6.01.2017, 16:07
Оқылды: 55

Нариман Төреғалиев: «Қар тазалауға әкімнен бастап кез келген тұрғынға дейін белсене араласуы керек»

screenshot_2017-01-05-19-26-35-2Күн сайын Орал қаласы мен іргелес округтерді қардан тазалау үшін 120  арнаулы техника, 90 сиымдылығы мол «КамАз» көлігі мен 300 адам шығады. Осы жұмыстар үшін 15 тонна құмды-тұзды қоспа алдын ала даярланған. Өткен жылдың 1 желтоқсанынан бастап, күні бүгінге дейін облыс орталығының аумағынан 162 мың текше метр қар шығарылған екен. Бұл-былтырғы жұмыс көлемімен салыстырғанда, анағұрлым көп. Бұл жайлы Орал қалалық әкімдігінде өткен шаһарды қардан тазалау жұмыстарын талқылаған жиында айтылды. Қала әкімі Нариман Төреғалиев төрағалық еткен жиналысқа қала әкімдігінің жауапты қызметкерлері, ЖПИК-тердің төрағалары, құқық қорғау орындарының өкілдері және басқа да мүдделі тұлғалар қатысты.

 

-Қар ерте түсті. Желтоқсанның бірінен бастап, қалалық коммуналдық қызмет ұжымдары табиғаттың дүлей күшімен арпалысып, кәсіптік міндеттерін қалтқысыз атқарып келеді. Қала аумағы 20 округке бөлінген. Мүмкіндігінше, қаланың басты көшелері, өмірлік мәні зор нысандардың төңірегі бірінші кезекте тазартылады. Алайда күнде дерлік жауып тұрған ақ дүлей әлі де бой берер емес. Сондықтан соңғы кезде қала тұрғындары тарапынан ауызша да, жазбаша да шағым көп түскендіктен, осы кездесуді ұйымдастыруға мәжбүр болдық. Енді көп болып кеңесейік, күрделі мәселелерді талқылап, ортақ түйінге келейік,-деді отырысты ашқан қала әкімі.

Орал қаласы әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев, «Орал Таза қала» ЖШС-ның директоры Болат Әмірғалиев, Орал қаласы жергілікті полиция қызметінің басшысы Мүсілім Жәрдемов, Орал қалалық ЖПИК қауымдастығының төрағасы Станислав Филиповтар хабарлама жасап, күн тәртібіндегі мәселеге орай ой-пікірлерін айтты, ұсыныстарын білдірді. А.Қайсағалиев «Орал Таза Қала» ЖШС-ның жұмысына жоғары баға берді. Өкініштісі сол, жекелеген ЖПИК-тердің жұмысына тек сын айтқан жөн. Олар қарамағындағы аула аумағын тазартуды жедел ұйымдастыра алмай отыр. Жоғарыда аталған коммуналдық кәсіпорын тәулік бойы еңбек етсе де, олардың қауырт жұмысына жеке көліктер де мейлінше кедергі. Әсіресе, мұндай ахуал 5-інші шағынауданға тән. Құқық қорғау қызметкерлері де қауырт кезеңде қар тазалау жұмысына белсене көмек беруде. Олар қар тиелген көліктерді жетелеп жүреді. Жеке меншігіндегі аумақты қардан тазаламағаны үшін 1 желтоқсаннан бері 412 тұлғаға ескерту жасалған. Айыппұл салынғаны да бар. Жекелеген сауда үйлері мен кәсіпорындардың иелері қарамағындағы аумақтан қар шығарудан үзілді-кесілді бас тартып отыр.

Хабарламалардан соң, сөйлегендерге ЖПИК төрағалары тарапынан сұрақтар беріліп, жауаптар алынды. – Меніңше, «Бәйтерек», «Плазма», тағы басқа сауда үйлерінің басшыларын және өзге де жеке меншік нысандары иелерін қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартатын уақыт жетті. Бізде сәл үйлесімсіздік болса, әкімдікке жүгінеді. Телефон шалып, жүйелі түрде мазалайды. Ал дұрысында қаланың тазалығы, соның ішінде оның қардан арылуы бәрімізге ортақ іс. Әкімнен бастап кез келген тұрғынға дейін сол ортақ жұмысқа белсене араласып, лайықты үлесін қосуы керек. Мәселен, бәрін ЖПИК-ке артып қоймай немесе коммуналдық қызметті күтіп отырмай, барлық қала тұрғындары қолдарына күрек алып, қар тазалауға шықса, несі артық?! Көп қабатты үйлер ауласына жеке көліктерді үйіп қою да әбестік. Демек, қоғамдық тәртіп сақшылары осы тұста кәсіптік міндеттері мен өкілеттігін тиесілі қолдануы қажет. Көп болып жұмылсақ, облыс орталығын қалыпты деңгейде ұстай аламыз,-деді сөз соңында Нариман Төреғалиұлы.

Қала әкімі табиғаттың қысастығына қарсы тұрып, тұрғындар мен аула сыпырушыларды қар тазалауға жұмылдыра білген «Коммунальник» ЖПИК-інің төрайымы Т.Роточковаға ризалығын білдірді. Сонымен қатар, ол жекелеген ЖПИК төрағаларына ескерту жасап, жұмысты ширату жөнінде қатаң талап қойды.

Серік Ізбасарұлы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале