңбекқор азаматтар» деп атап өткеніндей, қоғамның дамуы ең алдымен маңдай терін төгіп, адал еңбегімен ел еңсесін көтеріп жүрген азаматтардың қолында. Осыған орай Мемлекет басшысының бастамасымен 2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтар» жылы деп жариялануы – техникалық және кәсіптік білім беру саласының маңызын арттырып, оның қоғамдағы беделін көтеруге бағытталған айрықша шешім. Бұл – жастарға кәсіби білім алып, болашаққа сенімді қадам жасауына жол ашатын үлкен мүмкіндік. Өңірімізде кәсіптік білім беру жүйесі тұрақты даму үстінде. Бұл – өз ісіне адал, тәжірибелі де білімді ұстаздар мен сала мамандарының тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Сіздер жастарға тек мамандық үйретіп қана қоймай, еңбекке деген құрмет пен адамгершілік қасиеттерді дәріптеп, кәсіби шеберлікке, жауапкершілікке баулып, болашақтарына бағыт-бағдар беріп жүрсіздер. Жұмысшы мамандықтарына сұраныс артып келе жатқаны қуантады. Өткен аптада ұйымдастырылған «Еңбек жолы» облыстық конкурсында жұмысшы мамандар отбасыларының династиялары марапатталып, республикалық кезеңге жолдама алды. Бұл дегеніміз азаматтарымыздың еңбек адамы ретіндегі жоғары жауапкершілігі мен қоғамдағы белсенділігін білдіреді, – деп сөзін сабақтаған облыс әкімі Нариман Төреғалиев бірқатар педагогті ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамоталарымен, облыс әкімі, облыстық білім басқармасының құрмет дипломы, алғысхаттармен және естелік сыйлықтармен марапаттады. Олардың қатарында Ж. Досмұхамедов атындағы Жоғары педагогикалық колледжінің қызметкері Света Бисенова, Ақжайық аграрлық-техникалық колледжінің қызметкері Талғат Карим, Қаратөбе колледжінің қызметкері Алтай Қалкенов және  басқалар бар.

Салтанатты іс-шарада белгілі болғанындай, облыс бойынша 15 мыңнан астам студенттің ішінде шамамен 4 мыңға жуығы жұмысшы мамандықтары бойынша білім алуда. Дуальды оқыту жүйесі де кеңінен енгізіліп, бүгінде 2 559 білім алушы 33 мамандық пен 52 біліктілік бойынша оқып жүр. Бұл жүйе облыстағы мемлекеттік 21 және жекеменшік 4 колледждің базасында жүзеге асырылуда.  Жыл басынан бері техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары мен әлеуметтік серіктестердің қолдауымен 47 мәрте бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, оған 851 жұмыс беруші мен 4500-ге жуық жұмыс іздеуші қатысқан. Нәтижесінде 721 жас тұрақты жұмысқа орналасқан. Мұның өзі – еңбек  нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың арасындағы байланыстың нақты  көрсеткіші.

Саланың мәртебесін көтеруге бағытталған түрлі іс-шаралар қатарында өңірімізде өткен «WordSkils», «AgroSkils», «Jas Skils» «Junior Skils» шемпионаттарының да маңызы зор. Бұл байқауларға қатысушылар саны артып, республикалық кезеңге 400-ден астам студент пен 500-ден астам сарапшы 60 құзыреттілік бойынша бақ сынады. Сондай-ақ Астана қаласында өткен «Жұмысшы мамандықтар қалашығы» республикалық фестивалінде Жоғары аграрлық-техникалық колледж студенттері газбен қамтамасыз ету жабдықтары мен жүйелерін құрастыру және пайдалану мамандығы бойынша кәсіби шеберліктерін көрсетті.

Облыс орталығында өткен салтанатты іс-шарада сала үздіктері марапатталып, техникалық және кәсіптік білім беру саласына жаңа қосылған жас мамандар ант қабылдау рәсімі арқылы өз кәсібіне  адал болуға серт етті.

Мерекелік басқосу барысында облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин саланың үздіктерін арнайы марапаттап, еңбекқор ұжымдарға, әсіресе, Жаңақала колледжінің Тілеубергеновтер отбасы сияқты жұмысшылар әулеттеріне алғыс білдірді. Аталған отбасыға «Технодом» сауда үйінен тұрмыстық зат сатып алуға 100 мың теңгелік сертификат табысталды.

Мерекелік кеш аясында Құрманғазы атындағы саз колледжінің «Инабат» би ансамблі, домбырашылар мен саксафоншылар ансамблі, Ж. Досмұхамедов атындағы Жоғары педагогикалық колледждің «Парасат» тобы өнер көрсетіп, көрермен ықыласына  бөленді.

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале