Бүгін ҚР Ұлттық Ұланының құрылғанына 25 жыл толды. Осыған орай, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы облыстық Қазақ драма театрында мерекелік шара ұйымдастырды.
Бұған облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Қайрат Ақтанов және жеке құрам қызметкерлері мен мүдделі ұйым өкілдері, ардагерлер қатысты.
Салтанатты шараны Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Қайрат Ақтанов ашып, егемен еліміздің тарихына қысқаша тоқталып өтті.
-Құрметті әскери қызметшілер мен сарбаздар, ардагерлер мен кеш қонақтары! Біз таяуда ғана Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойладық. Осы бір ширек ғасыр ішінде еліміз үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, барша әлемге танылды. Тәуелсіздік алған алғашқы кезеңнен бастап елдің қоғамдық қауіпсіздігі мен ішкі тәртібін күзету мемлекет алдындағы ең маңызды мақсат болды. Осыған орай, 1992 жылдың 10 қаңтарында Елбасының Жарлығымен Қазақстан Республикасында Қарулы Күштерден алғаш болып Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлері құрылды. Сол күннен бастап Ішкі әскердің жеке құрамы алға қойылған тапсырмаларды тап-тұйнақтай орындап, жеке адам мен азаматтың конституциялық құқықтарын, қауіпсіздігін, қоғам құндылықтарын, мемлекет тұрақтылығы мен тыныштығын қауіп-қатерден қорғау жолындағы жауапты қызметін мінсіз атқарып келеді. Әскеріміздің әлеуетін көтеру мақсатында Елбасы Жарлығымен 2015 жылдың 21 сәуірінде «Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы» Заң қабылданып, Ішкі әскерге Ұлттық ұлан мәртебесі берілді. Осы заң аясында күштік құрылымға жаңа арнайы міндеттер жүктелді, қызметтің нақты тармақтары мен мақсаттары айқындалды, әскери құрылымның мәртебесі жоғарылатылды. Өздерінің даярлығын, кәсіби біліктіліктерін жоғарылату, тәжірибелік білімдерін арттыру арқылы ұландықтар күш-құрылым органдары арасында лайықты орнын алды. Отан –Анасын жанындай сүйген ұландық жауынгерлердің өз борышын адал атқарып, еліне қалтқысыз қызмет етуінің арқасында егемен еліміздің аумағында ішкі тұрақтылық берік сақталуда, -деген Қайрат Михаилұлы бұдан әрі ұландықтардың қиын-қыстау кезеңдерде көрсеткен ерлік істері мен еліміздің түкпір-түкпірінде халыққа көрсеткен қолғабыстары жөнінде баяндады. Оның сөзінше, 25 жыл ішінде 150 әскери қызметші әр кездері жасаған ерлік істері үшін мемлекеттік марапатқа ие болған. Солардың 30-ы жергілікті «Батыс» өңірлік қолбасшылығының өкілдері екен. Олардың қатарында Отан алдындағы міндетін мінсіз атқарған «Айбын» ІІІ дәрежелі орденінің иегерлері - қатардағы әскери қызметші Бақтияр Қайырбеков, кіші сержант Берікжан Қалиев, қатардағы әскери қызметші Досбол Сапар және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған қатардағы әскери қызметшілер -Сырым Сүндетов пен Дени Чернышевтер де бар.
Бұдан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов сөйлеп, ұландықтарды 25 жылдық мерейтойларымен құттықтады.
-Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының әскери қызметшілері игілікті, күрделі және қауіпті қызметті адал атқарып келеді. Сіздер тұрғындардың бейбіт өміріне қол сұғушылардың жолын кесіп, қоғамда қауіпті іс-әрекетті болдырмауға үлкен ықпал етіп жүрсіздер. Және азаматтарды қорғап, оларға көмектесуге әрқашан әзір тұрасыздар, міне, нағыз патриотизм деген осы болады. Сондықтан да сіздердің қызметтеріңіз қашан да құрметке лайық, еңбектеріңізді ел-жұрт жоғары бағалайды. Сіздерді бүгінгі мерейтойларыңызбен барша облыс тұрғындары атынан, өз атымнан құттықтап, жұмыстарыңызға жеміс, жанұяларыңызға бақыт тілеймін, -деген Арман Кәрімұлы ҚР Ұлттық Ұлан әскерлер Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовтың бұйрығына сәйкес бір топ облыстық құқық органдарының басшыларына, әскери қызметкерлерге, әскер ардагерлеріне «Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланына 25 жыл» мерекелік төсбелгілерін және грамоталарды табыс етті. Салтанатты шара соңы мерекелік концертке ұласты.
Айша ӨТЕБӘЛІ
«Орал өңірі»