Бүгін облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесінің комитетінің ұйғарымымен жемісті еңбек етіп жүрген бір топ орманшыны «Қазақстан орманын қорғаудағы мінсіз қызметі үшін» төсбелгілерімен марапаттау жиыны өтті. Шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов қатысты.
-Қазақстанның жер асты байлығы мол, орманы да жеткілікті. Бірақ осының барлығын өзіміз қорғап, сақтап, келешек ұрпаққа қалдыруымыз керек. Осы салада ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келесіздер. Орман шаруашылығы – маңызды сала. Жерімізді жасыл желекпен көмкеретін болсақ, табиғи байлығымыз арта түспек. Соңғы жылдары салаға тиісті қаражаттар бөлініп, материалдық-техникалық жағдай жақсарып келеді. Жаңа көліктер алынуда. Биыл да салаға тиісті қолдау-көмек көрсетіледі, - деген облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов ормандарды кепкен ағаштардан тазалау, өрт қауіпсіздігін сақтау сықылды саладағы түйткілді мәселелерге тоқталып, оларды бірлесіп шешу қажеттігін көрсетті. Сондай-ақ бір топ сала қызметкерлеріне марапаттарын табыс етіп, құтты болсын айтты.
Орда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің директоры Талғат Саматов, Тайпақ орман шаруашылығы мекемесінің орманшысы Серік Жұмағалиев, Чапаев орман шаруашылығы мекемесінің орман күзетшісі Абай Ибатов, Бөрлі орман шаруашылығы мекемесі орман тұқымбағының орманшысы Виктор Глухов «Қазақстан орманын қорғаудағы мінсіз қызметі үшін» І дәрежелі төсбелгісімен, Ақжайық орман шаруашылығы мекемесінің директоры Ерболат Ғазизов, Январцев орман шаруашылығы мекемесінің орман күзетшісі Әбілқасым Беркімбаевтар ІІ дәржелі аталмыш төсбелгімен, БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының орман шаруашылығы бөлімінің бас маманы Алтын Тұралиева, Орал орман шаруашылығы мекемесінің орман шебері Борис Гилев ІІІ дәрежелі аталмыш төсбелгімен марапатталды.
-Жыл сайын 15 гектар жерге көшет егеміз. Былтыр 5 гектар аумаққа қарағай егіп, айналасын қоршадық. Нарын құмы жылжымас үшін жыл сайын 80 гектарға жыңғыл ағашын егіп жүрміз. Бұрын колхоз-совхоздар кезінде мал біткен жазда алыс жайлауға айдалатын. Қазір құмға жекенің малы еркін кіруде. Бұл үдеріс жалғаса берсе, құмның қозғалуына түрткі болуы мүмкін. Өткен жылы мекемеге өрт сөндіретін «КАМаз», «УАЗ» көліктерін, су сыйымдылығы алынды,- деді Орда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің директоры Талғат Саматов.
Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА
«Орал өңірі»