Кейбір мемқызметшілердің әлеуметтік желідегі сторисында «қой сатамын», «перде сатамын» деген хабарландырулар тұрады. Өз парақшаларына мұндай жарнама ілу кәсіби этикаға сай емес. Мүмкін оны туыстары салып жатқан шығар, бірақ ол жазба мемқызметшінің жеке парақшасына шыққан соң, жауапкершілік оған жүктеледі.

Бұл туралы облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Айман Хайруллина бәйтеректік мемлекеттік қызметшілерімен кездесуі кезіне мәлімдеді. Жиын ол Әдеп кодексінде көрсетілген қызметтік қатынастардағы және қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық стандарттарын сақтау қажеттілігіне тоқталды. Сондай-ақ, сауатты әрі жауапты маман ретіндегі мемлекеттік қызметшінің имиджін көтерудің маңыздылығын түсіндірді.
Алдымен цифрлық дәуірдің пайдасы мен салдары туралы әңгіме өрбіді. Иә, заманауи технологиялар өмірімізді айтарлықтай жеңілдетіп, электронды құжат айналымы секілді жаңашылдықтар қағазбастылық пен кезек күтудің азаюына жол ашты. Дегенмен, цифрландыру өзімен бірге үлкен жауапкершілік те алып келді. Әсіресе әлеуметтік желілердегі жеке өмірді шектен тыс жариялаудың кәсібилікке кері әсер етуі мүмкін.
- Қазір өміріміз әлеуметтік желіде өтеді. Соңғы кезде әріптестерімнің сторисынан түрлі хабарландыруларды көріп жүрмін. Кадр қызметінде сіздің жеке ісіңіз сақтаулы тұр. Мені блокқа қойсаңыз да, құзырлы органдар бәрібір бақылап отырады. Ақша аз табамыз, инфляция бар, соған қарамастан, осы қызметтен тұрақты табыс тауып, отбасыңызды асырап отырсыздар. Ал енді сондай хабарландыру, жарнамаларды өз парақшаңызға ілу кәсіби этикаға сай емес. Сондай-ақ әріптестеріміздің қай жерде тамақ ішіп отыр, қай жерде қыдырып жүр, қай тойға барған – бәрі жарияланады. Егер мемлекеттік қызметте мансап құрып, жоғары нәтижеге жетемін десеңіз, жеке өміріңізді көпшілік талқысынан тыс ұстаған жөн. Одан бөлек, лудомания – құмар ойындарға әуестенудің зияны зор. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның 12-бабына енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге қызметтік қажеттілік болмаса, құмар ойындар өткізілетін орындарға баруға және бәс тігуге қатаң тыйым салынған. Өткен жылы Орал қаласы әкімдігі аппаратының төрт қызметшісінің бәс тігу фактісі анықталып, барлығы жұмыстан босатылды. Бұл – заң бұзушылық қана емес, мемлекеттік қызмет беделіне көлеңке түсіретін әрекет. Қызметтік тергеп-тексеру де жүргізілмейді, бірден жұмыстан босатылады. Өткенде Шымкент қаласында болған тағылымдама барысында естіген жайтпен де бөлісе кетейін.
Бір әріптесім мемқызметшілермен кездесуде «балаларымыз телефонсыз ұйықтай ма?» деп сұрады. Орынды сауал. Көпшілігіміз оның не ойнап жатқанын, не көріп отырғанын да білмейміз. Солай бір мемлекеттік қызметшінің телефонынан бәс тігу ойыны анықталған. Өзі ойнамағанын айтқанымен, жауапкершіліктен құтыла алмады. Сондықтан өзіміз де, балаларымызға да бұл тұрғыда мұқият болуымыз керек, – деді Айман Рафикқызы.
Жиында қаржылық операциялар мәселесіне де талқыланып, киім кию мәдениетіне қатысты да кеңестер берілді.
Нақтылап айтқанда, Kaspi мен Халық банк арқылы ақша аударғанда мұқият болған жөн. Бұл жүйелер де құзырлы органдардың бақылауында. Мәселен, егер мемқызметшінің туысы мал сатып, ол арқылы ақша аударғысы келсе, абай болу керек. Себебі әрбір ірі аударымның сұрауы бар. Тек өзінің жеке аударымдарын жасағаны дұрыс.
Мемлекеттік қызметші үнемі іскерлік киім үлгісін сақтауы тиіс. Ашық түсті макияж, көзге түсетін бижутерия кәсіби ортада орынсыз. Қазір кез келген адам видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялай алады. Сондықтан сыртқы келбет пен іскерлік этиканы ұмытпаған жөн.

Кездесу барысында жағымды жаңалықтар да айтылды. ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» заңының жаңа редакциясы әзірленіп жатқанын хабарланды. Егер ол жыл соңына дейін қабылданса, онда мемлекеттік қызметке «тәлімгерлік» ұғымы енгізіледі. Сондай-ақ зейнет жасына жеткен қызметкерлердің қызмет мерзімін екі жылға дейін ұзарту мүмкіндігі қарастырылмақ. Еңбек демалысына қатысты да оң өзгерістер бар. Егер еңбек өтілі 10 жылдан асса – 3 күн, 15 жылдан асса – 5 күн, 20 жылдан асса – 10 күнтезбелік күнге қызметкердің еңбек демалысы ұзартылады.
Әдеп жөніндегі уәкіл еңбек демалысын тиімді жоспарлау және денсаулықты күту мәселесіне де ерекше назар аударды. «Басты байлық денсаулық деп ата-бабамыз айтып кеткендей, біз денсаулықты соңғы орынға ысырмауымыз керек, - деді ол.
- Сіздер күнделікті қызметте жүресіз. Өтінішім әрі ұсынысым ретінде еңбек демалыстарыңызды тиімді жоспарлап, шипажайға баруды, денсаулыққы күтім жасауды дағдыға айналдырсаңыз нұр үстіне нұр».
Сонымен қатар жиында мемлекеттік қызметшілерге арналған жаңа заңнамалық өзгерістер, кәсіби имиджді сақтау, цифрлық мәдениет пен жеке жауапкершіліктің өзара байланысы жан-жақты талқыланып, қатысушылардың да ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
Гүлім Орда,
Бәйтерек ауданы