10.10.2025, 12:00
Оқылды: 269

Шыңғырлауда қайырымдылық айлығы аясындағы спорттық шара өтті

Шыңғырлау ауданында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған ерекше спорттық шара өтті. Іс-шара жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен және аудандық денешынықтыру-сауықтыру орталығының қолдауымен жүзеге асырылды. Қайырымдылық айлығы аясында өткен бұл жарыстың басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғам өміріне тарту, салауатты өмір салтын насихаттау және олардың спортқа деген қызығушылығын арттыру.

image-09-10-25-04-37 (1)

Жарыс бағдарламасына ұлттық және танымал спорт түрлері енді: тоғызқұмалақ, асық ату, гір көтеру, қол күресі және үстел теннисі. Бұл сайыстардың әрқайсысы қатысушылардың физикалық мүмкіндіктеріне сай ұйымдастырылып, тартысты әрі әділ түрде өтті.

image-09-10-25-04-37-3

Ауданымызға қарасты 8 ауылдық округтің ішінде Алмаз, Ақшат, Ақбұлақ, Шыңғырлау және Ақтау ауылдық округтерінен қатысушылар белсенділік танытты. Алайда қалған 3 округтің мұндай маңызы зор іс-шарадан шет қалуы, өкінішке қарай, ауыл әкімдіктерінің немқұрайлылығын көрсетсе керек.

image-09-10-25-04-37-2

Шара барысында демеушілік көрсеткен "Мадина" тойханасының иелеріне қатысушылар мен ұйымдастырушылар зор алғыс білдірді. Олар жарысқа қатысқан барлық спортшыларға дәмді түскі ас ұсынып, өздерінің азаматтық белсенділіктерін көрсетті.

image-09-10-25-04-38-1

Сонымен қатар, аудандық денешынықтыру-сауықтыру орталығы қатысушыларды медаль, диплом және сыйлықтармен марапаттап, тойханаға бару үшін арнайы газель көлігімен қамтамасыз етті.

 

 

Светлана Ешматқызы,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале