Жергілікті ғалымдардың омартасы Орал қаласының іргесіндегі Өркен ауылының шетінде. Сарыала жапырақтары саудырай түсіп жатқан тоғайдың ортасындағы алаңқайда 25 ара үйшігі менмұндалап көзге түсті. Күннің шуағы төгіліп, айнала ерек нұрланып тұр. Омарта басы тыныштыққа мүлги түскендей. Бірен-саран араның тынымсыздана ұшқаны болмаса, өзгесі тым-тырс. «Қазір оларды ұяла-рынан шығарайын», – деген жас ғалым Берік Сатыбаев түтіндеткіш құралын қолына алып, бір үйшікке қарата түтінді көңірсітті. Сәлден соң көлбеңдей шыққан көк түтіннен тұншыққан байқұс қанаттылар жанұшырып, сыртқа ұшып шыға бастады. Айнала ұшқан қанаттылар ызыңына толды. Омартаның сәні араның ыңылдаған «әні» екен ғой! Олардың ешқайсысы беті-қолымызға ұмтылмады, шақпады. «Қазір күз, олар жаздай бал берді, енді ұйқыға дайындалады», – деп түсіндірді университеттің аға оқытушысы.

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің жас ғалымдары 2020 жылдан бері бал арасы шаруашылығын дамыту бойынша ғылыми жобалармен айналысуда. ЖОО-ның ректоры Асқар Наметовтың бастамасымен қолға алынған «Батыс Қазақстанда ара шаруашылығын дамыту жобасы» бойынша жеке қаражатқа бал арасының 10 ұясы сатып алынған. Осы жобаға «Ветеринария және агротехнология» институтының аға оқытушылары Гүлдана Идрисова мен Берік Сатыбаев жетекшілік етеді. Жобаны дамыту үшін «БҚО омарташылары» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі» өндірістік кооперативінің басшысы Сергей Кривобоковпен үш жылға келісім жасалған. Соның нәтижесінде осы омарта шаруашылығы ашылды. Мұнда студенттер ғылыми жұмыстар жүргізеді. Экология, ветеринарлық медицина және ветеринарлық санитария, мал шаруашылығы мамандығы бойынша білім алушы жастар тәжірибелік машықтан өтеді. Білім алушылар шаруашылық басында жүріп, бал араларының тылсым құпиясына қанығады. Осылайша магистранттар мен докторанттар бал аралары бойынша тақырыптық диссертациялар жазып, табиғаттың ғажап сыйы туралы жан-жақты зерттейді.
БҚАТУ ғалымдары жергілікті әкімдікке ара шаруашылығын дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын дайындауға көмектесті. Қазақстан омарташыларының «Бал-ара» атты ұлттық одағымен ынтымақтастық меморандумы жасалды. Сондай-ақ халықаралық деңгейдегі ғылыми-зерттеу институттарымен де келісімшарттары бар. Мұндай әріптестік байланыстар ара шаруашылығы базасын кеңейтуге, дамытуға септігін тигізері анық. Сонымен қатар университеттегі «Қайта өңдеу өндірістерінің технологиясы» жоғары мектебімен бірлесе бал арасы өнімдерін дайындау жобалары әзірленді. Бүгінде жас ғалымдар ҚР Жоғары білім және ғылым министрлігінің 120 млн теңге шамасында грантын иеленді. Мемлекеттік қолдау аясында 2024-2026 жылдары БҚО-да аралар ауруларына қарсы ветеринариялық-санитариялық шаралар кешенін және экологиялық таза ара шаруашылығы өнімдерін алу технологиясын әзірлеу бойынша ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

Берік Сатыбаев ара шаруашылығын дамыту, ара ауруларымен күрес тақырыбындағы докторлық диссертациясын аяқтап, қорғауға дайындалуда. «Ара ауруларының инфекциялық, инвациялық ауруларын зерттеудеміз. Ақ Жайық өңірінде кездесетін ара ауруларын анықтадық. Осы ауруларға қарсы химиясыз, табиғи препарат ойлап таптық. Түрлі өсімдіктерден жасалған сұйық дәріні өз шаруашылығымызда пайдаланып көрдік. Нәтижесі жақсы. Оған патент алдық. Басқа да ара шаруашылықтарына ұсынудамыз», – деді ол.
Омарташылар ара ұясындағы ұяшықтарды шығарып, ондағы аралардың «отбасымен» таныстырды. Расында, кей ересек аралардың үстіне жабысқан ноқаттай кенелерді көрдік. Осы кенелер ара жұмыртқаларын, араларды өлтіріп тастайды. Сондықтан қанаттыларға арнайы дәрі-дәрмек шашылады. Алда ұзақ қыс, қазір омартадағы араларды қысқа дайындауда. Күн бұлыңғыр, жаңбырлы, суық болған кезде, аралар өздері жинаған балды жеп қояды. Бірақ күн көзі көрінісімен жәндіктер гүл іздеп кетеді. Қорек азаятын күздің қара суығында ұядан аталық араларды қуып жібереді.

– Аналық ара күніне 500-ден 2 мыңға дейін жұмыртқа салады. Ал 18 күннен кейін ол жұмыртқалардан аралар шыға бастайды. Аналық ара 5-7 жыл өмір сүреді. Ол «патшайым» рөлін атқарады, жұмыс істемейді. «Жұмысшы» аралар 45 күн өмір сүреді. Ал күзде бал арасы ұяларының әлсіздері қатардан шығарылып, қыстауға жіберіледі екен. Ал көктемде олар қайтадан қатарға қосылады. Бір үйшікте 20-30 мың ара тірлік етеді. Бір қызығы, аралардың бал ұяшықтарын алты бұрыш етіп жасайтыны таңқалдырады. Бір топ ара бөлек-бөлек жерден бастаса да, ортасына келгенде алты бұрышты етіп шебер жымдастырып жібереді. Математиктер мұны аралардың аз материал қолданып, көп бал алуға болатын етіп жасайтынын есептеп шығарған. Егер ұяның іші ыстық болса, күзетші аралар қанаттарын қағып не су тасып ұяға шашып, салқындатады. Ал суық болса, қанаттылар денелерін қозғау арқылы жылу бөліп, ортасын жылытады. Олар қай гүлде бал барын, үшқан ұясын адаспай табуды біледі, – деп қызықтыра әңгімеледі Берік Ғариполлаұлы.

Гүл тозаңындағы ақуыз – араның қорегі. Сондықтан балдың құрамында түрлі минералдар, дәрумендер бар. Жұмысшы ара бар өмірінде тек бір шай қасық бал, барлық ара бірігіп, айтарлықтай көлемде бал жинайды. Үйшікке кіріп кеткен сона, шыбын-шіркейді қуып шығатын кірпияздығы өз алдына. Кейде тышқандар да аралар отбасына тамақ іздеп кіреді. Ондайда еңбекқор жәндіктер оны есін шығара шағып, балауызбен «мумиялап» тастайды. Өзі таза тіршілік иесі табиғаттағы тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі. Олар өсімдіктерді тозаңдандырады, ауыл шаруашылығын дамытуға ықпалын тигізеді. Араның шаққаны да (апитерапия) адам ағзасына пайдалы, ал балы, уы, прополлисі, сүті түрлі ауруларға шипа. Сондықтан жер бетіндегі араларды сақтау аса өзекті.
«Қазір бізде карника, карпат тұқымды аралар өсірілуде. Германиядан асыл тұқымды аналық ара алдырамыз. Алдағы уақытта будандастыру арқылы жаңа жергілікті ара тұқымын шығарғымыз келеді», – деді Берік Ғариполлаұлы.

Иә, ғажайып тіршілік иесі аралар туралы Құранда да айтылады. Ризығын табу үшін ондаған шақырым жерге ұшып барып, сан түрлі гүлдерден нәр жинайды, улы, лас нәрсеге жоламайды. Өздері еңбекққор, ұйымшыл кішкентай қанаттылардан алар өнеге аз емес. Жалпы жер бетіндегі жаратылыстардың ішінен осы аралар өз міндет-миссиясын адал орындап жүр-ау деген ой жетегімен оралдық омартадан.
Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»